Қарашада Шымкентте Орталық Азия театрларының фестивалі өтеді

Oinet.kz 28-08-2024 385

12.jpg 

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте биыл 95 жылдығын тойлап жатқан Жұмат Шанин атындағы театрдың тарихына қатысты тың деректер айтылды.

Жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары - С. Құранбек, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты - Ғалымжан Елшібай, Қазақстан жазушылар одағының Шымкент қаласы өкілдігінің басшысы - Момбек Әбдәкімұлы, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі - Сая Қасымбек, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі – С.Сраил қатысып, театрдың бай тарихына тоқталып, осы жылдар ішінде өнер ордасында қызмет еткен, оның дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы туралы тың деректер мен естеліктерімен бөлісті.

 Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының тарихы тереңнен бастау алады, бұл жайында архивтік құжаттардан алынған деректер дәлел бола алады. Ең маңызды құжаттардың бірі – 1929 жылдың 28 қыркүйегінде бекітілген «Шымкент қалалық қазақ драма театрының сахнасын жабдықтау бойынша материалдық-шаруашылық шығындар жөніндегі алдын ала смета» құжаты. Бұл құжатқа сәйкес, театрдың сахнасын жабдықтауға 7 589 рубль қаражат бөлінген.

Сонымен қатар, архивтен табылған тағы бір маңызды құжат – 1940 жылдың 27 қаңтарында жасалған Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрының 1939 жылғы жұмысына жүргізілген ревизияның қортынды актісі. Бұл актіде театрдың директоры Л.И.Берещук 1932 жылдан бастап қызмет атқарғаны көрсетілген. Осы деректер Шымкенттегі қазақ драма театрының ресми ашылу мерзімінің 1934 жыл емес, 1929 жыл екендігін дәлелдейді.

Театрдың ашылуы кездейсоқ емес. Алаш қайраткері, драматург және публицист Жүсіпбек Аймауытов Шымкентте драма үйірмесін ашып, кәсіби театр мамандарын оқытып, қазақ ұлттық театрының қалыптасуына елеулі үлес қосқан. Осы театрда Хадиша Бөкеева, Әмина Өмірзақова сынды ұлы тұлғалар өнер көрсетті.

Осы деректерді ескере отырып, биыл Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 95 жылдық мерейтойын атап өту жоспарлануда. Мерейтой аясында қараша айында Шымкент қаласында Орталық Азия театрларының ІХ фестивалі өтеді деп күтілуде.


Ж.Шанин театрының тарихына қатысты тың деректер табылды
Сақтықта қорлық жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу