Кәсіпкерлік жобаға—қайтарымсыз грант
Шымкент қаласында биыл екі лек негізінде 426 адамның кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.
Алғашқы лек бойынша 20-31 мамыр аралығында өтінімдер қабылданып жатыр. Грантқа өтінім беру үшін төмендегі санат қатарында болуы қажет. Оларға – атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар, көп балалы, оның ішінде балалардың ең үлкені 23 жасқа дейін жоғары оқу орны мен арнаулы орта кәсіптік колледжд студенті ретінде жәрдемақы алушы отбасылар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған отбасылар кіреді.
Халық арасында жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бір жолы – ол азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау, яғни жаңа бизнес идеяларды іске асыру болып табылады. Осы бағытта 2019 жылдан бастап халықтың осал тобына жататын азаматтарға қайтарымсыз негізде грант беру жұмыстары ұйымдастырылуда. Халықтың осал тобындағы азаматтар қайтарымсыз грант қаржысына шағын кәсіпкерілігін бастап, немесе дамытып, өзінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік осал топтардың бизнес - жобаларын жүзеге асыруға арналған қайтарымсыз грант алу үшін үміткер өтінім бергеннен кейін арнайы құрылған комиссия алдында өз идеясын қорғауы тиіс. Комиссия құрамына кәсіпкерлер палатасы, мүдделі басқармалар, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми-білім беру мекемелері өкілдерінің, бизнес, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, салалық сарапшылар кіреді.
Комиссия мүшелері бизнес жобаларының өміршендігі, экономикалық өзектілігі, қоғамдық маңыздылығы қарап қорытынды шығара отырып, хаттама түзеді. Осы орайда грант иегері болғаннан соң қойылатын біршама талаптар бар. Ең алдымен грант иегері ұтқан күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде салық органдарында өз қызметін тіркеуге міндетті. Кәсібі жайында business.enbek.kz порталда растайтын құжаттарды ұсыну арқылы он екі ай бойы тоқсан сайын растап есебін тапсырады.