«Shymkent Hub» технопаркі іске кірісті
Шымкент қаласында «Shymkent Hub» өңірлік технопаркінің ашылу салтанаты өтті. Оған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков және Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев қатысты. Жаңа орталықтың басты мақсаты - технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, стартап-мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ IT-саласын және цифрлық білім беруді қолдау. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Ашылу барысында IT-стартаптар, IT-компаниялар, робототехника мектептері және Tech Orda бағдарламасына қатысатын жеке IT-мектептер, сондай-ақ Шымкент қаласының инновациялық жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.
«Shymkent Hub» өз кезегінде «Astana Hub» білім беру және инкубациялық бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған платформа ретінде қызмет атқарады. Бұл орталықта белсенді IT-қоғамдастықтың дамуына ықпал ететін түрлі іс-шаралар өткізіледі.
Стартап-жобаларды әзірлеу кезінде қатысушылар кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, инвестиция тарту, қаржылық есеп жүргізу және басқа да маңызды дағдыларды үйренеді.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында өңірлік деңгейде инновациялық экожүйені кеңейтудің маңыздылығын атап өткен болатын.
Айта кетері, бүгінде Шымкент қаласында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және заманауи технологияларды пайдалану мақсатында қоғамдық орындарды тегін Wi-Fi желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2023 жылы бұл бастама аясында қаладағы 20 қоғамдық орынға 55 Wi-Fi құрылғысы орнатылған болатын. Ағымдағы жылы қосымша тағы 5 қоғамдық орынға - 15 Wi-Fi құрылғысы орнатылып, жалпы саны - 70 Wi-Fi құрылғысы іске қосылды. Бұл қала тұрғындарына кез келген қоғамдық орында интернетке оңай қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Тегін Wi-Fi желілері қала тұрғындары мен қонақтарына көптеген артықшылықтар ұсынады. Олар қоғамдық көліктерде, саябақтарда, алаңдарда, мәдени орталықтарда және басқа да орындарда интернетке қосылып, қажетті ақпаратты жылдам алуға, жұмыс істеуге, білім алуға, немесе жай ғана әлеуметтік желілерде уақыт өткізуге мүмкіндік береді. Қаламызда Бәйдібек би, Әкімдік алаңы, Аэропорт, Дендросаябағы, Нұрсат аллеясы, Назарбеков көшесіндегі гүлзар т.б. жерлерге орнатылды.
Сонымен қатар, қала тұрғындары үшін «2GIS» қосымшасында арнайы бөлім енгізілді. Бұл бөлімде жедел қызметтердің байланыс нөмірлері, олардың орналасқан жері және қаладағы тегін Wi-Fi желілері туралы толық ақпарат көрсетілген. Мұндай шешім қала тұрғындарының қажетті ақпаратқа жылдам қол жеткізуін жеңілдетеді және қаланың цифрлық инфрақұрылымын дамытуға септігін тигізеді.