«Альфонс фельдшер»: Елордада жедел жәрдем қызметкері 8 әйелді сан соқтырып кетті
Елордалық фельдшер қызмет бабында жедел-жәрдем көмегіне жүгінген қыз-келіншермен танысып, артынша оларды алдап, сан соқтырған, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Azattyq Ruhyна сілтеме жасап.
Альфонс фельдшер туралы белгілі журналист Гүлмира Әбіқай өзінің Instagram парақшасында жазған. Журналистің жазуынша, жігіттің есімі – Жалын. Нұр-Сұлтан қаласындағы аурухананың бірінде жұмыс істейді. Алаяқ азамат жедел жәрдеммен алғашқы медициналық көмек көрсетуге барған үйін әбден зерттеп, басы бос қыз-келіншектерге өз айласын пайдаланады. Біраз уақыт еміне көмектесіп, науқас дертінен сауыққаннан кейін оған өтірік айтып, ақша сұрай бастайды екен.
«Мәншүк (авт. аты өзгертілген) – жалғызбасты әйел. 4 жасар баласы ауырып жедел жәрдем шақырды. Фельдшер сондай тартымды жігіт екен, баланы баурап, әйелдің де жүрегіне жол табады. Күнде хабарласып, баланың денсаулығын сұрап, жаны қалмайды. Әр күн сайын арасында уақыт тауып келіп, 2 аптада Мәншүкке сөз салып үлгереді. Баласына қамқор, өзіне жанашыр доктордан кім бас тартсын, келіншек «иә» дейді. Жігіт жақында үйленетінін үйдегілерге айтып қойғанын ескертеді. Одан кейін 2 күн хабарсыз кетеді, уайымдап жанын қоярға жер таппаған Мәншүк ол звондағанда не айтса да келісетіні белгілі еді», - деп жазды автор.
Белгілі болғандай, әлгі фельдшер жігіт Мәншүкке телефон соғып, басы дауға қалғанын айтқан. Тығырықтан шығу үшін шұғыл түрде 1 млн теңге қажет деген.
«Қайта-қайта звондап, сеніміне қалай кіргенімді байқамай қалдым. Біреуді жұмысқа кіргізіп, парамен ұсталған екен. Соған ақша керек деп менің атымнан кердит алды. Кредит алғанға дейін үйленеміз, бірге тұрамыз, тойымыз болады деп үгіттеді. Кредит алып берген соң, жоқ болып кетті, оны іздемеген жерім жоқ», – дейді келіншек.
Гүлмира Әбіқайдың жазуынша, Нұр-Сұлтан қаласындағы №7 емхананың басшысы Мәншүкке оған дейін 7 қыздың алданғанын жеткізіп, бұл орайда оның қолынан ештеңе келмейтінін айтқан.
Azattyq Ruhy тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, талай қыз-келіншекті сан соқтырған сері фельдшер туралы сұрастырды.
«Аталған іс бойынша қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қазіргі уақытта бұл қызметкердің осы жылдың мамыр айынан бастап № 7 қалалық емхана жанындағы жедел жәрдем бригадасының фельдшері жұмысынан өз еркімен босатылғанын хабарлайды», – делінген хабарламада.