«Жоғалған көтеншек» бүкіл елді ду күлдірді

Oinet.kz 05-02-2023 2528

Жерге боз қырау түскен кезде Тәспен ауылының тұрғыны Ізбенбетов Қуаныш деген ағамыз алты жылдан бері қысыр қалып келе жатқан семіз түйесін соғымға сойды. 

Screenshot_5.jpg

Ет дегенде қазекең екі көзі қызарып, қасқырдан бетер боп кететін әдеті емес пе, ет алуға келген кісілер әп-сәтте-ақ семіз түйені жығып, пышақтары жалаңдаған жігіттер бас-аяғы екі сағатқа жетер-жетпес уақыттың ішінде соғымды бұтарлап, алған етімізді таразыға өлшетіп алған соң, арқалап үйлерімізге тарадық.

Етті үйіме апарып тастап, хабар алайын деген оймен түйе сойған ағамыздың үйіне қарай аяңдадым. Сол үйдің дәлізіне кірген бойдан-ақ жеңгеміздің шаңқылдаған ащы дауысын ести салған мен қасқыр көрген ешкідей бір орнымда селтиіп тұрып қалдым. Жеңгемнің ащы дауысы минут өткен сайын күшейіп, асфальт жолға түскен машинадай жылдамдығы артып барады. Жартылай ашық тұрған есіктен менің дәлізде тұрып қалғанымды байқаған ағам, қолын бұлғап мені ішке шақырды. Долданып, күшіне мінген әйел аузынан түкірігі шашырап, ештеңені тыңдар емес. Менің ештеңеге түсінбей тұрғанымды байқаған Қуаныш ағам: 

-Бағана түйе сойысқан кісілердің біреуі семіз түйенің көтеншегін алып кетіпті дейді. Мына қатын Қызылордада аспаз болған неме емес пе, түйенің көтеншегінен біз көрмеген тамақтар жасайтын өнері бар еді ғой. Жаңа үйге келгесін қаптағы еттің ішінен сол көтеншекті таппай, арқасы қозып айқайға басты да кетті. Енді сол түйеден ет алған үйлердің бәрін тінтіп шығамын, алған адамды тапсам ит-терісін басына қаптаймын деп жатыр. Бір қарысқа жетер-жетпес сол ішек үшін ұзақ жылдардан бері туған бауырдай боп араласып отырған мына ауылдас пен ағайынға жеккөрінішті болып қалармыз, сен қоя сал, сол көтеншек алған адамға адалынан бұйырсын десем, атаңа нәлет саңырау, еш түсінер емес. Енді қартайғанда мені елге масқара етіп, абыройымды айрандай төгейін деген шығар, айналайын, сен мына саңырауды есебін тауып тоқтатпасаң, сол көтеншегі құрығыр біздің түбімізге жетейін деп тұр-ау, мұндай сөзге түсінбейтін қатынмен өмір сүргеннен көрі тозақтың өзіне түскен жақсы шығар, - деп қолын түңіле сілтеді. Мен сәл ойланып алдым да, ашудан жарылып кетердей боп тұрған жеңгемнің иығынан қаттырақ түртіп: 

-Әй, жеңге сен құр бажылдай бермей, сәл сабыр етіп, бізге не болғанын айтып түсіндірсейші. Айдалада аш қасқырлардың қамауында қалған адамнан бетер жан дауысың далаға естіліп жатыр, бұл саған ұят емес пе, - деп сабырға шақырдым. Сәл сабасына түскен жеңгем: 

-Мен айқайламай қайтейін. Қолының сұғанақтығы бар біреу менің ақ-адал малымның көтеншегін алып кетіпті. Бірер адамнан күмәнім де бар. Қазір солардың үйіне барып тінту жасаймын, олардан табылмаса қалған үйлерді де көріп шығамын, - деді. 

Алғашқы әйелі ауыр науқастан қайтыс болғасын, ағамыз екінші әйелін Қызылорда жағынан әкелген болатын. Құлағының ауырлау еститіндігі болмаса, бұл кісі үй шаруасына мықты еді. Тек қалалық болғандықтан бұл жеңгеміз кейде қарапайым қазақ ауылының кейбір әдеттеріне түсінбей қалатын. Мен жеңгеміздің жалпы қазаққа тән аңғалдығы мен жас балаша сәл нәрсеге сеніп қалатын сенгіштігін байқайтынмын. Сол мінезін білгендіктен мен жеңгеме қарап: 

-Ойбай-ау, сенің біздің ауылымызға келгенің кеше ғана ғой. Бұл түйеде көтеншек деген атымен жоқ. Себебі, осыдан бес-алты жыл алдын Қуекеңнің осы түйесі күтпеген жерден аты жаман геморроймен ауырып, қатты абыржып қалғанбыз. Арадан көп уақыт өтпей-ақ, совхоздан келген мал доқтыр балаға ота жасатып, көтеншегін алдыртып тастаған едік. Көп жасағыр, сол баланың қолы өте жеңіл екен. Ота жасалған түйе үш-төрт күннің ішінде орнынан тұрып кетіп еді. Бірақ, сол отадан зиян болды ма, әйтеуір содан кейін осы түйе тумай қалды ғой, - дедім. Менің бетім бүлк етпей байсалды түрде айтқан сөзімді естіген жеңгем шалына жалт қарады да: 

-Әй, шал сен неге осы әңгімені маған айтпадың? Әлде жағың қарысып қалды ма, мына бала келмегенде, мен жоқ көтеншекті іздеп масқара болады екенмін, - деп көзін алартты.

-Ау, сен менің айтуыма мұрша бердің бе? Сенің айқайыңнан есім шыққандығы соншалық, бұл түйеге ота жасалғаны менің ойымнан шығып та кетіпті ғой. Оның үстіне ота жасалған түйенің басы-қасында, сол доқтырдың жанында осы бала болғаны енді есіме түсіп отыр, - деп Қуекең де ақтала кетті. 

–Бәсе, бірге ішіп-жеп отырған ауылдастар түйенің көтеншегін ұрлап алып, қайтетін еді. Мұртты бала, сенің келгенің қандай жақсы болды, - деп қалбалақтап қалған жеңгеміз, көңілденген күйі үй тірлігіне кірісіп кетті. Кемпірі өз тірлігімен күйбеңдеп жүрген кезінде Қуекең маған қарап, екі иіні бүлкілдеп үнсіз күлді де:

-Ойпырмай, шырағым-ай, мына әңгімені қайдан тауып айта қойдың? Сәл болмағанда мына қатын мені елдің бетіне қарай алмайтындай ететін еді, - деп күлкісін жалғастырды. Үйге келгесін жаңағы жеңгемнің жас баладай аңқаулығы мен сәбидей сенгіштігіне арнап «Жоғалған көтеншек» деген әзіл жазып қойып едім.

Жоғалтып ақ түйенің көтеншегін,

«Обыск» барлық үйді етем дедің.

Ота жасап, алдыртып тастаған ек,

Қысылып таппаған соң бөтен емін.

Ұры деп біреулерді сөзге ердің,

Намысына тимей жүр өзгелердің.

Геморройдан сылынған көтеншекті,

Алды деп қаралау ма көздегенің?

Міне, біздің қазекеңнің баладай аңқаулығы мен сәл нәрсеге сәбидей сенгіштігі осы мысалдан-ақ көрініп тұр ғой. Осы әңгімеден соң түксиген қабағы жазылып, көңілі шайдай ашылған жеңгеміз түйенің жас етінен қуырдағын қуырып, исі бұрқыраған шәйімен қоса алдымызға тартты. Арада шамалы уақыт өткенде жеңгеміз бұл әңгіменің анығын есітіп, өзінің қалай алданғанын білгенде шын көңілден рахаттана күліп: «шіркін-ай, ауылдың осындай жарасымды әзіліне не жетсін» деген еді.

Адамқұлов Құрманғали

Қазақтар түрік көршісі көшіп кеткен кезде неге жылады?
Күйеуін тек өзінен басқа ешкімге қаратпаған әйел
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу