Шымкент: Жол таңбалары жаңартылуда

Oinet.kz 23-07-2024 578

21.jpg 

Шымкент көшелерінде жол таңбалары жаңартылуда. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы нақты жол саласын дамыту бағытында жұмыс атқарады. Соның бірі - қала аумағындағы жол көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Осыған орай, жол белгілері, жасанды жол кедергілері орнатылып, жаяу жүргіншілер өткелдері мен жол таңбалары сызылады. Салаға жауапты мамандар күнделікті қала көшелерінде зерделеу жұмыстарын атқарып келеді.

Бүгінгі таңда да Шымкент көшелерінде жол таңбаларын сызу жұмыстары жалғасуда. Жол таңбалары кезең-кезеңімен сызылып жатыр.

Ал бұл жұмыстар көлік қозғалысына кедергі келтірмес үшін түнгі уақытта атқарылады. Қазіргі таңда Рысқұлов көшесінің жол таңбаларын қайта жаңарту жұмыстары түнгі уақытта жүргізілуде.

Қазіргі кезеңде қалада асфальт жолдың ұзындығы – 2312,3 шақырымды құрайды. Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сәйкес, биыл 1 100 шақырымға жуық жол таңбалары сызылады. Осыған дейін оның 167 шақырымы жүргізілген болатын.

Сонымен бірге Шымкентте жолдарды күтіп ұстау, жаңғыртуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жалпы қолданыстағы автомобиль жолдары мен тротуарларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ қозғалысты ұйымдастырудың техникалық құралдары: жол белгілері, бағдаршамдар орнатылуда.
Қала аумағында бүгінде 1886 аялдама бар. Оның ішінде ескі үлгідегісі – 838, 500-і жаңа аялдама. Биыл қоғамдық көлік аялдамаларын жаңарту жұмыстары жалғасады.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін қосымша 4 мың жол белгісі, 39 бағдаршам орнатылып, 10 мектеп жанынан трапеция тәрізді жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылады деп жоспарлануда. Қала көшелерінің қауіпті учаскелеріне, мектептер мен балабақшалардың маңына 1500 метр жасанды жол кедергілері орнатылады.
Жол қиылыстары мен көлік өткізу қабілетін арттыру мақсатында жыл соңына дейін 190 бағдаршам нысанында интеллектуалды көлік жүйесін енгізу жоспарлануда. Жоспар бойынша 2026 жылға қарай қаладағы барлық бағдаршамдар толық интеллектуалды көлік жүйесі ITS-ке қосылады.


Шымкент: Жылу маусымына дайындық 1 қыркүйекте аяқталуы тиіс
«Мерейлі отбасы»: Шымкенттен Сыдықовтар отбасы жолдама алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу