Референдум—жалпыұлттық диалогтың көрінісі

Oinet.kz 05-09-2024 271

12.jpg 

Жуырда халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

-- Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын. Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз,-деп атап өтті.

АЭС салу мәселесі жуырда Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚУ- да өткен жиында талқыланды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысты.

Басқосуда Жолдаудағы айтылған мәселелер сөз болып, оның ішіндегі негізгі мәселе Қазақстанда АЭС салу туралы айтылды. Жиын барысында баяндамашылар АЭС-ті пайдаланудың халықаралық тәжірибесіне және оның еліміздің энергетикалық секторын дамыту үшін маңыздылығына тоқталып, бұл құрылыстың болашақ үшін қажеттіліктен туындағанын жеткізді. Сондай-ақ, бүкілхалықтық референдум өтетіні де айтылды.

- Президентіміз АЭС салу мәселесі бойынша референдум өткізу қоғамда бір жылдан бері талқыланып жатқанын айтып, бұл «азаматтардың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім» деген болатын. Соған байланысты референдум 6 қазанда өтетіні белгілі болды. Енді ел болып, белсенділік көрсетіп, сол референдумға атсалысайық, - деді Сәрсен Абайұлы.

АЭС тақырыбында баяндама оқыған профессор Рамиль Илясов АЭС жұмысын ғылыми тұрғыдан түсіндіріп, халық арасындағы атомға байланысты орын алған қорқыныш пен үрейден арылу керектігін айтты. Сондай-ақ, оқу орнының ғалымдары АЭС энергиясы тұрақты және экологиялық қауіпсіз екендігін, әлемде атом стансалары дамыған технологиямен салынғанын алға тартып, пікірлерін айтты. Сөз арасында осы бағытта жұмыс істейтін мамандардың да тапшылығы айтылып, білікті мамандар дайындауды қолға алу керекті сөз болды.

Жиын соңында Жолдауды насихаттауға жиналғандар референдумның ашық та, әділетті өтуіне атсалысатындықтарын жеткізді.


Шымкентте 330 жоба іске асырылады
Шымкентте тағы бір Студенттер үйі пайдалануға берілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу