Шымкенттік мұғалім Азия чемпионы атанды
Әбу-Дәби қаласында джиу-джитсудан Азия чемпионаты өтіп жатыр. 1-8 мамыр аралығына жоспарланған аламан жарыста Шымкенттегі А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жұлдызай Ибраева өнер көрсетіп, алтын алқа иеленді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алғашқы белдесуде Вьетнам спортшысымен кездесіп, жартылай ширек финалда үндістандықты ойсырата жеңген шымкенттік мұғалім финалдық кездесуде Маңғолия спортшысын ұтып, жеңіске жетті.
Таеквондодан ҚР бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың күміс жүлдегері Жұлдызай Махмуджанқызы қаламыздың намысын талай додада абыроймен қорғап жүр.
Ересектер мен жастар арасындағы сайысқа Қазақстан Ұлттық құрамасынан 300, оның ішінде қаламыздан 10 спортшы қатысуда. Жеңімпаз Греция астанасы Афинада өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды. Сондай-ақ Азия Чемпионатында алтын алған спортшылар жыл соңына жоспарланған Анталия қаласындағы Панкратион спортынан Әлем Чемпионатында да өнер көресететін болады.
Осы жерде айта кетері, Шымкентте бүгінде мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру платформасында 109 кәсіпкер біліктілік іріктеуден өтіп, спорттың 17 түрінен 195 секцияда 12 024 бала спортпен айналысуда. Осы жоба аясында 328 жаттықтырушы және 195 жуық басқа да қызметкерлер жалпы саны 523 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Мегаполисте №12 спорт мектебінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың мамыр айында пайдалануға беру жоспарлануда. Оған қоса №15 спорт мекептің спорт нысанының құрылысы биылғы жылдың сәуір айында басталды. Құрылысына бюджеттен 1,8 млрд теңге қаралған.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкер тарапынан Еңбекші ауданы Еламан тұрғын алабында бой көтерген «ЕЛАМАН» спорт кешенін пайдалануға берілу жоспарлануда. Аталған спорт кешенінде спорттың ойын, жекпе-жек түрлеріне арналған 3 спорт зал және 1 бассейн орналасқан. Оған қосымша «SPORT LIFE» кіші футбол орталығының құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.