ОҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының су жаңа бастығы Нұржан Әлтаев алғаш қызметке тағайындалғанда оның мамандығының тізгін ұстаған саласына сәйкес еместігін, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесі орасан, маңызы зор басқарманы басқаруға тәжірибесі жеткіліксіз екендігін алға тартып, сын айтқандар да табылып жатты. Сөйткен сыншылар Әлтаевтың ешкім күтпеген тағы бір кемшілігін байқамай қалған екен.
Облысымызда қатынас құжаттарының толықтай қазақ тіліне өткеніне орай осыдан он жылдан астам уақыт бұрын бір-бірімізден сүйінші сұрасқан едік. Шын қуанғандар «ұзағынан сүйіндірсін» десіп жатты. Облыс деңгейіндегі басшылардың арасындағы орыс тілділердің өздері мемлекеттік тілде тіл сындыруға талпынып, тоң жібігендей болып еді. Өкінішке орай су ішінде жатса да жібімей қалған «айсбергтер» арамызда әлі де бар ұқсайды. Кешегі аптада өткен облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде мінбеге шығып, баяндама оқыған Нұржан Әлтаевтың ойын орысша жеткізгені былай тұрсын қазақша сәлемдесуге де қиналғаны құлаққа ерсі естілді. Тіпті қазақша қойылған сауалға да «ресми» тілде жауап қайырғанын қайтерсіз. Әйтеуір әп-сәтте қазақ тілін босағадан сығалатып қойды. Бірақ, оны да түсінуге болады, жоғарыдан «тәйт» деп тыйып тастайтын ешкім болмаған соң тізгінді еркін босатқаны шығар.
Тоқпағы күшті болса киіз қазық та жерге кіреді демеуші ме еді атам қазақ. Мемлекеттік тілде сөйлеуге мәжбүрлейтін жанашыр азамат болса мінбеде тұрып орысша шүлдірлеген шенеуніктердің қатары мүлдем жоғалар ма еді?
Oinet.kz мұрағатынан