Сенат төрағасы Шымкенттің белсенді жастарымен кездесті
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Шымкентте өткен кездесуінде мегаполистегі өзекті түйткілдер, нақты айтқанда, инфрақұрылым және логистика мәселелерін шешу барысы талқыланды. Аталған проблемалардың оң шешімін табу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі де сөз болды. Бұл туалы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Шымкентте жедел шешуді қажет ететін маңызды мәселелер бар. Бұл, ең алдымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық сауда-логистикалық орталығын салуға қатысты екенін атап өткен жөн. Батыс айналма жолын және басқа да бағыттардағы жолдарды салу да негізгі міндет. Шымкент үшін мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығының құрылысы да өзекті. Сондықтан алдағы сессияда республика бюджетін қараған кезде сенаторлар аталған басымдықтарды және мәслихат депутаттарының ұсыныстарын назарға алады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сапар барысында Сенат Төрағасы шаһардың белсенді жастарымен кездесіп, реформаларды іске асыруда және Шымкенттің дамуында жас буынға жүктелетін міндеттер жөнінде айтты. Ол өз сөзінде жас қазақстандықтарды қолдауға арналған шараларға, осы саладағы мемлекеттік бағдарламаларға және нақты бағыттар бойынша атқарылып жатқан жобаларға да тоқталды. Сондай-ақ жас таланттарға жаңа мүмкіндіктер беретін Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің қызметі де әңгімеге арқау болды.
«Президентіміздің бастамасымен Қазақстанда жастардың білім саласындағы әлеуетін іске асыруға және қызметте өсуіне қажетті жағдай жасалып отыр. Жас буынды баспанамен қамту мәселесі де басты назарда. Өздеріңізге белгілі, биылғы наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан идеясымен тығыз байланысты және дұрыс құндылықтар жүйесін қалыптастыруға ықпал ететін «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымын жариялады. Бұл қағидаттар, ең алдымен, жастардың бойынан табылуы керек», – деді Сенат Спикері.
Сонымен қатар сенаторлар қаладағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барды. Сондай-ақ олар бұған дейін Палатаның тұрақты комитеттеріне Шымкенттегі «AZALA Textile» тоқыма фабрикасының жұмысшыларынан өтініштер келіп түскенін ескеріп, кәсіпорынның қызметімен танысу үшін аталған нысанға арнайы барды.