Жынның әйелін босандырған семейлі акушер әже
16-11-2024
Сәрікті жайлауын қыстап қалатын он шақты отбасы жылқысын тебінге бірге жіберіп, әр үйден бір адам кезекпен бағатын. Үйір-үйір жылқы бір-біріне қосылмай бір атырапта күпсек қарды теуіп, қашан қыс қыспаққа алғанға дейін далада жайылатын.
Бір күні кезек Алтай ақсақалға келеді. Түскі асын ішіп қайта барса, Сәменбектің қара айғырына бір қыз мініп жүр екен. Алғашқыда «Бұл кім болғаны? Көршінің баласы шығар» деген ой келеді. Артынан «Оның мұнда несі бар» деген ойға тағы қалады. Не болса да қасына барып көрейін деп жотаны өрлеп шықса, жылқылар сайға қарай тебіндеп түсіп кетіпті де, бағана ғана көрінген қыз бала ізім-ғайым жоғалып, қара айғыр өзі ғана тұр. Ақ қарда адамның көзі бұлдырап, неше түрлі бейнелер көрінуі ғажап емес қой. Кейде топ ши қасқыр сияқты боп көрініп, мылтық оқтағандар да болыпты. Алтай ақсақал сондай жайдың біріне балайды да, жылы жауып қоя салады.
Ертесінде жылқы бағуға Сәлменбектің өзі шығады. Жылқыны ықта-сынға қайырып тастап, қасқыр ішігіне оранып, қарды нығыздап алып, атының шылбырын астына басып жата кетеді. Ақ даланың төсін бұрқылдатып тепкен тұяқтың дыбысы мен жылқылардың пысқырған дауысын естіп жатып көзі ілініп кетсе керек. Бие сауым уақыт жатқанын өзі де білмейді. Түс көреді. Түсінде жылқыға қасқыр тиіп жатыр екен. Дауыс салып айқайлайын десе үні шығар емес. Мылтығын қолына алып шүріппені басқанымен, атылмайды. Көкжал семіз қара айғырдың тақыр шабынан алмақ болып әрекет еткенімен, онысынан ештеңе шықпайды. Қара айғыр теуіп, тістеп, үйірге жолатпайды. Сөйтіп арпалысып жатқанда оянып кетеді. Басын жұлып алып, жылқы жаққа қараса, бағанағы қасқыр жегелі жатқан айғырдың үстінде біреу отырғандай болады. Өз көзіне өзі сенбей, жайлап орнынан тұрып, жылқыға жақындайды. Қанжығадағы мылтығын еппен алып қайта қараса, әлгі көрінген сұлба жоқ, қара айғыр өзі тұр.
Кеште үйіне келгеннен кейін көрші-қолаңды шақырып, бүгінгі көрген-білгенін түгел баяндайды. Сөйтсе, мұндай жағдайды тек Сәлменбек пен Алтай ақсақал ғана емес, қалған жылқышылар да көргенін, алайда «қорыққанға қос көрінеді» дегендей, жұртқа естіртуге ұялып жүргендерін айтады. Біреуі: «Жылқы иесі Қамбар ата болуы мүмкін»,– дейді. Енді біреуі: «Елсіз жерде жын-шайтан көшеді. Солардың ойнап жүрген баласы да»,– дейді ойын-күлкіге айналдырып.
Бірақ Сәлменбектің келіншегінің ойы арыда болатын. Екі жылдың алдында айдың-күннің аманында жарық дүниемен қоштасқан бойжеткен қызының елесі деп ойлайды. Көршілер сол мезетте Күлбәданы есіне алып, біраз үнсіздікке шомады. Биебау кезінде құлын тартып тұрған талдырмаш нәзік қызды осы қара айғыр қос аяқпен теуіп жазып қылмап па еді. Дәрігер келгенше әлдеқашан жүрегі тоқтап қалған қыздың қайғысы бұл отбасына ауыр тиіп еді. «Малдан өш алудың орны нешік, дәм-тұзы таусылып, жазмыш солай болған шығар»,–деп тоқтау айтқан болатын жұрт.
Көршілер «жылқышы қызды» бірден Күлбәданың елесіне жориды. Ертесі түсте барлығы жиналып, он екіде бір гүлі ашылмай арманда кеткен қыздың басына барып құран бағыштап қайтады.
Алайда елес-қыз топ жылқыны айналсоқтап жүргенін қоймайды. Қар қалың жауып, кейін жылқылар қолға қарайды.
Сәлменбек жазда қара айғырды саудагерлердің үлкен жүк көлігіне салып береді. Бір ғажабы, олар қозыкөш жер жүрмей жатып машинасы бұзылып, айғырды алып кету қиынға соғады. Қалай амалдаса да бір жөнін келтіре алмайды. Қара айғырда бір тылсым күштің барынан алыс-жақындағы ел түгел құлақтанып, тіпті оны көру үшін келетіндер де болыпты. Сол жылы оны соғымға соямыз деп дайындалып жатқанда, үйірді тастап кетіп қалыпты. Айналаны түгел тінтіп қарап, еш жерден таба алмайды. Алысқа ұзап кетуі тіптен мүмкін емес. Өлілер мекеніне құран оқуға барғандар боз тұманның арасында бір жылқының жүргенін байқапты. Әлгі жылқы өзіне жақындаған сайын алыстайтын көрінеді. Қара айғыр енді қыздың бейітін айналсоқтап жүрген сияқты.
Аlashainasy.kz