Шымкент: Жастар арасында кітап талқылау басталды
Шымкентте жастар арасында әдеби орта қалыптастыру, жас ұрпақтың көркем шығармаға деген қызығушылығын оятатын тың жоба қолға алынуда.
Мегаполисте «Сенің ортаң” жобасы аясында Дулат Исабековтің танымал “Сүйекші” шығармасына арналған жиын өтті. Жастар жобасына қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің өзі қатысты.
Шараның мақсаты – қазақ әдебиетінің маңызды шығармаларын кең аудиторияға таныстыру және әдеби талқылау арқылы қоғамдық пікірді қалыптастыру, сондай-ақ, әдеби талқылаулар арқылы қоғамда мәдени диалог орнату. Сонымен бірге бұл жоба әдебиет саласындағы маңызды мәселелерді көтеру арқылы оқырмандардың мәдени білімін арттыруды көздейді.
Дулат Исабеков шығармаларын жастар ерекше қызығушылықпен оқитын жазушы. Оның «Қарғын» романы, «Гауһартас», «Дермене», «Тіршілік» сияқты танымал туындыларының қатарында "Сүйекші" де бар. «Сүйекші» повесіндегі басты философиялық ой – қауқарсыз жалғыздық. Кедей отбасында өмірге келген Тұңғыштың ештеңеге ұмтылмай, ешқандай мақсатсыз өмірден өтуінің сыры айтылады. Шығармада қазақ қоғамының әлеуметтік мәселелері, тұлғалық қақтығыстар мен моральдық дилеммалар терең сипатталады.
Жиналған жастарды арасында осы шығарманың негізгі тақырыптары мен идеяларын талқыланып, қазіргі жастардың тұрмыс-тіршілігін сөз ете келе ұсыныстары да айтылды .
Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен шарада оқырмандар мен әдебиет сүйер қауым шығарманың өзектілігін, оның әдебиеттегі орны мен қазақ қоғамындағы рөлін талқылауға белсенді қатысты.
Жастарға рухани өмірге, әдебиетке қарай жетелейтін осындай жобалар мегаполисте жалғаса береді.