Шымкенттің әкімі тұрғындарды қабылдады
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жыл басынан бері бірқатар нысандарды аралап, тұрғындармен арнайы кездесіп жүр. Кезекті тұрғындармен кездесу - "Бозарық" шағынауданында жалғасын тапты. Онда елдімекеннің орналасу жоспарына өзгерістер енгізу, шалғай көшелерге табиғи газ бен кәріз жүйесін жүргізу мәселелері талқыланды. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Әкім Абай ауданындағы «Қамқорлық» №8 балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығына да барды. Орталықтың жағдайын тексеріп, қызмет алатын балалардың ата-аналары үшін жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
«Нұршуақ» шағынауданындағы «Жайлы мектептің» құрылысымен танысқан әкім мердігер ұйымға жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтауды міндеттеді.
Сондай-ақ, «Алтынтөбе» тұрғын алабындағы көкөніс пен жемістерді өңдеп, консерві шығаратын кәсіпорынға барып, тауарларды сатуға қолдау көрсету қажеттігін айтты.
Ал «Қызылжар» шағынауданының тұрғындары әкімге табиғи газ, ауыз су және электр қуатымен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Инфрақұрылымдық жұмыстарды жеделдету тапсырылды.
Аралау барысында әкім «Ақтас» шағынауданындағы қаңғыбас жануарларға арналған орталықты тексеріп, жануарларды ұстау ережелерін қатаң сақтауды ескертті.
Сондай-ақ, шаһар тұрғындарының өзекті мәселелері мен ұсыныстары тікелей қала әкімінің қабылдауында қарастырылды. Ғабит Сыздықбеков «Amanat» партиясының филиалында азаматтарды қабылдап, тұрғын үй, жер қатынастары, кәсіпкерлік және көлік инфрақұрылымы сияқты маңызды салалардағы мәселелерді талқылады. Тұрғындар қаладағы су құбырларының өткізу мүмкіндігін арттыру үшін автоматты тазарту станциясын орнату қажеттілігі туралы өз ұсыныстарын білдірді.
Шаһар басшысы әріптестерімен бірге қала әкімдігінде 120-дан астам азаматты қабылдады. Тұрғындар білім беру, әлеуметтік көмек көрсету, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер телімдерін заңдастыру мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, ерекше балаларға арналған мектеп салу, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жобаларын таныстырды.
Ғабит Сыздықбеков азаматтардың барлық ұсыныстарын мұқият тыңдап, тиісті шешімдер қабылдады. Қала әкімі әрбір мәселенің бақылауда болатынын және заң шеңберінде шешілетінін баса айтты. Аудан әкімдері мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуын қатаң қадағалау жүктелді.