1999 жылдың 16 ақпанында таңертеңгі сағат 10-дар шамасында Ташкентте қатарынан алты жарылыс болды. Әуелі «Мустакилик» алаңына таяу жерде ішінде қопарғыш заттары бар «Запорожец» көлігі жарылып, артынша мұндай террорлық актілер Өзбекстанның Ұлттық банкі, Министрлер кабинеті, Ұлтық қауіпсіздік қызметі, Президент резиденциясы ғимараттарында және қаладағы маххаллелердің бірінде орын алды. Орта Азия елдерінде болған ең ірі террарлық әрекеттен 16 адам қаза тауып, жүзден аса адам жараланды.
Дәл сол уақытта Министрлер кабинетінде Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қатысуымен жиналыс өту тиіс екен. Жиынға бірнеше минут кешігіп қалған Каримовты құдай сақтап қалды.
Жарылыстан кейін «Мустакилик» алаңына шұғыл жеткен Каримов «Бұл теракт. Оны ұйымдастырушы радикалды ислам ұйымдары. Мақсаты Өзбекстанның президентін өлтіру» деп мәлімдеді. Президент терроршыларды тауып қатаң жазалайтынын мәлімдеді. «Егер қажет болса, мен олардың барлығының бастарын өз қолымен аламын» деді ол телекамераға қарап.
Артынша жарылысты ұйымдастырушылардың шетелге қашып кеткенін білген Каримов «терроршылардың жасаған әрекеті үшін олардың әкелері жауап береді» деді. Арада бір күн өткенде Парламенттің кезектен тыс сесиясында ол «терактіге кінәлілерді алдымда тізерлетіп тұрғызып, сотсыз, итше қыңсылатып атып тастаймын»деді.
Ұзамай Ташкенттегі теракті бойынша айыпталған 22 азаматтьың ісі Өзбекстанның Жоғарғы сотында қаралды. Сотта құқық қорғау органдары олардың айыптарын дәлелдейтін жеткілікті айғақ ұсына алмаған. Сотталушылардың барлығы кінәларын мойындауымен ғана жазаға тартылған. Олардың 6-ауы ату жазасына, қалғандары ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айрылды. Арада бар-жоғы үш ай өткенде Өзбекстанның Бас покуртурасы ату жазасына кесілген азаматтарға шығарылған үкімнің орындалғанын мәлімдеді.
Ресми билік Ташкенттегі жарылыстырға «Хизб ут-Тахрир» мен Өзбекстан Ислам қозғалысы ұйымын және сонымен бірге Ислам Каримовпен бірге алғашқы президент сйлауына түскен, қазіргі уақытта Өзбекстан халық қозғалысы ұйымының жетекшісі Мұхаммед Салықты кінәл деп тапты.
Осыдан 13 жыл бұрын болған оқиғаны неге еске алып отырмыз? Жуырда Өзбекстан халық қозғалысының жетекшілері Ташкент терактісіне қатысты елең еткізерлік мәлімдеме жасады.
--Жарылыстардың дүмпуі басылмай жатып-ақ Каримов оған исламдық діни ұйымдардың қатысы бар деп мәлімдеді. Бірақ терактінің құпиясы кеш ашылды. 2003 жылы елдегі саяси тұтқын Зайниддин Асқаров Би-Би-Си радиосына берген сұхбатында Ташкенттегі 1999 жылғы жарылыстарды Өзбекстанның Ұлтық қауіпсіздік қызметі ұйымдастырғанын мәлімдеген болатын. Каримовқа мұндай жарылыс өзінің режимін орнықтыру үшін және саяси қарлыстарының көзін жою үшін қажет болды. Сол күннен бастап Өзбекстанда қуғын-сүргін басталып, оппозиция өкілдерін жаппай тұтқындау шарасы белең алды,--дейді ұйым жетекшілері.
Оппозиция өкілдерін айтуынша, террорлық актінің желеуімен 18 мың адамның қолына кісен салынған. Бұлар негізінен саяси қызметкерлер болатын. Олар жазаларын арнайы түрмелерде өтеді. Солардың бірі «Жаслык» концлагерінде адамды азаптаудың небір түрлері қолданылды. Каримовтың жазалау машинасы әлі күнге күшін жойған жоқ.
Қазіргі уақытта Мәскеуде тұратын «Орта Азия елдерінен келген саяси эмигранттар» қоғамының жетекшісі Бахром Хамроевтың айтуынша, жарылыстан кейін 30 мыңға жуық азамат сотталған. Ал 1999 жылдан бергі аралықта қуғын-сүргінге 120 мың адам ұшырады. Көпшілігі аздаған мерзімге сотталғанымен, жазаларын адам төзгісіз түрмелерде өтеп шықты. Олар бостандыққа шыққаннан кейін жұртшылық арасында өздерінің көрген-білгендерін жеткізіп барды. Мұның бәрі де халықтың жүрегіне үрей ұялатты.
Шамасы, Ислам Каримовке керегі де осы, яғни халықты үнемі үрейде ұстап отыру қажет болған сияқты. Ташкент терактісінің құпиясы әлі ашылған жоқ. Оппозиция өкілдерінің айтқаны расталған күннің өзінде де ол өзбек билігінің бейбіт халыққа қарсы ұйымдастырған көп қиянатының, қанды қырғынның бірі ғана болып қалары анық.
Мұрағаттан: 5.04.2012