Шымкентте «Цифрлық драйвер» форумы өтті
Шымкентте циярлық технологиялар саласында жаңа идеялар мен жобалар талқыға салынды.
Қалалық цифрландыру басқармасының ұйымдастыруымен «Цифрлық драйвер» атты форум өтті. Бұл шараға IT саласының жетекші компаниялары, сала мамандары мен сарапшылар қатысып, жақында ашылған «Shymkent Hub» ғимаратында өздерінің жаңа жобаларын таныстырды. Сонымен қатар, форумда Shymkent Hub мүмкіндіктері мен қалада IT саласын дамытудағы жұмыстар кеңінен талқыланды.
«Shymkent Hub» – бұл идеяларды жүзеге асыру мен тәжірибе алмасуға арналған алаң. Алғашқы күні қалалық жастар ресурстық орталығында өткен форум бүгін технопаркте жалғасты. Шараның басты мақсаты – цифрлық технологиялар саласында алдыңғы қатарлы идеялар мен тәжірибелерді бөлісу, қаланың IT экожүйесін дамыту, цифрлық сауаттылықты арттыру.
Форумның ашылуында Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов сөз сөйлеп, өңірлік технопаркте тұрақты түрде өтіп жатқан тренингтер мен семинарлардың салаға серпін беріп отырғанын атап өтті. Хабқа келуші тұрғындардың өз идеяларын дамытуға барлық мүмкіндігі бар екенін де айтты.
Іс-шара барысында «Huawei technologies», «TAP GO», «Dahua technology», «Alaqan» сияқты жетекші компаниялар өздерінің заманауи жобалары мен шешімдерін таныстырды. Форумның негізгі мақсаты – жаңа технологияларды қолдануға ынталандыру, цифрлық трансформация бойынша сарапшылар қауымдастығын құру, IT саласының дамуына қызығушылық танытқан жастар мен кәсіпкерлерді бір алаңда біріктіру.
Шара аясында цифрлық технологиялар саласындағы үздік тәжірибелер мен әдістемелер талқыланып, қатысушыларға IT өнімдер мен жобалар таныстырылды. Әртүрлі танымдық ойындар мен көрмелер ұйымдастырылып, форум қатысушылары цифрлық жаңалықтармен жақын танысу мүмкіндігіне ие болды.