Шымкент: Ең үлкен жылыжайдың құрылысы 2026 жылы аяқталады
Бұған дейін ақпарат құралдарында хабарланғандай, Шымкентте Орталық Азиядағы ең үлкен жылыжай салынуда. Бұл жөнінде Шымкент қалалық әкімдігі инвестормен келісімге тамыз айында қол қойған болатын. Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков “Бозарық” индустриялық аймағында болып, осы алып нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты.
Қазіргі таңда инвестор жер жұмыстарын жүргізіп жатыр, кезең-кезеңімен бетон құю мен болат конструкцияларын монтаждауға кіріседі. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылы аяқталады.
Ауқымды инвестициялық жобаның құны 650 млн АҚШ долларын құрайды, ал жалпы ауданы 650 гектар. Жобаның бірінші кезеңі іске қосылғаннан кейін 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады, толықтай аяқталған соң 5 мың жұмыс орны құрылады. Жылыжайдың жылдық жалпы өндірістік қуаттылығы 155 мың тонна қызанақ болады деп күтілуде.
Қала әкімі жұмыс барысымен танысып болған соң, жобаны жылдам жүзеге асыру мақсатында инфрақұрылым қуатын арттыру үшін жауапты тұлғаларға толық қолдау көрсетуді тапсырды.
Сонымен бірге айта кетері, Шымкентте бүгінде көлік жолдарын бақылау жүйесі енгізілуде. Мегаполисте автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3897 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта қалада Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірінші, үшінші және төртінші кезеңдер аяқталып, пайдалануға берілді, ал екінші және бесінші, алтыншы кезеңдердің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, Өтегенов көшесінің жалғасын салу жұмыстары да аяқталып, жақын арада автокөлік қозғалысына ашылады.
Қала әкімі А-2 айналма жолын қайта құру барысын ерекше бақылауда ұстап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар сегіз кезеңнен тұрады. Оның ішінде бірінші, екінші және үшінші, төртінші кезеңдері аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл сегізінші кезеңін аяқталып, іске қосылады деп жоспарлануда. Ал бесінші, алтыншы және жетінші кезеңдер келесі жылы жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, Байдібек би даңғылындағы жол қозғалысын оңтайландыру және кептелістерді азайту мақсатында биыл Алтынсарин көшесін қайта құру және Сареми, Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа қоныс, Изенді көшелерін күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
Сонымен қатар, мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен жолдың құрылыс сапасын бақылау және жақсарту мақсатында Шымкент қаласының автомобиль жолдарын кешенді тексеру және техникалық есепке алу, жол мәліметтерінің электронды базасын құру және жолды бақылау жүйесін енгізу жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа зерттеу түрі қала жолдары мен нысандарының техникалық жағдайын талдауға, оларды паспортизациялау мен диагностикадан өткізуге, әрі бұл мәліметтерді жол деректерінің электрондық базасына енгізуге мүмкіндік береді. Автомобиль жолдарын паспортизациялау жол құрылыстарының ұзындығы мен техникалық сипаттамалары, инженерлік жабдықтар мен жол жағдайы туралы объективті мәліметтер алу мақсатында жүргізіледі.