«Жайлы мектептерде» сабақ өту басталып кетті
Республика күні қарсаңында Шымкентте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алғашқы екі мектептің техникалық ашылуы өтті.
«Нұршуақ» шағынауданында орналасқан 2000 орындық жаңа мектепке 1130 оқушы қабылданды, ал «Қарабастау» тұрғын алабындағы 1200 орындық мектепте 950 бала білім алып жатыр. Бұл жаңа мектептерде оқу жылының екінші тоқсанынан бастап сабақтар басталды. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Мектептерде бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке блоктар қарастырылып, балалардың дамуы мен оқуына қолайлы орта жасалған. Ерекше қажеттіліктері бар оқушылар үшін кедергісіз орта ұйымдастырылып, мектептер заманауи пән кабинеттерімен, STEM-зертханаларымен және робототехника сыныптарымен жабдықталған.
Сондай ақ Нұршуақ шағын ауданында орналасқан Мектептің материалдық базасы да жоғары деңгейде: 450 орындық акт залы, 444 оқушыға арналған асхана жұмыс істейді, жалпы 80 оқу кабинеті бар. Мектепке №54, №55 және №136 мектептерінен 1096 оқушы және 79 мұғалім ауысып келді. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары мен турникеттер орнатылған.
Шымкент қаласында 2023 жылы құрылысы басталған 12 жаңа "Жайлы мектеп" оқу мекемелеріне 2024 жылдың 12 маусымында қала әкімінің №2802 қаулысымен ресми атаулар беріліп, олар әділет органдарында тіркелді. Жаңа мектептердің 9-ына директорлар Оқу-ағарту министрлігінің "Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы" кадр резервінен тағайындалды. Қалған 2 мектептің басшылығын уақытша жақын маңдағы мектеп директорларының орынбасарлары атқаруда.
Ашылуға дайындалған 13 мектепке жалпы саны 7187 оқушыны қабылдау жоспарланып отыр, оның ішінде 530 бала бірінші сыныпқа қабылданады. Сондай-ақ, 494 мұғалімді ауысу тәртібімен жаңа мектептерге орналастыру көзделген. Оқушылардың білім алуын қамтамасыз ету мақсатында жаңа мектептерге басқа мекемелерден 9249 дана оқулық жеткізіледі.