Шымкент: Шаһар басшысы маңызды нысандарды аралады
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһарды кезекті аралау барысында бірқатар маңызды нысандарды тексеріп, олардың жағдайымен танысты.
Ең алдымен, Қаратау ауданындағы Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананы аралап, кітап қорын, әсіресе шет тіліндегі балалар әдебиетін көбейту қажеттігін айтты.
Шаһар басшысы А-2 автожолын қайта жаңғырту жұмысының 6-7 кезеңін және Өтегенов көшесінің жөндеу жұмыстарын да қарап шықты. Мердігерлерге жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру мен көгалдандыруға ерекше назар аударуды тапсырды. Айта кетері, бүгінде Ташкент-Алматы бағытындағы қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын 6 жолақты етіп қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 31 шақырым, жол құрылыс жұмыстары 8 кезең бойынша атқарылуда. Қазіргі уақытта Төлеметов көшесінен бастап Бадам өзеніне дейінгі аралық - 1-4 кезеңдердің құрылыс жұмыстары аяқталған. 5-8 кезеңдері бойынша реконструкциялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы құрылыс жұмыстарын толық аяқтау 2025 жылдың соңына жоспарланған.
Сонымен бірге мегаполис көшелеріндегі көлік кептелісін азайту мақсатында жол таңбалары жаңартылып, бағдаршам, жол белгілері мен оң жақ өткелдер салынуда. Жібек жолы-Сайрам көшелері мен Ибрагим ата-Сареми көшелерінің қиылысына оң жақ өткелдер ұйымдастырылуда. Бұл шаралар осы аумақта кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.
Қала басшысы сондай-ақ, Тұран ауданының "Жаңаталап" тұрғын алабындағы жаңа көпір құрылысын тексеріп, жұмыстардың кестеге сай жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жауапты мамандарға жұмыстың сапасы мен мерзімін сақтау қажеттігін ескертті.
Қала әкімі Тұран ауданындағы қоқыс полигонында болып, оның жұмысын ұйымдастыру барысын бақылап, қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау және кәдеге жарату мәселелерін талқылады.
Жаяу аралау кезінде қала басшысы Әйтеке би, Төле би көшелерінің, "Ордабасы" алаңының, "Көл" және "Шәмші Қалдаяқов" саябағының санитарлық жағдайын тексеріп, аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына аумақтың тазалығын қамтамасыз етіп, анықталған кемшіліктерді жедел түрде түзетуді тапсырды.