Мәжіліс депутаты Ирак Елекевтің әйгілі «тарайықпен» түйіндеген мәлімдемесі қоғамда кеңінен талқыланды. Бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен, әрине. Төменгі палатаның кешегі жалпы отырысында депутаттар әріптестері қозғаған сол әңгімеге қайта оралмас та ма еді, егер...
Жалпы И.Елекеев ойын әрдайым ашық айтатын, бұқаралық ақпарат құралдарында да өз пікірін жиі білдіріп жүрген депутат. Кешегі отырыстағы депутаттық сауалдар кезінде сөзге сұранған И.Елекеев бұл жолы да әріптестерін елең еткізерлік ұсыныс айтты. Депутат алдымен әріптестері алдында ақталғандай да болды. Өткен жолғы мәлімдемесі бұқаралық ақпарат құралдарында қызу талқыланғанын тілге тиек еткен депутат ренішін де жасырмады. Оның айтуынша, мәлімдеме жасауының төркініне баға берушілер көбейген. Саяси тапсырыс бойынша сөйледі деушілер, «популизмге» балаушылар, оппозицияға өтейін деп жатқанын болжаушылар да болыпты. «Біріншіден, ешқандай саяси тапсырыс болған жоқ, екіншіден бұл өзімді әйгілендіру емес әрбір адал адамды мазалап жүрген мәселе. Ақырында менің оппозицияға өтейін деген ойым және олармен ешқандай байланысым жоқ. Мемлекет басшысының командасында қаламын», деген депутат әңгімесін сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнінде жалғастырды. Және парақорлықпен күресті жалғастыратынын, бұл жолдан бұрылмайтынын, үндемейтін кей әріптестеріндей бола алмайтынын білдірді. Сөйтті де бір ұсыныс жасады. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығматулин жуырда барлық басшыларға, егер орынбасарлары немесе тікелей қарамағындағы қызметкері сыбайлас жемқорлықпен ұсталса отставкаға кетуі тиістігін айтты. Қостанай облысында аудан әкімдері сотталды, ал жуырда облыс әкімінің аппарат жетекшісі мен департамент бастығы құрықталды. Солтүстік Қазақстан облысында жуырда ғана кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті басшысы жеті жылға сотталды. Екі облыстың әкімін шақырып, сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңның орындалуы бойынша тыңдауды ұсынамын», деді депутат сөзінің соңында.
Бұл ұсынысты депутаттар қолдамады. Тіпті, И.Елекеевтің төменгі палатаның жұмысына қатысты айтқан айыптауларымен келіспейтіндерін білдіргендер де болды. Мысалы, депутат С.Есжановтың айтуынша, әріптесі жалпылама айыптамай «үндемейтіндердің», «заңның қабылдауына мүдделілердің» кім екенін ашық айтуы тиіс. «Парламент халыққа жұмыс істеуде. Оның жұмысына Елбасының өзі оң баға берді. Ал БАҚ-тарға ренжуге болмайды, өйткені олар сіздің айтқаныңыздан қорытынды жасайды», деді Сауырбай Есжанов. Ал депутат Егор Каппель облыс әкімдерін шақыруға қарсы екенін білдіре келе бұл мәселені дауысқа салуды ұсынды. Сөздің көбейіп кетерін сезді ме, Ирак Елекеевтің алдыңғы мәлімдемесіне «комментарий» бермей бейтараптық танытып келген Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов сөз алды. Спикер ретінде, фракция жетекшісі ретінде И.Елекеевтің тарапынан айтылған айыптауларды түгелдей жоққа шығаратынын мәлімдеген О.Мұхамеджанов «біздің елде қылмыспен оның ішінде жемқорлармен күресетіндердің, сиыр сауатындардың, егін егетіндердің, түрмеде жатқандарға баратындардың» бар екенін атап өтті. Сөз төркінін депутаттардың ісі заң шығару, әркім өз ісімен айналыссын дегенге келтірді. Халық қалаулыларының қарап отырмағанын, тізбектеп мысал келтіре отырып, жеткізді.
Сонымен, мамыр айында Мәжіліс осындай «текетіресімен» ерекшеленді. И.Елекеевтікі дұрыс па, әлде...
Осындайда ұлы Абайдың «жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырық» деген сөзі еске түседі. Бірақ «айқай салған» кім, «жаңғырығы» қайсы...
Oinet.kz мұрағатынан