Шымкентте гүлзарлар көбеюде
Мегаполистің микроклиматын қалыптастырып, жасыл желекті көбейту мәселелері қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тікелей бақылауында. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жуырда қала басшысы тұрғындармен бірге аллеяның ашылуына қатысты. Желтоқсан көшесінде демеушілер есебінен салынған демалыс аймағының жалпы ауданы шамамен төрт мың шаршы метрді құрайды. Халыққа ыңғайлы болу үшін жаяу жүргіншілер жолының бойында заманауи жарықтандыру шамдары, орындықтар, шағын сәулет нысандары орнатылды, сондай-ақ суармалы көгалдар қарастырылып, жасыл желектер отырғызылды.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта Еңбекші ауданында тағы бір сквердің құрылысы жүргізілуде.
Жібек жолы, Сайрам көшелерінің қиылысында жаңа серуендеу аймағы пайда болады. Бұл жоба да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылады.
Сонымен бірге қалалық әкімдіктің хабарлауынша, Ғабит Сыздықбеков халықтың өтінішін ескере отырып, жасыл белдеу аумағын өз орнында қалдыру бойынша тапсырма берді.
"Игілік" тұрғын алабы, "Баба ата" көшесінің бойындағы жасыл белдеу кезінде жеке тұлғаларға қойма құрылысы үшін берілген. Бірақ, жергілікті тұрғындар мегаполис басшысымен кездесу барысында жасыл белдеу аумағын жеке тұлғаға бермеуін сұрап, жасыл белдеуді орнында қалдыру бойынша өтініш білдірді.
Қала басшысының тапсырмасымен, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы аталған жерге зерделеу жұмысын жүргізді. Нәтижесінде, 1,4 га аумақтың нысаналы мақсаты «қойма жайлары және темір базасы құрылысын салу үшін», «Шебер Юг» ЖШС-не,«Шымкент құс» ЖШС-не және кәсіпкерге жеке меншік құқығымен рәсімделгені анықталды.
Алайда, бас жоспар бойынша аталған жер учаскесі жасыл желек аумағында орналасқандықтан, мемлекет мұқтажына алынады. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазір әлеуметтік желіде жасыл белдеуде ағаштар кесіліп жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайды. Аумақта кәсіпкерлер тарапынан ағаш кесу фактілері орын алмағанын хабарлаймыз және азаматтардан тек ресми ақпарат көзіне сенуін сұраймыз.
Аталған мәселе қала әкімінің жеке бақылауында.