Емхананы таңдау өз еркіңізде
Шымкент қаласының тұрғындарына 58 бастапқы медициналық-санитарлық ұйымдар көмек көрсетеді, оның ішінде 14 мемлекеттік емхана (606 мың адам) және 44 жеке емханалар (620 мың адам). Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брфиингте Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев айтып берді.
2023 жылы 3 жаңа емхана ашылып, 26 мың халық тіркелсе, 2024 жылы 6 жаңа емхана ашылып, 27 мың халық тіркелген.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 қарашадағы № ҚР ДСМ-194/2020 «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына жеке тұлғаларды бекіту қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, емханаға тіркелуге өтініш беріп, «Электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы электронды түрде тіркеле алады.
МСАК ұйымына еркін тіркелуді таңдаған кезде, олардың осы ұйым мамандарының үйде қызмет көрсету мүмкіндігі алдын ала келісіледі және тіркеу куәлігінде (талонында) көрсетіледі. Науқан кезеңінде тіркелген халыққа жаңа әлеуетті жеткізушілермен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қызмет көрсету келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетуге шарттар жасалған жағдайда жүзеге асырылады.
Тіркеу науқаны – емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі емес. Жылына бір рет еркін таңдау құқығымен қатар, адам тұрақты немесе уақытша тұратын жерін, жұмыс немесе оқу орнын ауыстырған жағдайда, басқа елді мекенге көшсе немесе ол тұрған емхана қайта ұйымдастырылса, жойылса және басқа да жағдайларда емхананы ауыстыруға құқылы.
Емхана таңдауда басты ескеретін жайт – ол үйден 15-20 минут уақытта жаяу жететін жерде орналасқаны жөн. Барлық емхана аумақтық қағидат бойынша жұмыс істейді және пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған кезде ғана үйде медициналық көмек көрсетіледі. Бұл учаскелік дәрігердің немесе мобильді бригаданың көмегі қажет болған жағдайда оның жедел жетуіне, сондай-ақ, отбасы мүшелерінің бір дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді.
Азамат электрондық үкімет порталы арқылы бекітуге өтінім берген кезде бекіту немесе бекітуден дәлелді бас тарту 1 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Қазіргі кезде тіркелген емхананың жұмысы қанағаттандырмаса, емхананы еркін таңдау арқылы басқасына ауысуға үлкен мүмкіндік болып табылады. Аталмыш акция жыл сайын өткізіледі. Тіркеу науқаны және емхананы еркін таңдау мүмкіндігі консультациялық-диагностикалық қызмет, ауруханаға жатып емделу. Кез келген жоспарлы медициналық қызметтердің көрсетілуіне және көптеген басқа да медициналық жолдамаларды қоса алғанда, денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмек алуға құқық береді.
Егер азаматтар емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланбаса, олар өздеріне бұрын қызмет көрсетілген МСАК ұйымына бекітілген болып қалады.