Осы аптада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс әкімдігіндегі төрт басқарманың басшысын жаңартқаны белгілі. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып Ролан Ибрагимов тағайындалды. Арман Абдуллаев экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына, Игорь Алексеев энергетика, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына жетекшілік ететін болды. Кешегі күні Бақытжан Қырықбай облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшылығына келді.
Кадрлық ауыс-түйістер осы аптада да жалғасуы мүмкін. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, Түркістан облысының кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасына жаңа басшы тағайындалады. Бұл кресло Иса Құдабеков деген азаматқа бұйырғалы тұр. Ол бұған дейін Қостанай облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметін атқарған.
Бұл Шөкеевтің Қостанай облысынан алып келген екінші кадрі. Шөкеевтің орынбасары қызметіне жуырда тағайындалған Мейіржан Мырзалиев бұл орынға Қостанай облысы әкімінің орынбасары лауазымынан келген еді. Шамасы жаңа басқарма басшысы Мырзалиевтің соңынан ілесе келген кадр сияқты.
Айта кетері, Шөкеевтің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов
бұған дейін Астана қаласы әкімінің коммуналдық сала жөніндегі орынбасары болып істеген. Күні кеше облыстық энергетика, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылығына келген Игорь Алексеев жаңа қызметке дейін Астана қаласы отын-энергетикалық комплекс және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары болып істеген.