Жуырда Қазақстан Мұсылмандар одағы елді елең еткізерлік мәлімдеме таратты. Одақ мемлекетті жиырма жылдан астам уақыт басқарып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты «президенттік қызметінен кеткеннен кейінгі елдің келешегі туралы» саяси өсиет жазуға шақырып отыр.
«Көшбасшының саяси аренадан кетуі табиғи құбылыс. Бірақ бұл бөлінушіліктің, тақталастың себебі болмауы керек. Әсіресе, қазіргі биліктегі жағдай ерекше алаңдатушылық туғызады. Елде сыбайластық жайлады, капитал сыртқа «қашып» кетті, ішкі кландар арасындағы қырқыс шарықтап келеді» дейді мәлімдемеде. Осыған орай Мұсылмандар одағы «келесі президент кім болады, келесі көшбасшы билікті қырқысқа, елді жаппай тоқырауға алып бармай ма?» деген сұрақты көлденең тастайды.
«Қазақстандықтар келесі преизидент ретіне кімді көргісі келетіні туралы пікірін айта жатар. Бірақ Елбасының пікірі бәрінен де маңызды. Өйткені, мемлекеттің қалыпты дамуы немесе құрдымға кетіп, азаматтық соғысқа ұласуы қазіргі президенттің пікіріне байланысты» дейді мәлімдемеде.
Ел аман, жұрт тынышта Мұсылмандар Одағы кімді шошытқысы келді әлде қазақстандықтарға алаңдайтындай расында да бір негіз бар ма? Ақорда бұл мәлімдемені жауапсыз қалдырған жоқ.
-- Қазақстанның Мұсылмандар одағы жарияланып жатқан барлық мемлекеттік материалдарды мұқият қарағаны жөн. Елбасы жыл сайын Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын арнайды. Бұдан бөлек елдің алдағы ондаған жылдардағы саяси, әлеуметтік-экономикалық келешегін айқындайтын «Қазақстан—2030» бағдарламасы бар. Қазақстан Мұсылмандар Одағына осыны жақсылап оқуға кеңес беремін. Онда бәрі жазылған,--дейді Президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев.
Қалай болғанда да атышулы мәлімдемеден кейін Қазақстанда «Назарбаевтан кейін...» деген тақырып төңірегінде пікірталастың түңлігі түрілді. Ертісбаевтікі жәй ғана сырғытпа жауап екені белгілі. Ал нақты жауапты кім береді? Қашан?..
Мұрағаттан, 03.05.2012 ж