Қазір Дінмұхаммед Қонаев туралы естелік айтушылар көп қой. Әсіресе, кешегі Кеңес Одағы кезінде билікте жүрген, Димекеңнің көзін көріп, қолын алғандар бүгінде ол кісі туралы естелікті жыр қып айтады. Алатаудай алып тұлға, байсалды Димаш ақсақалдың айтқан сөзіне, істеген тірлігіне тамсанып, «жарықтық-ай, әулие екен ғой» деп көзіне жас алып жататындар аз емес. Ол қариялар бір жағы Қонаевты аңсайды, бір жағы сол қоғамды, дәурені жүріп тұрған кезін аңсайды, әйтеуір, өткенге деген бір сағыныш бар. Дүние бірде көл, бірде шөл... Сол бір 86-жылдың желтоқсанында Қонаев ақсақал қызметінен кеткеннен кейін оның қолын алуға қорқатын заман болғанын жасыруға болмас. Тегінде Дінмұхаммед Қонаев өзінің өмір жолы, қызмет еткен жылдарынан естелік жазған кітабының атын «Өтті дәурен осылай...» деп бекер қоймаса керек. Сол жылдары адамның абырой-беделін, дәрежесін тек қызметпен ғана өлшейтін қулар үшін Қонаевтың күні батқаны анық еді. Бірақ, саф алтын ешқашан өзінің құнын жоғалтқан емес. Қонаев әлдеқашан-ақ халықтың жүрегінде алтындай жарқырап, мәңгілік жарық шашып тұрған болатын. Жазушы Мамытбек Қалдыбайдың «Москваға соңғы сапар» атты әңгімесіндегі Қонаевтың жеке күзетшісі Анатолий Ивановичтің естелігін бей-жай оқу мүмкін емес. Оқиға Мәскеу қаласында, Қонаев қызметінен түскеннен кейін болған.
«... Димаш Ахметұлы, дәрігер Ахат, мен үшеуіміз үлкен залға қарай кетіп барамыз. Қарсы алдымыздан әлдекімдердің дауыстап сөйлегендері, біреулердің көңілді, жарқын әзіл-қалжыңдары естіліп жатты. Әсіресе, Демиденконың дарақылана күлген таныс күлкісі құлағыма түрпідей тиді.
-- Мынаның күлкісінің өзі соншалық дөрекі ғой, -- деп Димаш Ахметұлы жүрісін баяулата түсті. Мен сәл алда келе жатқам. Ілби басып, ішке ендік. Үлкен залдың оң қанатын түгел біздің қазақстандық обкомның бірінші хатшылары, облыстық атқару комитетінің төрағалары жайлап алған екен. Бәрі бізді көріп су сепкендей тым-тырыс бола қалды.
Басқа республикалардан, Ресейден келген делегаттар:
Сәлеметсіз бе, Димаш Ахметұлы, денсаулығыңыз қалай? – деп қоғадай жапырылып амандасып, хал-жағдайын сұрасып жатыр. Біздің 19 облысымыздан барған 38 қазақстандықтардың біреуі кеп, Димаш Ахметұлына сәлем берген жоқ. Бәрі бастарын төмен салып, тамақтарын тез-тез ішіп, тез-тез басып, залдан шығып кетті. Сен осы сұмпайы көріністі көрдім»
Әрине, Қазақстанға басшы болып Колбин келгеннен кейін қилы-қилы кезең өткені белгілі. Шынында Қонаевтың қолын ала қалса, сынықтан сылтау іздеушілер оның қызметіне қауіп төндіретін заман да болғаны рас. Бірақ, елімізде тәуелсіздік туы желбіреп, ел арасы бөлінген кезде де Қонаевпен тығыз араласуға қорқатын басшылар болғанына таң қалмасқа шараң жоқ. Сонау 1992 жылы Жамбыл облысының Талас ауданында малшылардың слеті өтеді. Осы жиынға таластықтар Д. Қонаевты арнайы шақыртады. Негізі Талас жері – Дінмұхаммед Қонаевтың ата-бабасының ежелгі қонысы. Ол кісінің ата-бабалары осы топырақта дүниеге келіп, осы топырақта түтін түтетіп, кейінірек Балқаш жаққа қарай қоныс аударған екен. Сол жолы Димекең Талас ауданы арқылы Оңтүстік Қазақстан облысына, одан Ташкентке өтіп, ел ішін бір армансыз аралайды. Сол сапарында Димекең Ойық ауылындағы Бөлтірік шешеннің басына құран оқытып, ата-бабаларына құран бағыштайды. Бұл Димаш ақсақалдың елімен ұзақ дидарласқан соңғы сапары еді. Сол жолы Жамбыл жеріне аяқ басқан Дінмұхамед Қонаевтың алдынан облыс басшысы Өмірбек Бәйгелдінің шықпағанын, шынын айтқанда облыстың шекарасынан қарсы алып, Димекеңмен бірге жүруге жүрексінгенін бүгінде ел сан-саққа жүгіртіп айтып жүр. Облыс басшысы Димекеңнің қолын алуға тек той үстіне келген көрінеді. Міне, сондай да заман өткен.
Жамбыл облысы, Талас ауданының Құрметті азаматы Берден Байқошқаровтың әңгімесін тыңдап отырсаңыз, Қонаевтың тым қарапайым жан болғанына анық көз жеткізесіз. «1984 жылы Қордай ауданының басшылығынан кеттім, -- дейді Берден ақсақал. -- Ол кезде жарытып дүние жинауды білмейміз. Балаларымыздың ес біліп қалған кезі. Алғашында ептеп жәрдем бердім, әйтеуір балаларым өз кәсібін тауып кетті. Бір жолы үлкен балам келді. «Көке, мен бір компания аштым» деп... Екі-үш айдан кейін тағы келді. «Көке, банк аштым» деп. Таң қалдым. «Әй, мыналарың сұмдық қой. Табан астында қандай компания, қандай банк?!». Үлкен балам бірде маған Америкадан бір шетелдік көлік алып келіпті. «Мынау алғашқы табысым еді, мініп көріңіз» деді. «Форд-сиерра» көлігі. Былай-былай жүргізіп көрдік. «Ұнады ма?» дейді балам маған қайта-қайта жалтақтап. «Ұнады». Үйге келген соң кемпірге айттым. «Балаларға жақсылап бір дастарқан жаса, кеңірек отырып әңгімелесейік». Дастарқан басында балам әкелген көлігін әңгіме етіп, мақтап отыр. «Шынында ұнады ма сізге?» деп қояды. «Иә, ұнады, -- дедім балама қарап. – Бірақ мен мұны міне алмаймын» «Неге, ұнамай қалды ма?» Баламның түрі бұзылып кетті. Сосын жәй айтып түсіндірдім. «Сен білесің ба, балам? Кеше ғана Димекең саяси бюроның мүшесі еді. Мықты, тек ел басшыларына ғана арналған көлікпен жүретін. Зейнеткерлікке шыққанда «Волга» мініп шықты. Әрине, «Волга» біздің маңдай алды көлігіміз ғой. Бірақ еуропалықтар «Волганы» «Праганың тракторы» дейді. Димекең «Праганың тракторын» мініп жүргенде мен қалай шетелдің көлігін мінемін, балам? Мен кіммін? Ол кісі кім? Сен алдымен сол кісіге көлік мінгізіп, ризалығын алсаң, содан кейін не әкеп берсең де мінемін» дедім. Содан балам әлгі көлігін алып кетті де, көп ұзамай «жақсы бір көлік алып қойдым» деп хабар берді. Барып көрдім. Аппақ арғымақтай жасанған сүйкімді көлік екен. Көлікті алып, баламды Димекеңе ертіп бардым. Жұмыс бөлмесінде отыр екен. Жайғасып, біраз әңгімелесіп болған соң «Димеке, мына немереңіз сізге бір арғымақ алып келген екен. Есіктің алдында байлаулы тұр. Көріңізші» дедім. Димекең «бұл не әңгіме?» дегендей таңданып қарап қалды. Балам екеуміз түсіндіріп жатырмыз. Содан сыртқа шығып көлікті көрді. Алдыңғы есігін ашып, орындығына отырды. Артқы орындығына отырып көрді. Сөйтті де «пойдет» деп күліп жіберді. Көліктің кілтін беріп, құттықтап болғаннан кейін Димекеңнің маған айтқаны ғой: «Берден, сен білесің бе... Мен табысымның бәрін балалар үйіне, тұрмысы нашар отбасылардың студент балаларына бөліп-бөліп бергенмін ғой. Шынымды айтсам, кей кездері мына көлігімнің бензинін табудан да қысылып қаламын».
Сол сәтте көзімнен жас шығып кетті. Қазақтың қасиетті ұлын қандай жағдайға жеткізгенбіз?!. Димекеңді қатты аяп кеттім. «Немерелеріңіз аман болса бәрі болады» деп ытқып шыққан көзімдегі жасты көрсетпестен бұрылып жүре бердім. Димаш аға дүниеден өткенінше сол балам мінгізген көлікпен жүрді».
Ал, белгілі айтыскер-ақын Мұхамеджан Тазабеков «Дінмұхаммед атамыздың Рахымбай деген бала күнінен бірге өскен жолдасы бар. Сол айтты: «Ел басқарып тұрған кезінде Димекең жұма намазы оқитын» деп... Және де шетелге шыққанда діни кітаптар мен таспаларға көбірек көңіл бөледі екен» деген әңгімені айтады. Кім білген... Тегінде адам алдымен бүкіл адамзаттың жүрегі мен тағдыры қолында тұрған Алла Тағаламен қарым-қатынасын дұрыстау керек екен ғой. Кімнің Жаратушысымен қарым-қатынасы дұрыс болса, Алла Тағала оның басқа адамдармен қарым-қатынасын дұрыстап қояды. «Аққа Құдай жақ» деген, Кеңес заманының өзінде шамасы жеткенінше Раббысымен қарым-қатынасын дұрыстауға тырысқан Дінмұхаммед атамыздың басына іс түскенде Алла Тағала оны зауалдан сақтап қалды емес пе?!.
Ел билеген жылдары Қазақстанда 47 қала салдырған Қонаевтың басты қасиеті -- өте қарапайымдылығы еді. Бұл қасиет кез-келген басшының бойынан табыла бермейді ғой. Димекеңнің де өмірден өткеніне, үлкен жүректің тоқтағанына да 18 жыл болыпты. Өтіп жатқан уақыт... Бойы қандай биік болса ойы да сондай терең тұңғиық Қонаев қазақтың ұлын – ұлым, қызын – қызым деп өтті ғой, жарықтық... Біздіңше ол кісінің даналығы, ұлылығы – жан-дүниесінің тазалығында еді.