«Таза Қазақстан»: Жерасты өткелерінде тазалық жұмыстары жүргізілді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы Шымкентте белсенді түрде жүргізілуде. Жуырда мегаполистің Әл-Фараби ауданында сенбілік ұйымдастырылды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Экологиялық тазалық акциясы аясында Әл-Фараби ауданы аумағындағы Текесу елді мекенінде санитарлық тазалау, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жалпы, шөптерді ору, ағаштарды қырқу, иригациялық жүйелер мен көшелерді тазалау, сыпыру, ойын алаңшаларын ретке келтіру жұмыстары атқарылды. Жалпы санитарлық шараларға 15 арнайы техника, 180-ге жуық адам жұмылдырылып, 7 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Сонымен қатар, аудандағы басты көшелердегі аялдамар мен көпқабатты тұрғын үйлер аулаларында орналасқан қоқыс алаңшаларына санитарлық жуу, қураған ағаштарды қырқу, шөптерді ору, ағаштар мен гүлдерді суғару жұмыстары да тұрақты түрде жүргізілуде.
Айта кетері, бұған дейін Шымкенттің Абай ауданында жерасты өткелдерінде тазалық жұмыстары жүргізілген болатын.
Абай ауданы аумағында орналасқан жерасты өткелдеріндегі санитарлық тазалық жұмыстары «Абай» КММ-і тарапынан тұрақты түрде күндізгі және түнгі кезекшілік бойынша атқарылуда.
Жалпы қаланың келбеті - сәулетті үйлер мен жасыл саябақтармен шектелмейді. Қаланың ажары оның тазалығына да байланысты. Сондықтан, акция аясында бұл бағыттағы жұмыстар аудандағы елдімекендер мен көпқабатты тұрғын үйлер аулаларында кестеге сәйкес жүргізілуде. Бұл жұмыстардың барлығы қаланың тұрғындары мен қонақтары үшін таза әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Айта кетейік, ауданға қарасты 6 жерасты өткелі бар. Атап айтсақ, А-2 айналма жолы, Жиделібайсын көшесі, Темірлан тас жолы, Алаш базары алдындағы және Бекжан базары маңында, сонымен қатар, Төлеметов және Бәйдібек би көшелерінде орналасқан.