- Оңтүстік өңірде биліктің бишігін ұстау сыбағасына бұйырған Әлиевтер көп. Сіз де бұрын Мұхит Әлиев едіңіз, соңғы жылдары Мұхит Әлі болдыңыз. Мұндай қадамға баруыңызға әрқилы сәуегейлік жасағандар тіпті «бұған Рахат Әлиевтің елге, Елбасыға салған әлегі әсерін тигізіпті» деген әңгіменің шетін шығарып газетке дейін солай жазып жібергендер бар.
- Бірден айтайын, фамилия ауыстыруыма Рахат Әлиевтің төңірегіндегі жағдайдың ешқандай қатысы жоқ. Мұдай қадамға баруымның себебі мынау: үлкен қызым бірнеше жылдан бері Америкада тұрып жатыр. Оған дейін екі-үш жыл Қытайда өмір сүрді. Сонда байқағаны, тегі «Әли» болған адамдарға шетелде аса үлкен құрметпен қарайды екен. Бір күні қызым «әке, фамилиямыз Әлиев емес, Әлі болса қайтеді? Орысшаланған фамилияны ауыстырайық», деген ұсыныс айтты. Ойлап қарасам, айтқаны дұрыс. Сөйтіп шешім қабылдап, әуелі қызым, сосын мен, артынша барлығымыз отбасымызбен Әлі атандық.
- Ұтымды ұсыныс білдірген қызыңыздың шетелде қайдан жүр?
- Оның есімі-Шәния. Өзіміз еркелетіп Ная дейміз. Бірнеше институт бітірді. Әуелі Алматыда заңгерлік мамандықты оқып, кейін Астанадағы Еуразия университетінде дипломатиямен шұғылданатын білімге сусындады. Ағылшын тілін жетік меңгеру мақсатында Американың Хьюстон қаласында екі жыл тұрды. Одан соң қытай тіліне қызығушылық танытып, үш жылын Қытайда өткізді. Қазір Американың Лос-Анжелес қаласында жеке бизнесімен шұғылдануда. Немерем Қытайда білім алып, орта мектепті қытайша бітірген.
- Ал қазақшасы қалай?
- Бізбен тең дәрежеде сөйлеседі. Орыс пен ағылшын тілдерін де жетік меңгерген. Жасы 19-да.
- Есімі кім?
- Ырымшыл қазақпыз ғой. Даңқты Димекең жарықтықтың, Дінмұхамед Қонаевтың Дияр деген немересі бар. Соған ұқсатып, Дияра деп қойғанбыз. Қазір Қазақстанға қайт деп жүрмін.
- Ал Шәния неге бизнесін Қазақстанда жүргізбейді?
- Ол осында келіп жұмыс істеп көрді. Бірақ Америка көбірек қызықтырған соң шетелге барғанды қалады.
«Елге жасаған жақсылығың еселеп қайтады»
- Бизнес демекші, не бизнесіңіз бар? Байлығыңыз қаншалықты? «Шенеунік болған адамдар шетінен баийды» деген әңгімені әдетте ел аузынан жиі естуші едік, ал Сіз шенеуніктің шекпенін кигенге дейін дәулетті азамат атанып үлгердіңіз.
- Менің жеке пікірім, әкімдік қызметке келген адам тоқ болуы керек. Сонда ол ұсақ-түйек нәрселерге бола былыққа бармайды. Ашкөз әкімнің жүрген жері былыққа толып, ел-жұрттың алдында масқара болады. Меніңкі шалқып жатқан дүние деп айта алмаймын. Отбасымызды асырауға жеткілікті. Асып-тасқан байлығым, естен танып таңданатындай бизнесім жоқ. Ел қатарлымыз. Бизнесімді қалай қалыптастырғаным да құпия емес. Бизнесімді қалыптастыру жекешелендіру науқаны тұсында басталды. Облыстық жолаушылар көлігі саласында басшылық қызмет атқарып жүрген жылдарда жекешелендіру науқаны басталып, бір мекемені сатып алғанмын. Сол мекеме бүгінде такси қызметін көрсетумен, жалға берумен шұғылданады. Шымкент қаласындағы темір жол вокзалының жанынан жер телімін алып, автовокзал мен қонақ үй салдық. Бизнесті жүргізуді оның қыр-сырын мықтап меңгеріп алған Ақмарал дейтін қызымның қолына әлдеқашан тапсырғанмын.
- «Орда кредит» ұйымы мен «Орда» қонақ үйінің Сізге қатысы бар ма?
- Жоқ, ешқандай қатысы жоқ. Бізге тиесілісі - «Орда» атты таксопарк, екіншісі «Тиара» деген қонақ үй мен алдындағы кішігірім автовокзал.
-Бизнестен түскен табысыңыздан ағайын-туысқа, дос-жаранға, жалпы ел-жұртқа, туған жеріңізге көп шапағатыңызды тигізіп жүргеніңіз жайлы жылы лебізді елден жиі естиміз.
- Жеке бизнесімнің ғана емес, биліктің де мүмкіндігін пайдаланып шама-шарқымша адамдарға шапағатымды тигізіп келемін. Алдағы кезде де осылай жалғаса береді. Көмекке зәру адамдарға қаншалықты қол ұшыңды созған сайын жасаған жақсылығыңды Аллаһ Тағала өзі қолдап еселеп қайтарымы болатынына әбден көзі жеткен адаммын. Бизнесім әкелген пайдаға туған жерім Төле би ауданындағы Аққұм ауылына мешіт, фельдшерлік-акушерлік пункт салып бердім. Мектепке жөндеу жүргіздім. Ауылға табиғи газ апарудың жобалау сметалық құжатын жеке қаражатыма жасатып біттім. Енді ауылдағыларға ауыз су құбырының да жобалау сметалық құжатын әзірлеп беріп жерлестерім үшін көптен бергі көкейтесті мәселенің оңынан шешілуіне көмектескелі жатырмын. Жобалау құжатының әрқайсысының құны 1 500 000 теңге. Әсіресе, мешіт салғаныма ел қатты қуанды. Ауылымызда 106 жасқа келіп дүниеден өткен ақсақал бар еді. Мешіттің құрылысы басталғанда ол «тым болмаса бір күн осы мешітте намаз оқысам» деп армандайтын. Әлгі ақсақал жаңа мешітте төрт жыл бойы бес уақыт намазын оқып жүрді.
«Әкім Тарази ағамыз мені «Қапал-баши»деп күліп айтады»
- Ауылыңыздан салған мешітке Қапал бабаның аты беріліпті. Шымкент қаласының қақ ортасындағы көрікті жерлердің бірінде Қапал батырдың көрсең көз сүйсінетін еңселі ескерткіші бар. Батырдың есімін еншілеген көшені облыс орталығынан да, Ленгір қаласынан да кездестірдік. Алматы облысы Қапал ауданында да Қапал батырдың ескерткіші, кесенесі, көшесі бар екен. Қайбір жылы екі бірдей облыстың әкімі, Астанадан талай атақты мәртебелі меймандар қатысуымен Қапал батырдың мерейтойы дүркіреп өтті. Батырдың аруағына құран бағышталып, ас беріліп тұрады. Мұндай оң бастамалардың бәріне ұйытқы болып, тікелей басшылық жасап, ең негізгісі қаржылай жағынан да қолдау көрсетіп жүрген азаматсыз. Ендеше Қапал руынан шыққан Сіздің Қапал қорының президенті болып сайлануыңыздың да себебі түсінікті. Дей тұрсақ та, «Президент елімізде біреу, қалғанымыз тіреу болайық» деген жалпыхалықтық ұранды «ұмытып», әр рудың президентін сайлау қаншалықты дұрыс?
-Алдымен Қапал батыр бабамыз жайлы дерек пен пен дәйекке қысқаша тоқталайын. Ол Есім ханның тұсында білікті қолбасшылығымен танылған батыр. Алматы облысындағы Қапал ауданында Қапал тауы, Қапал өзені бар. Қапал қаласының 150 жылдығы тойланған кезде «Қапал деген ат қайдан пайда болды?» деген мәселе туындап, зерттеу жұмыстары жүргізілгенде батырға байланысты алғашқы деректер сол тұста анықтала бастаған. Оның қандай батыр болғаны, Қапал ауданына жерленгені туралы Шоқан Уәлихановтың жазбаларында анық айтылған. Ал бұл өңір бір кездері Төле би бабамыздың қыстағы болыпты. Қалмақтармен арадағы қырғын шайқаста Найманның ішіндегі Матай руынан жасақталған сарбаздар ел таңданатын ерлік жасағандарына ризашылығын білдіріп, Төле би қыстақ жерін соларға сыйға тартыпты. Содан болар, Қапал батырды жергілікті тұрғындар найманның батыры деп есептеп келген екен. Зерттеу жұмыстарының барысында Қапал батырдың Ұлы жүздің ішіндегі Дулаттан тарайтынын, елге нендей сый-құрметінің барын бізге дейін сол Қапал ауданындағы ағайындар дәледеп қойыпты. Батыр бабамызды біз іздеуге кіріскенде осы дайын дерек көп қажетімізге жарады.
Ал енді қордың басшылығы туралы айтайын. 1996 жылы беделді, белсенді ақсақалдардың ұйымдастыруымен ағайын-туыс ас беріп, сол жиында барлығы бірауыздан «Қапал батыр қорын ашайық, қордың төрағалығына Мұхитты сайлайық» деген байламға келеді де сыртымнан сайлап жібереді. Мен шетелден іссапардан оралған соң жаңалықты елден естіп бірден қарсы болдым: «мемлекеттік қызметтегі адаммын, қорды басқаруға келіспеймін», деп үзілді-кесілді бас тарттым. Ақсақалдар да, ағайын-туыс та айтқандарында табандап тұрып алып байламдарын өзгертпегеннен кейін ақыл сұрап көрген-білгені мол, абыройы үлкен қария Төкеңе, Төлепбек Назарбековке барғаным әлі есімде. «Әй, Мұхит, бұл саған Алланың берген бағы. Бүкіл ел сені сыйлап, сенім артып отыр. Бұған қайта қуанбайсың ба? Бұл қызметің үшін жалақы алмайсың. Сенімді ақтау үшін тер төгесің» деді ол. «Қорды басқарған соң жұмыс істеу керек қой» деп ойымды білдірдім. «Әрине, істейсің. Пышақты өзің ұрасың. Жұрттан ақша жинап жұмыс істеймін деген болмайды. Өзің күш салып, дүниеңді шығаруың керек. Осыған шыдайсың ба, іске кіріс. Шыдамайсың ба, онда қоя ғой», деді. Әрі ойланып, бері ойланып, ақыры келістім. Мені қуантатыны, қандай бастама болмасын жігіттеріміз өте ұйымшыл. Қандай да той, іс-шара болса да бір кісідей атсалысамыз.
Бұрын қордың төрағасы деуші еді, кейін президент деп аталып кетті ғой. Әкім Тарази ағамыз Түрікменбашы дегенді тұспалдап мені «Қапал-баши» деп күліп айтады. Жұртты жаңылыс ақпаратпен шатастырмайық, мен рудың президенті емес, өз басым қордың төрағасымын. Әлдекімдер өзін рудың прзиденті ретінде таныстырып, мұнысын орынтақ деп ойлап жүрсе, өздерінің қалауы білер. «Әр кәллада бір қиял» деген сөз бекер айтылған дейсіз бе? Жалпы, әр руды құрметтеуіміз керек. Барлық ру бірімен-бірі тең. Барлығымыздың түбіміз бір ғой. Біз тек әке жағынан бөлінгенімізбен, шеше жағынан алсақ барлық рулар бірімен-бірі біте қайнасып байланысып жатыр.
«Хатшы қызға қалжыңдауымның ақыры үйленуге апарып соқты»
-Бүгінде екінші рет үйлену, екінші әйел алу елді елең еткізетін жаңалық болмай қалғаны жасырын емес. Десек те, екі жыл бұрын «Сайрам ауданың әкімі Мұхит Әлі жұмысындағы хатшы қызына үйленіпті» деген жаңалық елді қатты таңдандырған еді.
- Әңгімені әріден бастайық. Ілгеріректе бизнесте жүрген кезімде ауылдағы ағайын-туыстың атынан бір топ ақсақалдар келді. «Келін екеуің отандасқалы қанша жыл өтсе де әлі ұлдың өмірге келмей жатқаны тағдырдың жазуы шығар. Қыздарың аман болсын. Алайда атыңды өшірмейтін, шаңырағыңның түтін түтетіп ұрпағыңды жалғастыратын ұл туылуы үшін екінші рет үйленсең келін де түсіністікпен қабылдап өкпелемейтін шығар», деді олар ашық әңгімеге көшіп. Сөздері қатты намысыма тиді. «Қыз бен ұлдың қандай айырмашылығы бар? Әке-шешеге ұлға қарағанда қыз жақын болады. Басым ауырып, балтырым сыздай қалса қыздарым шыр-пыры шығып жанымда жүр. Мұндай қадам жасамақ түгілі ондайды ойлаудан да аулақпын» деп ақсақалдарды ауылға қайтардым. Сол кезде сондай көзқарас ұстанып, сондай жауапқа қанағаттанғаныммен уақыт ағымымен жасым ұлғайған сайын ауыл ақсақалдарының ұсынысы дұрыс-ау деген ұйғарымға келе бастағаным жасырын емес. Іздеуші, сұраушы ұрпағы болмаса Қапал батыр да ұлықталар ма еді?
Екінші рет үйленуге ниеттенген ойымды әйеліме алғаш айтқанда ренжігені, ашуланып, тулағаны рас. Оған «дүние бөліспеймін, мүлік пен бизнесімнің барлығын саған қалдырамын» дедім. «Оның қажеті жоқ, жұрт қатарлы дүние-мүлікті бөліске түсірейік» деп еді, көнбедім. Екінші рет үйленіп, келіншегім ұл туғанда барып ашуы басылды. Үйленгеннен кейін Шымкенттегі үйімді тастап, ауылға көштім. Бірде сәбиіміз суықтап қалып, дәл сол күні үлкен қызым үйге қонаққа келмесі бар ма? Ауылда сәбидің жағдайын жасауға мүмкіндік аздығын айтып, таяу күндері Шымкент қаласынан қолайлы пәтер жалдап көшетінімді ескерткенмін. Қызым үнсіз ғана тыңдаған болатын. Сөйтсем, Шымкентке үйге қайтқан соң анасымен ақылдасып бізге баспана мәселесін шешіп беруге екеуі бірауыздан келісімге келіпті. Америкада тұратын кәсіпкер қызым облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрған үйді сатып алған еді. Қазір сол үйде тұрып жатырмыз.
-Әдетте үйленгенде биліктегі ықпалы зор адамның немесе байлығы асып-тасқан қалталы біреудің қызын таңдап, бақай есеппен отау құратындар аз кездеспейді. Сіздің «секретаршаңызды сындырғаныңызға» қарағанда бұл жерде ешқандай есеп емес, махаббат болды дейміз бе, қалай?
- Қарамағымдағы хатшы қызыма үйленгенім өліп-өшіп, өртенген махаббат та емес, ешқандай бақай есеп те емес, көңілдің қалауы, өмірдің таңдауы болды. Жалпы мен басшылық қызметке ілккелі бері хатшы қыздардың қай-қайсысымен де еш уақытта ашылып сөйлесіп көрмеппін, мінезім сондай. Көмекшім арқылы жұмыс істеуге әбден машықтанғанмын. Хатшы қыздың жүріс-тұрысына, кескін-келбетіне, киім киісіне, сөйлеген сөзіне айрықша мән беріп оны ауыстыруға құмар шенеуніктер көп. Өз басым қайда қызмет атқарсам да бірде-бір хатшымды ауыстырмаппын. Сайрам ауданының әкімідігіне тағайындалғанда да әдеттегідей хатшыға көңіл аудармай жұмысымды істей бердім. Шындығында хатшы қызға сырттай көз тастап іштей ұнатып жүретінмін. Бір күні жұмыста көңілденіп отырғанымда шай әкелген одан неге күйеуге шықпай жүргенін қалжыңдап сұрадым. Ол да қалжыңмен жауап қатты. «Саған үйленсем ұл туып бересің ба?», дедім. «Алла бұйыртса, туып беремін», деді. Егер маған ашуланып басқа сөз айтқанда бітті ғой, арамызда ештеңе де болмас еді. Осылайша әзілмен басталған әңгіменің ақыры некелесуге апарып соқты. Дүние-мүліктің де, бизнесімнің де бәрін бірінші әйеліме қалдыратынымды ескертіп, маған күйеуге тисе үлде мен бүлдеген оранудан бұрын алдағы кезде тұрмыстың ауыртпалықтары кездесуі әбден мүмкін екенін есіне салдым. Қарапайым отбасыдан тәрбиеленген ол сыйластығымыз сақталса ештеңден қорықпайтынын сенімді түрде айтты. Ата-анасы өте қарапайым кісілер, отбасында бес ұл-қыз бар. Кейбір қыздар тұрмысқа шыққанда алдына қандай-да мақсат қояды ғой.»Тиген күйеуім бай болса, байлыққа батып қалсам» деп ойлайды. Мен осы мәселенің бетін ашып алдым.
-Қыздарыңыз бұл шешіміңізді қалай қабылдады?
- Қызымның үлкені әуелгіде әжептеуір ашуланып, артынан ақылға сала келе түсіністік танытты. Қазір ешқандай қарсылығы жоқ.
- Ұлдарыңыздың жастары нешеде?
- Үлкен ұлым Хансұлтан 2 жастан асты. Екінші ұлымның жасы Нұрислам 10 айға толды.
-Ат байлар ұлыңыз туылғанына арнап дүркіретіп көкпар бердіңіз. «Ойпырмай, Мұхит Әлінің берген көкпарында басқасын қоспағанда бәйгеге тігілген көлік санының өзі 25-ке жетіпті» деген дақпырт көпшілікті бір дүрліктіріп тастады.
-Көкпар беруім алдын ала жоспарланған жоқ. Бәрі күтпеген тұстан өрбіді. Нұрқасым деген інім көкпар берген еді. Оған бәйгемді тігіп үйге қайтып кеткенмін. Дода аяқталғаннан кейін көкпарда тартылған серкені «жұғысты болсын» деген ырыммен менің үйіме әкеліп тұр. Барлығы осыдан басталды. Достарым, ауылдастарым жиналып «енді көкпар беруің керек» деген мәселені қабырғасынан қойды. «Көкпарға атыма-затыма сай әжептеуір шығын шығарып бәйгесін дұрыстап ұйымдастыру керек», деп қарсылық таныттым. Бұған көнбей «жұртқа жасап жүрген жақсылығыңыздың қайтарымы осындай тойда қайтпай ма, шығынды көпшілік болып көтереміз» деп қолқалап қоймаған тілеулестерімнің бәйгеге тіккен көлігінің санының өзі 11 болды. Көлік санын 25-ке көбейтіп жібергені көпшілік болған соң асыра айтылып кеткен ақпарат қой. Әрине бұдан өзге де ақшалай-заттай қомақты жүлделер бәйгеге тігілді. Көкпарда тек шабандоздардың білек күшін сынаумен шектелмей балуандардың белдесуін де ұйымдастырдық. Ат үстіндегі шабандоздар ғана емес боз кілемдегі белдесуде жеңімпаз атанған балуанға дейін бәйгеге тігілген темір тұлпар алып қайтты. Соның өзінде бәйгеге тігілмей бір көлік тіпті артылып қалды. Оны қазір ауылдағы інім мініп жүр
«Жылқышиев екеумізді тағдыр тағы жолықтырды»
- Әкесі лауазымды қызмет атқарғандардың балалары бүгінде бастық болып жататыны жиі кездеседі. Сіз еңбек жолыңызды қара жұмыстан бастап, осы деңгейге дейін Алланың берген қарым-қабілетіңіздің арқасында жеттіңіз. Өмір жолыңызға тоқтала кетсек.
- Әке-шешем үш жасымда қайтыс болып кеткен. Олардың тіпті суреттері де сақталмапты. Анам ет комбинатында, әкем театрда жұмыс істеген. Өзімнен екі жас үлкен ағам бар. Әкеден де, шешеден де айырылып біз қараусыз қалған соң атам ауылға әкетті. 7 сыныпқа көшкенімде атам қатты сырқаттанды. Содан ағамды нағашыларым қамқорлығына алып, мені Балтакөлдегі интернатқа жіберді. Интернатты тәмамдағаннан кейін Алматыдағы жоғарғы оқу орнына құжат тапсырдым. Бағым жанып студент қатарына қабылдандым.
Әлі есімде... 1969-жылдың 20 қарашасы. Далада төпеп қар жауып тұр. Үстімде жалғыз костюм. Киетін не пальто, не бас киімім жоқ. Шынымды айтайын, үйден шығуға ұялдым. Содан не керек, интертатта өскен тұл жетім балаға 1 курста-ақ жоғарғы оқу орнын тастауға тура келді. Қара жұмысты аз істеген жоқпын. 2 жыл құрылыста, 4 жыл сол тұстарда даңқы дүркіреген Шымкент қорғасын зауытында, тағы 4 жыл Фосфор зауытында тер төктім. Үйленуге, әскери борышымды өтеп қайтуға да уақыт таптым.
Зымыраған уақыт. Жоғары білім алуды жасым 27-ге келгенде ойланып автомеханикалық техникумның кешкі бөліміне оқуға түстім. Күндіз көліктерді қосалқы бөлшектермен жабдықтаушы мекемеде қатардағы қызметкер болдым. Техникумды бітірген жылы бөлім бастығы қызметіне көтерілдім. Жылдар жылжып қызметтегі өсу баспалдағым осы мекемеде бас директордың орынбасары, бас директор болып жалғасты. 1991 жылы облыстық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Болат Бабаев өзіне орынбасар болуға шақырды. Арада төрт жыл өткенде басқарма бастығының орынтағына отыру несібеме бұйырды. Облыс басшысы Зауытбек Тұрысбековтың тұсында жаңадан көлік департаменті құрылып, соны басқардым. Тұрысбековті алмастырған Қалық Абдуллаев мені бұл қызметтен алып тастады. Содан бизнеске кеттім. 2 жыл бойы алаңсыз бизнеспен шұғылдандым. Тіршілігімнің түзеліп, тұрмысымның біршама жақсарғаны осы кез. Күндердің күнінде Шымкент қаласының әкімі Төретай Бекжігітов «маған орынбасар болып кел»деді. Ұсынысын қабыл алып бұл қызметті 2001-жылға дейін атқардым. Қала әкімі мен облыс басшысы Сапарбаев екеуі өзара тіл табыса алмады. Бекжігітов қызметтен кеткеннен кейін мен де өз өтінішіммен жұмыстан босап, үйреніп қалған бизнесімнің қазығын тереңірек қағуға, қарыштап қанат жаюына күш салдым.
- Қала әкімінің білдей бірінші орынбасары қызметінен өз еркіңізбен кеттіңіз бе, әлде мәжбүрліктен бе?
- Бекжігітов қала әкімі қызметінен қаңтар айында кетті. Бірінші орынбасар болғандықтан қала әкімінің міндетін атқарушы ретінде қалдым. Осы қызметті екі ай бойы атқардым. Жасыратыны жоқ, облыс басшысы менің де қызметте қалғанымды жақтырған жоқ. Мойындауым керек, ал менің әкімдіктен кеткім келмей жүрді. Бір күні «Шымкент қаласына Болат Жылқышиев әкім болып келеді» деген сыбыс шықты. Болат Әбжаппарұлын бұрыннан жақсы танимын. Көлік департаментін басқарған кезімде ол облыс әкімінің орынбасары еді. Облыс әкімі оған маған қатысты нендей тапсырма беруі мүмкіндігін іштей болжадым да ешқайсысымыздың арамызда қарама-қайшылық туындамауын қалап, қалаға жаңа әкімі тағайындалардан бір күн бұрын өз өтінішіммен жұмыстан босадым. Қаланың жаңа әкімі Болат Жылқышиев бастапқыда бұл қадамыма ептеп реніш білдіргенімен артынан неге бұлай шешім қабылдағанымды түсіністікпен қабылдады. Өмірдің қызығын қарасаңызшы. Шымкент қаласын шырқ үйіріп басқарып іскерлігін дәлелдеген Болат Әбжаппарұлына көп ұзамай облыс әкімі тізгіні сеніп тапсырылатынын, оның бизнесте жүрген мені қайтадан мемлекеттік қызметке шақыратынын, онда да ең жауапкершілігі зор Түркістан қаласының әкімдігіне тағайындайтынын кім білген десеңізші. Тағдырдың жазуы ғой, бұл енді...Түркістаннан кейін Төле би ауданының, содан соң Сайрам ауданының әкімі болу пешенеме жазылыпты. Бүгінде міне, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына басшылық жасап келе жатырмын.
Oinet.kz мұрағатынан