Шымкент: Қайтарымсыз грант --1 476 800 теңге
Кәсіпкерлікті дамыту, оған қолдау көрсету бүгінде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Осы орайда мемлекет өз ісін бастауға ниет еткен азаматтарды қаржылай қолдау үшін арнайы бағдарлама жасады.
Шымкент қаласының әкімдігі осыған байланысты 15-26 шілде аралығында Business.enbek.kz порталы арқылы 2-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алуға өтінімдер қабылдаудың басталатынын хабарлады. Екінші лекте 216 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр. Гранттар нысаналы мақсаты жаңа бизнес бастау және дамыту болып табылған жағдайда қайтарымсыз негізде беріледі.
Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 476 800 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.
Өтінім беру үшін: порталда тіркелу; грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту; порталда көрсетілген бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу (өз бетінше бизнес-план жарамайды); өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, аудандық мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтінім беруге болады.
Қатысушылар төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек: еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар; қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар; өңіраралық қоныс аударушылар; атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар; мүгедектігі бар баланы (18 жасқа дейінгі бала) тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы); асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Гранттар жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аз жеке кәсіпкер ретінде грант алуға өтініш бергенге дейін тіркелген жағдайда және үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты бар халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі.
Грант иегері атанған азамат хабарламаны алған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде салық органдарында өз қызметін тіркеуге міндетті.