Ғ.Сыздықбеков: Қоршаған ортаны қорғауға өз үлесімізді қосуымыз қажет
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда халыққа арнаған Жолдауында:
--Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет. Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек. «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті,--деп атап өткен болатын.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков әріптестерімен және қала тұрғындарымен бірге «Таза Қазақстан» жобасы аясында сенбілікке қатысты. Бұл жолы тазалық жұмысын қатысушылар қалалық дендросаябақтың аумағын қоқыстан тазартып, ағаштарды санитарлық кесу жұмысын жүргізді.
«Мұндай іс-шаралар табиғатқа деген қамқорлық мәдениетін қалыптастырып, экологиялық жағдайды жақсартуға септігін тигізеді.
Әрқайсымыз қоршаған ортаны қорғауға өз үлесімізді қосуымыз қажет. Ал мұндай бастамалар азаматтардың өз ортасына деген шынайы қамқорлық сезімін қалыптастыруға көмектеседі»,-деді қала әкімі.
Жалпы қазіргі таңда елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастаманы шымкенттіктер қолдап, әр аптада өтетін тазалық шараларына белсене атсалысып жүр. Бұл үрдіс жалғаса беретін болады.
Өйткені, мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұл уақытша шара емес, жаңа мәдениет пен қоғамдық этиканы қалыптастыруға ықпал ететін тұрақты тәжірибеге айналуы тиіс екенін атап өтті.