М.Отарбаев: Кітап оқыған жастар өз ұлтын сүйеді
Шымкент қаласының жастар ресурстық орталығында ҚР Президентінің кеңесшісі М.Отарбаевтың жастармен кездесу шарасы өтті. Бұл кездесудің мақсаты – жастардың қоғамдағы өзгерістерге қатысуын және саяси өмірге араласуын ынталандыру.
Спикер жастарды кітап оқуға, білім алуға және қоғамдық сананы дамытуға шақырды. «Біз кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Кітап оқыған жастар өз ұлтын сүйеді, өмірге деген құштарлығы артады», – деді М.Отарбаев.
Кездесу барысында алдағы Референдумның және Президент Жолдауының негізгі аспектілері түсіндіріліп, жастарды белсенділік танытуға шақырды. Қатысушылар референдумға дайындықты жеделдету мен жастар арасында ақпараттық жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті.
Жалпы, бұл шара жастардың қоғамдағы рөлін арттыруға және оларды белсенді азаматтар ретінде тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Айта кетері, биыл Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
-- Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет,--деп атап өткен болатын.