Өткен жылы кенеден келген кесел ойда-жоқта бірнеше адамның өмірін қыршынынан қиып, жұқпалы дерт жұртты ұлардай шулатқан белгілі. Биыл тағы да бұл кесел күн тәртібінен түспей тұр. Ілгеріде малдың үстінен кенені жұлып алып, саусағымен сыға салатынын айтатын аға буын өкілдері қазір кене десе кірпідей жиырылатын дәрежеге жеткен. Неге? Бұрын қауіпті бола қоймаған кенелер қазір неге жұртты соншалықты дүрліктіріп жатыр? Мамандар мұны соңғы жылдары дәрілеу, залалсыздандыру жұмыстарының тоқтап қалғандығымен байланыстырады. «Елемеген ауру жаман» демекші, кенеден келетін кесел орны толмас опық жегізе бастаған тұста бюджеттен жаппай қаржы бөліне бастады. Талай уақыттан бері бақыр тиын да бөлінбей келіп соңғы кезде ғана залалсыздандыру жұмыстары қызу қолға алынды. Қыруар қаржы жұмсалып, кенелердің көзін жоюға жасалған әрекеттер қаншалықты нәтиже беріп жатыр? Өкінішке қарай көңіл көншітпейтін көрсеткіш көпшіліктің бойына үрей туғызып отыр.
Сәуір айында облысымызға арнайы ат басын бұрған еліміздің бас санитар дәрігері Кеңес Оспанов былтыр бұл кезеңде бірде-бір аурудың тіркелмегенін ескерткен еді. Соның өзінде былтыр көкала жұқтырған 30 адамның 8-і абайсызда ажал тырнағына ілігіп, көз жұмды. Соңғы мәліметке сүйенсек бүгінде кене шаққан адамдардың саны 11 мыңға жуықтап қалған. Тексерілген 30 мыңнан астам кененің 100-ге жуығынан қырым қанды безгегі ауруының қоздырғыштары табылған.
Маусым айының басында өткен алқалы жиында облыс басшысы Асқар Мырзахметов «кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргiзуге қосымша қаржы бөлiндi. Үкiметтiң арнайы қаулысымен республикалық бюджеттен 780 миллион теңге қаралды. Бiрақ, кене шаққандар саны әлi де артып келедi. Демек, залалсыздандыру жұмыстары сапасыз жүргiзiлуде. Залалсыздандырылған жерде адамдарды тағы да кене шағып жатса, оған жауапты адамдар жазалануы тиiс. Мал шаруашылығымен айналысатын аудандарда бруцеллезге қатысты жағдай да аса күрделi. Қазiр көрсетiлiп отырған мәлiметтердiң растығына күмән келтiремiн. Аудан әкiмдерi шынайы жағдайды жасырып отыр. Бұл мәселенi қайта зерттеп, атқарылуы тиiс жұмыстарды анықтауды тапсырамын», - деген болатын. Еліміздің бас санитары Кеңес Оспанов та әкімнің әңгімесін қолдап, залалсыздандыру жұмыстарының сапасыз жүргізіліп жатқанын қадап айтқан еді. Кенелермен күрес мәселесі талқыланған тағы бір жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов «егер залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген аймақтан қайтадан көкала бас көтерсе, жергілікті әкім қызметтен кетіп, оның және залалсыздандыру жұмыстарын жүргізген мердігер компанияның ісі құқық қорғау органдарына беріледі» деп ескерткенін қосып қойыңыз.
Қатаң талап қойылып, сынның сөз болғанына да біршама уақыт өтті. Содан бергі уақытта қырым қанды безгегі бірнеше ауданда қайта тіркелді. Бүгінде «облыс басшысының тиісті азаматтарға шара көру керектігі жөніндегі тапсырмасының ендігі тағыры не болады?» деген сауал көпшіліктің көкейінде тұр. Заласыздандыру жұмыстарының жүргізілуіне жауапты лауазым иелерінің қызметінен босағаны, мердігер компанияның құқық қорғау органдары алдында жауап беріп жатқаны жоқ. «Қазір қауіп сейілді, кенеден келетін кеселдің беті қайтты, ендігі залалсыздандыру науқаны күзде жалғасады» деп жүргенде тағы екі адамды кене шақты. Облыстық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасының аса қауіпті аурулар бөлімінің бастығы Шорабек Бостановтың айтуынша соңғы тіркелген екі оқиғаның біреуі Сарыағаштың Ақтөбе ауылдық әкімдігінің Қызыләскер бөлімшесінде, екіншісі Қазығұрттың Рабат ауылдық әкімдігі, Амангелді ауылында орын алған. Сарыағаштық әйел кенені малдың денесінен қолымен суырған сыңайлы. Ол маусымның 17-күні Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. Ал Қазығұрттағы кенеден зардап шеккен азамат әйелі екеуі сәуірдің 30-нан бері жеке кәсіпкердің малын бағады екен. Ол да ауруханаға маусымның 17-күні түсіпті. Қоралар биыл түгел залалсыздандырылғанымен бәрібір кенелердің бас көтеруі тоқтамай тұр. Енді тағы дәріленеді. Бұл екі азаматтың да қырым қанды безгегін малдағы кенеден жұқтырғаны толық анықталыпты. Алайда аудан басшылары мұнымен келіскісі келмейді. Сонда кімнің сөзіне сенуге болады? Денсаулық сақшылары жалған сөйлегені ме, әлде облыс әкімі айтқандай аудан басшылары шынайы жағдайды жасырып отыр ма? Саниэпидемиологтар жоқ ауруды бар етіп көрсетуден не ұтады? Біздіңше ұтатын ештеңе де жоқ. Ал аудан әкімдері облыс басшысы айтқандай шынайы жағдайды жасырып қалған болса, мұның ақыры бәрібір жақсылыққа апарып соқтырмасы анық. Текетірес қашанға дейін жалғасар екен? Кенеден келетін кесел тоқтамай, екі ортада елдің үрейі басылмай отыр.
Шоқан Кенжеев, Ордабасы ауданының әкімі: СЭС-тің өзі үш рет тексергенде кене шыққан жоқ еді
- Біз тек ауылдардағы мал қораларды ғана дәрілеп, малдарды бүріктік. Залалсыздандырылғаннан кейін қорада кене шаққан жағдай орын алған жоқ. Әрине, аудандағы бүкіл жайылымды дәрілеп шығу мүмкін емес, ал жайылымда кенелер өріп жүр. Жайылымдар үшін тағы да қосымша қаржылар қаралып жатыр екен ғой.
- Облыстың санэпидемиологтары Қазығұрт ауданында тіркелген екі бірдей аурудың Ордабасы ауданындағы мал қорадан жұққанын, оның біреуінің қайтыс болғанын, сондай-ақ, ауданның өзінде тіркелген үш оқиғаның біреуі қорадағы малдан жұққанын айтып отыр. Бұған не дейсіз?
- Қораларды санэпидемиологтардың өздерінің адамдары келіп тексерді. Бір емес, үш рет. Ешқандай да кене шыққан жоқ. Кенеден зардап шеккен адам алқапта ұйықтап қалған ба, сондай.
Мұхтар Момынов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары: Кене емес қарақұрт шаққан сияқты
- Қырым қанды безгегіне деп күдік туғанымен, диагноз толық расталған жоқ. Қатынаста болған адамдар тексерілді, фельдшер де күдік расталмағанын айтып отыр. Зардап шегушінің өзінің айтуы бойынша оны бидай алқабының басында әлдене шағып алған да сол жерде құлап қалған. Соған қарағанда оны қарақұрт шаққан сияқты. Өйткені, кене шаққан жағдайда ол бірден құламас еді, оның уы денеге біртіндеп таралады. Жалпы алғанда заласыздандыру жұмыстарынан кейін ешқандай кене шағу оқиғасы тіркелген жоқ.
Мақсат Мырзабаев, Сарыағаш ауданының әкімі: Оны кене шақпаған
- Біз мал қоралар мен малдарды бүркідік, ал көп жағдайда кенелер адамдарды алқапта жұмыс істеп жүрген жерінен шағып жатыр. Біздің ауданның көлемі өте үлкен.
-Ал соңғы кене шағу оқиғасы қайда болды, алқапта ма, қорада ма?
- Қайсысы?
- Маусымның 16-17-леріне болғаны.
- Осы айдың 17-леріне ме? Маған ондай мәлімет берілген жоқ. Сіз айтып отырған азамат мұрнынан қан кеткендіктен қырым қанды безгегі болуы мүмкін деген жорамалмен ауруханаға жатқызылғанымен, оны кене шақпаған, қан қысымының көтерілуінен зардап шеккен. Санэпидемиологтар тарапынан оның қаны тексеруге алынған, әлі расталған жоқ, яғни дәлел емес деген сөз. Ол азаматтың қорасында малы да жоқ. Ауданымызда залалсыздандыру жұмысы жүргізілгеннен кейін ешқандай кене шағу оқиғасы тіркелмеді.
Oinet.kz мұрағатынан