Шымкент: Зейнеткерлерге шипажайларға жолдамалар берілуде

Oinet.kz 17-05-2024 476

2.jpg 

Шымкентте мыңнан астам зейнеткерге шипажайларға жолдама берілді. Бұл туралы  Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Шипажайға кезек geo-shym.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Цифрландыру бағдарламасы шеңберінде биыл іске қосылған арнайы порталда зейнеткерлер шипажай кезегіне онлайн тұрумен қатар кезек ретін бақылай алады.

Қазір қалада 92 210 зейнеткер тұрады. Оның ішінде 2 ҰОС ардагері мен 1 841 тыл еңбеккері бар. Қалалық мәслихаттың шешімімен жыл сайын 5 мың зейнеткерге шипажайға жолдама беріледі. Өткен жылдың қараша айынан бастап «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешені іске қосылып, жылына тағы 2 мыңнан астам зейнеткерді шипажаймен қамту мүмкіндігі туып отыр. 3 қабаттан тұратын орталықта бір мезетте 70 адамға қызмет көрсетіледі. Заманауи талапқа сай жадбықталған ғимаратта таза ауада дем алып, серуендеу үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда су бұрқақ, би алаңы бар және аула толық көгалдандырылған. Демалушылар бос уақыттарын осы аумақтағы «Арбат» алаңында, «Қиял әлемі» саябағында, «Shymkent plaza» ойын сауық орталығында өткізе алады. Қызмет алушылардың орталыққа келіп кетуі үшін аялдамалар қарастырылған.

Демалушылар үшін ғимаратта арнайы электромагнитті терапия бөлмесі, дәрілік шөп тұнбалары ұсынылатын фито бар, сумен емдеу орталықтары – бассейн мен фитобочка, кітапхана, мәжіліс залы, ем-шара бөлмелері, теріні қатайтуға және арықтауға арналған заманауи 7В 1 комбайн аппараты қарастырылған.

Осыған дейін азаматтарға шипажайларға кезекке тұру үшін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына бару міндеттелген болса, қазір өтініштер geo-shym.kz порталы арқылы жолдануда.

Жыл сайын сауықтыру орындарында ем қабылдауға 13 мыңға жуық зейнеткерден өтінім түседі. Биыл сауықтыру шараларын ұйымдастыру мақсатында 4 шипажаймен мемлекеттік сатып алу шарты түзілді. Жамбыл облысындағы «Айша-Бибі», Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Ақсу демі», Жетісай ауданындағы «Күлпаршын» және Шымкент қаласындағы «Денсаулық» шипажайларына жолдама берілуде.


Ұландықтар мергендік танытты
Шымкенттік оқушы-- Азия чемпионы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу