«Рейтинг» газетінің 12 тамыз күні шыққан №29 санында жарияланған «Шардаралықтарды миф жобалар шаршатып бітті» деген мақала Шардара ауданының әкімі Марғұлан Марайымның шымбайына тым қатты батып кеткен тәрізді. Өзін аудан әкімінің баспасөз хатшысымын деп таныстырған Қуаныш Лаханов деген азамат үш беттен тұратын хат әкеліп тапсырды. Хат әкелуші атқарушы биліктің өкілі ретінде танысқандықтан, алғашқыда дәу де болса аудан әкімінің жазған жауабы шығар деп топшылағанбыз. Жоқ, қателескен екенбіз. Хат Шардара ауданының бір топ Құрметті азаматтарынан, еңбек ардагерлерінен келген болып шықты.
Алдымен айтарымыз, мақала Шардара ауданы әкімінің алты айдың қорытындысы бойынша берген есебінен жазылған болатын. Ресми жиналыс, ресми мәлімет, ресми адамдардың пікірі. Шардараға әдейі шағым іздеп барып жазсақ, онда жергілікті тұрғындарды миф жобалармен шаршатып біткен аудан әкімі Марғұлан Марайым шала бүлінсе түсінер ме едік. Дүйім жұрттың алдында айтылған деректерден, сыни пікірлердің шеңберінен асып кеткен тұсымыз жоқ. Егер естеріңізде болса мінін мойындамай «ыстығы көтерілген» М.Марайымның алдында есеп берген Мақтарал ауданының әкімі Қасымбек Хаметов те облыс әкімдігінде айтылған сындардан төмен қарап, ұяттан қызырақтағаны бар. Сонда бір топ қариялар қысылып тұрған әкіміне қол ұшын созып, қолдау білдірген. Бірақ бұл «сценариийге» қабақ шытқан облыс әкімі «Әкімге адвокат болудың қажеті жоқ» деп, бәрін шорт кескен еді. Жоғарыдағы ақсақалдардың бізге жолдаған хатын да сол «адвокат» болудың ары аса алмағандық деп түсінген абзал шығар (әкімдіктің дастарханынан дәм татып, шапан киіп жүретін бір топ ақсалдардың осындайда көмегі тимегенде қашан тисін?!). Хатты қариялардың көз майын тауысып өздері жазғанын, болмаса дайын мәтінге қол қоя салғанын біле алмадық. Әй, бірақ, қызметінен кетсе де, баспасөзде қанша сыналса да Қ.Хаметовтың көргені көп, тәжірибесі мол екен-ау дейміз. Өйткені ол «Рейтинг» жазған сындарға өз атынан хат жазып, мәселенің мән-жайын түсіндірген еді. Ал, «көтере алмас шоқпарды беліне байлап жүргені» әшкерелене түскен Марғұландай әкім шырақтың ақсақалдарды арағайындыққа салғанын кім қалай түсінер екен?! 15 аудан-қаланың рейтингісінде 14-ші орын алғанын мойындағысы келмегені ме, әлде жасырып-жапқысы келгені ме? Рейтингті түзген «Рейтинг» емес ресми билік. Олай болса М.Марайым жарықтықтың бізге өкпе артуы қаншалықты орынды? Одан да алқалы жиында қызметіне баға әділ берілмей бұра тарту, бұрмалау, көпе-көрнеу қиянат жасалса облыстық әкімдіктегілерге жазықсыз жазғырылғанын дәлелдеуге табандылық танытпай ма? Ресми жиынннан ресми дерекке жүгінген «Рейтингке» соқтығысқаны қай сасқаны? Әкім Марайымдікі әдепсіздік пе, әділдік іздеу ме, төрелігін өзіңіз айтыңыз мәртебелі оқырман! Сонымен хат не дейді?
Шынын айту керек, мақала ақсақалдарды қайран қалдырыпты. Сол қайран қалғандықтан болар хат иелері әңгіменің басын «Марғұлан Марайым не бүлдіріп қойыпты...олай деуге қалай аузы барды?» деп бізге дүрсе қоя беріпті. Бұдан кейін аздап аптықтарын басқан олар ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды тізбелепті. «Шардара қаласының тұрғындары аудан билігінде отырған атпал азаматтардың ерен еңбегінің арқасында ауыз суды 24 сағат пайдалануға мүмкіндік алды. 86 шақырым ауыз су құбыры қайта жаңартылды. Аудан әкімінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында «көгілдір отынның» рахатын шардаралықтардың да көретін күні алыс емес екен». Хат авторлары осыған шүкіршілік айта келе бұдан кейін құрылыстағы жеткен жетістікке ойысады. Олардың айтуынша, Шардара қаласында биыл 14 көшеге, ауылдық округтерде 4 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Б.Соқпақбаев атындағы мектептің ғимараты да аяқталуға жақын. Алдағы уақытта Сырдария өзенінен көпір салынбақ. «Осы жұмыстардың сметалық құжаттамаларын, жоспарын дайындау, оған жоғарыдағы лауазымды мекемелердің көзін жеткізіп, қаржы бөлдіру инемен құдық қазғанмен тең. Ауданның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін аудан мен Астанаға шапқылап, талай табалдарықты тоздырып жүргені бізге мәлім. Ниеті бұзық, пиғылы пасық жандар «тасадан тас атып» әкімді сүріндіруге, оның ізгі ниетін іске асырмауға тырысуда. Ал, кездейсоқ басылымдар сондай жандармен жең ұшынан жалғасуда» дейді қариялар. Апыр-ау біз не деп едік, хат иелері не деп кетті? Алдымен айтарымыз, бұл мақаланы жариялауда «Рейтинг» біреуді қаралауды немесе қиянат жасауды мақсат етпегенін, болмаса әлдебір топтармен өзара ымырыласпағанын көзі қарақты оқырманның өзі де білер деп ойлаймыз. Өйткені мақалада М.Марайымның биылдың алты айында атқарғаны жұмысы туралы облыс әкімдігінде берген есебінен жазылғанын тағы да қайталап айтпасқа амалымыз қайсы? Ондағы фактілердің барлығы сол жиында айтылған, оны анау-мынау емес, облыс әкімінің, оның орынбасарларының, басқарма бастықтарының келтірген деректері. Оларды кім жоққа шығара алады? Егер бізге сенбесеңіздер, әкіміміздің артына шам алып түсті дейтін болсаңыздар облыстың бас ресми газетінің жазғанына неге иланбайсыздар?! «Оңтүстік Қазақстанда» «Шардарада шалағайлықтар шаш-етектен» деген тақырыппен жариялаған материалда Шардараның бүгінгі жағдайы алақандағыдай ап-анық жазылды емес пе? Әкімдеріне шаң жуытқысы келмеген ақсалдар Шардарада 7 мың гектар жердің игерусіз жатқаны, ауданда тамшылатып сурауға байланысты берілген тапсырмалардың жартылай ғана орындалғаны, ауылдарда судың тәулігіне 6-8 сағат қана берілетіні, былтыр ауданда жұмыспен қамту бөлімі арқылы бірде-бір адамның қызметке қабылданбағаны, жұқпалы аурулардың белең ала бастағаны, аудан орталығындағы 72 қабатты тұрғын үйлердің жылу мәселесінің шешілмегені жөнінде неге бір ауыз уәж келтірмейді? Табиғи газ, Шардара қаласындағы ауыз су, жол құрылысы туралы мақалада бір ауыз да сын жоқ еді, хат иелерінің қай-қайдағына қоздатып отырғанына біз де қайран қалып отырмыз.
Айтқандай, «Тоқырау кезінде талан-таражға түсіп, әбден шаршаған Шардара енді ғана есіне жиып, етегін жауып келеді» деген сөзге қарап отырып, Қызылқұмның қойнауында жайылып жүрген отар-отар қойлардың үстіне бозторғай жұмыртқалап, Шардараның халқы шалқып өмір сүріп жатыр екен деп ойлап қалауыңыз мүмкін-ау. Бірақ қадірменді да қазыналы қариялар, бұл сөздеріңіз қисынға келмейді ғой. Егер солай болса 15 аудан-қаланың рейтингісінде Шардара ауданы соңынан санағанда екінші, басынан санағанда 14 орын алғанын қайда қоямыз? Жоқ, бәлкім ары-бері шапқылап, талай табылдарықты тоздырып жүрген ауданның атпал азаматы Марғұлан Марайымның еңбегіне баға берген облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың, оның аппарат қызметкерлерінің ниеті бұзық, пиғылы пасық па?!
«Көрмес түйені де көрмес». Мақала авторы Айбар Алшын бүлдірген ісін мойнымен көтеруге жігерсіздік танытты ма» дей келе ақсақалдар өз сөздерін былай деп аяқтапты: «оны Шардараға шақырып, Қызылқұмның шағылына табынын күйдіріп, аспан айналып жерге түсер аптап ыстықта, елдің жағдайымен таныстырып, атқарылып жатқан істерді көзіне шұқып тұрып көрсетуге біз дайынбыз» («мұрнынан тесіп жетелеп» демегеніне шүкір. Ред.). Апыр-ау, естіген-білгенін, көз жеткізгенін жазған журналисті соншама азаптайтындай сіздерге не көрінген?! Шардара ауданында атқарылып жатқан игі тірліктерді Қызылқұмның ыстық құмын кешпей-ақ, көріп жүрміз, жазып жүрміз емес пе? Егер білмейтін болсаңыздар «Рейтинг» газетінің өткен-кеткен нөмірлерін парақтап көрулеріңізге болады ғой. Биылдың өзінде Шардара ауданы туралы оң көзқарас қалыптастыратын бірнеше мақала жарық көрген. Оның ішінде Шардараның күріші де, қызылшасы да, қант зауыты да, аудан әкімінің ой-пікірі де бар. «Рейтинг» аудан әкімінің қыр соңына түсіп алған жоқ. «Ер тоқымын бауырына алып тулайтындай», әлдібіреулерді араға салып артық—ауыс әңгімеге баратындай М.Марайымда ұзында өшіміз, қысқада кегіміз жоқ. Барды бар, жоқты жоқ деп жаздық. Осы базбіреулердің мақтағанды емес, тек сынап-мінегенді көзі шалатыны несі екен, ә?! Күлбілтелемей турасына көшсек нені жазсақ та әкім қай жерді қаласа сол жерде жауабын беруге, әдеби тілмен айтқанда «Қосабаның басында кездесуге» біз әркезде дайынбыз.
P.S. Әйтеуір дәл бүгін Шардара ауданының әкімі Марғұлан Марайымның мазасыз күндері жүріп жатқандай көрінеді бізге. Оған негіз де жоқ емес-ау. Алты айлық есепті ойдағыдай тапсыра алмады. Облыс басшысының берген төмен бағасы, тіпті «тәрбиелеп отыруға уақыт жоқ» деген сөзі күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырып, құлақта ызыңдап кетпей жүргені айдан анық. Шекара бойынан ішкері көшуі тиіс арнайсылақтардың бұқаралық ақпарат құралдарын шулатып жатқаны анау. Шардараның кемерінен келіп, Сырдарияның тасуға шақ қалып тұрған мынау. Ол дегеніңіз енді есіл уақыттың басым бөлігі дарияның бойындағы халықты көшіруге, сақтық шараларын жүргізуге жұмсалады деген сөз. Ал, осындай қысылтаяң кезде өзінің алдына қойған ірі-ірі жобаларды жүзеге асыруға М.Марайымның қаншалықты мүмкіндігі болады? Тоғыз айлық есепті беретін күнде алыс емес-ау. Кімнің кім екенін уақыттың өзі көрсетер.
Айтпақшы ресми жиыннан айтылғын ресми деректердің шындық екенін шырылдап айтып Шардара жақтан қоңырау шалушылар, хат жолдаушылар көбейіп келеді. Елдің жағдайымен танысуға Сіздер шақырған екенсіздер, біз де шақырғаннан қалмауды ұйғардық. Шағалалы Шардараның шалағай тірліктері азайып, шарықтап дамыған күндері көп болғай!
Оinet.kz мұрағатынан