Шымкентте жаңа саябақ, жаңа гүлзар
Шымкент қаласында абаттандыру, көріктендіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Халықтың сүйікті демалыс орындары көбейіп келеді.
Жуырда мегаполисте қала әкімі Ғ.Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес көне саябақ жаңартылды. Есіл және Камал көшелерінің арасындағы 0,5 га жерді қамтитын аумақтағы қоғамдық орын пайдалануға берілді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлт саулығын жақсарту мақсатында саябаққа 200 ш.м құрайтын заманауи баскетбол алаңшасы, балалар ойын және спорт алаңшалары, 3 әткеншек, 2 теннис үстелі, 1 шахмат үстелі орнатылды. Жаңа серуендеу аймағында 4000 ш.м аумақ көгалдандырылып, шынар, гуджу, каштан ағаш көшеттері мен көпжылдық сәндік гүлдер отырғызылды.
Саябаққа ауызсу бұрқағы, тегін автотұрақ, орындық, қоқыс жәшігі, пергола, жарықшам бағаналары және декоративті тастар орнатылды.
Бұл аумақта 10-нан астам көбқабатты үй мен 500-ден астам жеке тұрғын үй шоғырланған. Шамамен 2000-нан астам тұрғын бар.
Сондай-ақ, мегаполистегі Әл-Фараби ауданы тағы бір гүлзармен толықты. Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, тұрғындарды құттықтады.
Аумағы 0,31 гектарды құрайтын гүлзар А. Диваев көшесінде орналасқан. Мұнда шынар, гуджу, каштан ағаштары мен көпжылдық сәндік гүлдер отырғызылды.
Құрылыс барысында 1031 шаршы метрге мәрмәрдан жасалған аяқжол төселіп, 1014 шаршы метр аумақ көгалдандырылды. Тұрғындар мен қонақтардың қолайлығы үшін 2 велотұрақ, ауызсу бұрқағы және ерекше фотоаймақ та қарастырылған.
Бұдан бөлек, 3 300 адам тұратын 20 көпқабат үй айналасында салынған гүлзарда балаларға арналған әткеншек, шахмат үстелі, теннис үстелі, мәрмәр орындықтар, қоқыс жәшігі, вазон, жарықшам бағаналары, пергола және декоративті тастар орнатылған.
Жергілікті азаматтар жаңа демалыс аймағының салынғанына қуанып, ризашылығын білдірді.