Референдумда болашақ үшін шешім қабылдануда
Шымкент қаласы Ақжайық шағынауданындағы «Тұлпар» балабақшасында №218 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Аталған учаскеге қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев пен Шалатай Мырзахметов отбасыларымен бірге келіп, өз таңдауларын жасады.
–Бүгін халқымыз атом электр станциясының құрылысына байланысты маңызды шешім қабылдайды. Бұл еліміздің болашақ эқоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін шешім болмақ. Халқымыз ынтымақ-бірлігін көрсетіп, еліміздің болашағына оң әсер ететін шешім қабылдайы деп сенемін, - деді Ш.Мырзахметов.
Ал, қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев ел тағдырына жаны ашитын азамат ретінде референдумға белсенді түрде қатысып, өзінің азаматтық ұстанымын білдіруге келгенін айтады.
Айта кетейік, Шалатай Мырзахметов – қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің бірнеше шақырылымдағы депутаты болса, Орынбай Рахманбердиев – үшінші шақырылымдағы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, халықаралық байланыстар, қауіпсіздік және қорғаныс ісі комитетінің мүшесі болған.
Елімізге белгілі боксшы, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков атом электр станциясының құрылысы жөніндегі республикалық референдумға қатысып, дауыс берді.
Даңқты спортшы Қазақстанның болашақта орнықты түрде дамып, өсіп-өркендегенін қалайтынын, сондықтан осы жолда еліміздің ауқымды энергетикалық дағдарысқа тап болмауы үшін осынау маңызды мәселе бойынша өзінің пікірі мен көзқарасын білдіріп, таңдауын жасауды азаматтық борышы деп есептейтінін айтады.
–Бүгінгі күн біздің отбасымыз үшін мереке секілді басталды. Таңертеңнен Шымкент қаласы Қайтпас шағынауданында орналасқан №270 референдум учаскесіне келіп, өз таңдауымызды жасап, дауыс бердік. Бүгін халқымыздың қабылдайтын шешімі еліміздің, балаларымыздың жарқын болашағына жол ашады деп сенемін, - деді Мұхтархан Қабланбекұлы.
Айта кетейік, Мұхтархан Ділдәбеков – Шымкент қаласындағы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, аса ауыр салмақта Олимпиада ойындарының және әуесқой бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, «Парасат» орденімен иегері.
Шымкент қаласында референдумға келген азаматтардың көңіл-күйін көтеріп, белсенділігін арттыру мақсатында түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Атап айтқанда, қаладағы бірқатар референдум учаскелерінде тұрғындар арасында әртүрлі ұлттық ойындар мен спорт түрлерінен сайыстар өтіп жатыр.
Шымкент қаласының №1 олимпиада резервін дайындау спорт мектебінде орналасқан №107 референдум учаскесі орналасқан. Мұнда таңертеңнен бастап дауыс беруге келген азаматтардың легі толассыз жалғасып жатыр. Мұнда келген азаматтар гір тасын көтеру, асық ату секілді ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырылды.
Тұрғындар дауыс беруге көтеріңкі көңіл-күймен келіп, ұлттық ойындар бойынша сайыстарға белсенді түрде қатысты. Ұйымдастырушылар спорттық сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне естелік сыйлықтар табыс етті.