Мәсімов Мырзахметовке Оңтүстікті туризм орталығына айналдыруды тапсырды

Screenshot_6.jpg

Қазақстан сегіз жылдан кейін жаздың күні Таяу Шығыс елдері үшін, ал қыс айларында еуропалықтар үшін туристік мемлекетке айналмақ. Министрлер кабинеті осылай мәлімдеп отыр. Бұл жоспарды жүзеге асыру мақсатында жобалар жасалмақ. Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-министр К.Мәсімов Таяу Шығыс елдерінен келетін туристер үшін өте тартымды болғандықтан Оңтүстік Қазақстан облысында жазғы туризмді дамыту керектігін атап өтті. Бұл орайда, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевке Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовпен бірлесіп, аталған өңірде жаздық туризмді дамыту әрі Таяу Шығыс елдерінен туристер тарту мәселесімен айналысуды мықтап тапсырды.

Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында шетел инвестицияларының ағынын әртараптандыру, перспективалы салаларға, мысалы туризм салсына бағыттау қажеттігі айтылған болатын. «Дамыған елдерде туристік кластердің үлесіне ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейіні тиесілі. Бізде 1 пайызға да жетпейді. Тұтастай ел бойынша туризм өсімінің нүктелерін зерттеу қажет, олар аз емес», - деді Президент Жолдауында. Сондай-ақ, Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктелген болатын. Үкімет отырысында негізінен сол тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды. Бұл мәселе бойынша баяндама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің сөзіне қарағанда,  Қазақстан туризм саласын Малайзия мен Түркияның тәжірибесіне сүйене отырып дамытпақ. Қарашаның аяғына қарай министрлік отандық туризмді дамытуға бағытталған, алдағы 8 жылға арналған бағдарламаны ұсынбақ. Ал, маусымның соңына қарай экономиканы дамыту бойынша мемлекеттік комиссияның қарауына саланы дамытудың ұзақ мерзімді тұжырымдамасын енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қыркүйектің соңына дейін өңірлік жобалардың конкурсы жүргізіліп, мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерінің қаржылық-экономикалық сараптама жасау тұрғысындағы жұмыстары аяқталады. Министрдің айтуынша, ту­ризмді дамыту мақсатындағы шаралардың нәтижесінде өткен жылы елімізге сырттан келген туристер саны 5,6 миллион адамнан асып, ел ішіндегі туристер саны 5,3 миллион адамды құрапты. Туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі 74 миллиард  теңгеге жеткен. «Жалпы өткен екі жылда туризм саласында оң қарқын байқалды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 161 пайызға артты. Осы салада қызмет көрсетіп жүрген компаниялардың үлесі 2 есеге өсіп, 128 миллиар 600 миллион теңгеге жетті. Дегенмен де, мұны үлкен жетістік деп айтуға болмайды. Алда көптеген міндеттер тұр. Елбасының тапсырмасына сәйкес аймақтарда бірнеше ірі жобаларды іске асыру жоспарланған»,-деді Ә.Исекешев.

  2020 жылға қарай Қытай, Ресей, Үн­дістан және Таяу Шығыс елдерінен жыл сайын сырт­қа саяхаттап шығатын туристердің саны 200 мил­лионнан асады деген болжам барын баяндаған министр, оларды елге тарту үшін қажетті шараларды атап өтті. Мысалы, туристерге көрсетілер қызметті толық қамтамасыз ете­тін халықаралық деңгейдегі жобаларды анық­тау және оларды мемлекет есе­бінен инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет. Инвесторлар үшін мемлекеттік қолдау ретінде мықты бизнестік ынталандыруларды ойластыру, сондай-ақ  туризм саласындағы мамандарды даярлау үшін қажетті инфрақұрылымдар құру керек.  Сонымен қатар, министр барлық салалар секілді туризм де бөлім басқарушысынан бастап, туроператорлар, гид, аудармашы секілді кадр­лар­ды қажет ететінін мәлім етті. Бурабай-Щучинск, Алматы маңайындағы тау-шаңғы ку­рорт­тық аймақтары және Кендірлі демалыс аймағы бойынша халықаралық жобалар да бар. Сондай-ақ, Алакөл, Балқаш, Баянауыл, Түр­кістан, Ұлытау жерлері туризмді дамытуға қолайлы. Бұл орайда министр, сәй­кес инфрақұрылым және жоғары деңгейдегі қонақ­үйлер қажеттігін айта келе, туризмді дамытуға өңір­лердің барлығы жүйелі түрде әрекет етпей отырғанын жасырмады. «Батыс Еуропа–Батыс Қы­тай» дәлізінің әлеуетін туризмге барынша пайдалану үшін жеті туристік-рекреа­циялық орталық және 24 туристік кешен салу жоспарланып отыр екен. Алайда, министрдің мәлімдеуінше, жол бойы кешендерін салуға жер телімдері белгіленіп, инженерлік коммуникация мәсе­лелері шешілмеген.

         Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов туризм саласына қатысты атқарылып жатқан шаралар бойынша бірқатар облыс және қала әкімдерінің мәліметтерін тыңдады. Туризм саласына қатысты, әсіресе Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселелерді көтерді. «Алматы әкімшілігі курорттың тұжырымдамасын әзірлеуге мақсатты трансферт алу үшін бюджеттен 350 миллион теңге бөлуге және техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеу үшін 375 миллион теңге бөлуге өтініш жіберген еді. Бұл ақша әкім­ші­лікке емес, индустрия және экономи­ка­лық даму министрліктеріне аударылды. Атал­ған министрлік қызметкерлерінің құзы­реттілігін және кәсібиліктерінің жо­ғары екендігіне күмән келтірмейміз, бірақ бұл жобаны жүзеге асыруға байланысты іс-әрекеттердің барысы бізді алаңдатады. Ақшаның бөлінгеніне бір ай өтсе де, әлі күнге дейін жобалық-сметалық құжатты ғана емес, қала әкімшілігі техникалық тапсырма да алған жоқ. Тек Экономикалық даму және сауда министрлігінен «бұл ақшаны әкімдікке аудара алмаймыз» деген хат келді. Алматы қаласы өзінің аймағындағы жобаны жүзеге асырудан шет қалып отыр», -дейді А.Есімов.  Қала әкімі көтерген мәселеге байланысты Үкімет басшысы тиісті министрлерге ортақ келісімге келуді тапсырды және бұл жобамен Алматы айналысуы керектігін қадап айтты. Сондай-ақ,   мәселе екінші рет көтеріліп отырғандықтан Әсет Исекешевке ескерту жасады.

Мұрағаттан, 03.05.2011 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: