«Қайрат» – «Брюгге» матчына шетелдік жанкүйерлер «Бораттың» киімін киіп келген
Астанада өткен «Қайрат» – «Брюгге» арасындағы футбол матчы күтпеген көрініспен есте қалды.

Желіде тараған видеодан үш шетелдік жанкүйердің матчқа шомылуға арналған жасыл түсті киіммен келгенін байқауға болады. Бұл көрініс көпшілікке «Борат» фильміндегі кейіпкерді еске салған. Стадионда түсірілген кадрлар Instagram желісіндегі almatinec_live парақшасында жарияланып, қызу талқыға түсті.
Видео авторының айтуынша, тәртіп бұзғандардың бірі – «Брюгге» клубының жанкүйері. Алайда стадиондағы бұл «шоу» ұзаққа созылмады.
Астана полиция департаментінің мәліметінше, 20 қаңтар күні матч кезінде үш ер адам мас күйінде болып, айналасындағы адамдардың тыныштығын бұзған. Қоғамдық тәртіпке қайшы әрекеттерінен кейін полиция қызметкерлері оларды ұстап, бөлімшеге жеткізген.
Шетелдік жанкүйерлерге қатысты мас күйінде қоғамдық орынға келу және ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Барлық материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданған. Құқық бұзушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды.


