Шымкент: Әлем чемпионатына баратындар іріктелуде
Шымкентте үлкен теннистен әлем чемпионатына іріктеу турнирі басталды. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады. Шымкенттегі Ұлттық теннис орталығында жастар арасындағы әлем чемпионатына іріктеу бойынша Дэвис кубогы кезеңінің ұлдар арасындағы сайыстың ашылу рәсімі өтті. Junior Davis Cup Азия/Океания аймағының іріктеу сайысына 16 жасқа дейінгі аталған аймақтың ең мықты жасөспірімдері бақ сынайды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР Теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев іс-шарада барша қатысушыларға сәттілік тілеп, сайыстың маңызы жоғары екенін атап өтті.
– Шымкент қаласына қош келдіңіздер. Әлем чемпионатына іріктеу сайысы биыл қаламызда екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл – бізге артылған зор сенім. Шаһарда үлкен теннис спортын дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда халықаралық теннис федерациясына, ҚР Теннис федерациясына және демеушілерге алғысымды білдіремін!, – деді қала әкімі.
ҚР Теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев барша ұйымдастырушыларға рахметін жеткізді.
Теннистен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына іріктеу Шымкент қаласында екінші рет өтіп жатыр. Жасөспірім ұлдар арасындағы іріктеу сайысына Қазақстан, Аустралия, Қытай, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Жапония, Оңтүстік Корея, Жаңа Зеландия, Таиланд, Вьетнам командалары қатысуда.
Аталған турнирде Алматы және Шымкент қаласы, Түркістан облысының спортшылары ел намысын қорғайды.
Айта кетері, қазіргі уақытта мегаполисте теннистен 30 бапкер жұмыс істейді. Жалпы Шымкент, Астана мен Алматы секілді республикадағы теннис спорты дамыған қалалардың алдыңғы үштігіне кіреді. Жыл санап Шымқалада корттардың саны да артып келеді. 2004 жылы Сұңқарда 4 корт бой көтерді. 2010 жылы Ұлттық теннис орталығы ашылады. Содан соң қосымша 8 корт пайда болды. Мегаполисте жан басына қаржыландыру бағдарламасы – Артспорты бойынша 190 бала теннистен тегін секцияларға қатысып жүр. Ал 20 кортпен жабдықталған бұл орталықта қазір 500-ден аса кәсіби спортшы жаттығуда.