Шымкентте ФИДЕ Гран-приінің екінші кезеңі аяқталды
Шымкент қаласында өткен әйелдер арасындағы 2024-2025 жылғы ФИДЕ Гран-приінің екінші кезеңінде Қазақстанның шахмат жұлдызы Бибісара Асаубаева 3-ші орынға ие болды. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қызықты әрі тартысты өткен 9 турдың нәтижесінде Бибісара әлемнің ең мықты шахматшыларымен бәсекеге түсіп, өз шеберлігін дәлелдеді.
9 турдан тұратын тартысты жарыста 7 ұпаймен Ресей гроссмейстері Александра Горячкина бірінші орынды иеленсе, 6½ ұпаймен Қытайдың экс-әлем чемпионы Тань Чжунъи екінші орынға шықты. Ал Қазақстанның әйелдер құрамасының көшбасшысы, 45-ші Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының күміс жүлдегері Бибісара Асаубаева 5 ұпаймен 3-ші орынды жеңіп алды.
Турнирдің жабылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, KazChess бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов және ФИДЕ өкілдері қатысты. Қуаныш Асылов өз сөзінде бұл жарыстың тек спорттық бәсекелестік ғана емес, сондай-ақ әйелдер шахматын дамыту мен жаңа таланттарды ашуға ықпал еткенін атап өтті.
ФИДЕ Гран-приінің әр кезеңінің жүлде қоры 80 000 еуроны құрайды, ал турнирдің жалпы жүлде қоры $600 000-ға жетеді. Бибісараның бұл жетістігі Қазақстан шахматын әлемдік аренада танытуға үлкен үлес қосып, жас спортшыларға зор мотивация береді.
Айта кетері Бибісара Асаубаева биыл тамызда Грузия астанасы Тблисиде өткен шахматтан гран-при кезеңінде күміс медаль жеңіп алған болатын. Жарыстың бұдан кейінгі кезеңі Шымкент қаласында ұйымдастырылды. Әйелдер арасындағы ФИДЕ Гран-приінің жүлде қоры салмақты турнир. Алтф кезеңнің әрқайсысының қоры 80 мың еуроға тең. Бірінші орын алған шахматшыға оның 18 мыңы табыс етіледі. Екінші орынға -13 мың еуро.