Көкпар төрешілері Шымкентте бас қосты

Oinet.kz 22-07-2024 587

18.jpg

Көкпар спортының төрешілері Шымкентте бас қосып, халықаралық семинар-тренинг өткізуде. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Шымкентте қыркүйек айында Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтуіне байланысты көкпар спортының төрешілеріне арналған халықаралық тренинг-семинар басталды.

Халықаралық тренингке Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия, Мажарстан, Грузия, Пәкістан мемлекеттерінен, жалпы 35 төреші қатысуда.

– Халықаралық семинар-тренингтің алғашқысы Шымкентте ұйымдастырылып отыр. Іс-шараны өткізудегі мақсат – төрешілердің біліктілігін арттыру, біздің көкпардың ережелерімен егжей-тегжейлі таныстырып, жарысты жоғары деңгейде өткізу. ҚР көкпар федерациясымен бекітілген бірқатар ережелер бар. Соған сай мамандар біліктілігін арттырады.

Сондай-ақ, биылғы ойындардың қатарына Қырғыз елінің көкбөрі спорты да қосылды. Көкпар ойынына 10-нан астам ел қатысады, – деді, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Мұратбек Сұлтанбекұлы.

Айта кету керек, Түркістан облысы және Шымкент қаласының көкпаршылары Ұлттық құрамамен бірге жаттығу жиындарына қатысып жатыр. Дүбірлі додаға қатысатын көкпаршылар жаттығудан кейін белгілі болады. Ал 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 21 спорт түрі бойынша 90 елден 2000-нан астам спортшы сайысқа түседі. Бүгінде көшпенділер ойындарына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары  8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Астананың барлық ауданында алдағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындық жүріп жатыр. Спорт жарыстары мен мәдени іс-шараларға 100 мыңнан астам турист келеді деп күтіліп отыр.


Шымкент: Жаңа спорттық нысандар пайдалануға беріледі
Шымкент: Аппарат мәжілісінде қоғаммен байланыс мәселелері талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу