Қанат Бозымбаев, Жамбыл облысының әкімі
Құзырлы мекемелердің қолымызға ұстатқан мәліметіне қарасақ, өткен наурыз айында Жамбыл облысында 6 кәсіпорын жұмысын тоқтатыпты. Оның төртеуі Тараз қаласының еншісінде. Сондай-ақ облыс орталығындағы тағы төрт кәсіпорынның жұмысы жарым-жартылай ғана жүріп тұр. Жыл басынан бері «Тұрғын үй» бағдарламасы бойынша коммуналдық және ипотекалық үй құрылысына республикадан бөлінген 98,9 миллион теңгенің 3,5 миллионы ғана игеріліпті. Тіпті Мойынқұм ауданында бірде-бір тұрғын үй пайдалануға берілмеген. Әрине, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша облыста жұмыссыздық деңгейі біршама азайды, бірақ әлі күнге дейін Қордай, Т. Рысқұлов, Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандарында жұмыссыздық деңгейінің төмендемей тұрғанын жасырудың қажеті жоқ. Міне, бұл фактілердің бәрі Жамбыл облысының І тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын талқылаған үлкен жиында айтылды.
Әрине, әр әкімнің өзіндік жұмыс тәсілі бар. Бұл жағынан келгенде Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев өте талапшыл, істің жөнін білетін, күліп отырып, ойыныңды осып жіберетін өткір басшы екенін байқатты. Бозымбаевтың Әулие ата жеріне әкім болғанына бес айдан енді асты. Әлі күнге командасын жасақтап жатыр. Бәлкім Бозымбаевпен бір командада болу бақыты бұйырып, жаңа қызметтің құлағын ұстағандар «келгеніміз міне, әлі-ақ үлгереміз» деп арқаны кеңге салған болар?! Құдай біледі, биыл Таразда төрт-ақ күн қатты қыс болды. Сол төрт күннің алдында Тараз қаласына әкім болып тағайындалған Ертарғын Астаев асып-сасып, бір сәтте алдындағы тірлігін қожыратып алған болатын. Сол қала әкімінің жұмысы көктем шыққалы да көктемеген көрінеді. Қанат Бозымбаев облыста жарияланған екі айлық көріктендіру жұмыстарында қала әкімінің сылбыр қимылдағанын қатты сынға алды. Әлі күнге кейбір көшелердегі тал-терек әктелмеген, арық тазаланбаған, қаланың 30 пайыз шамдары түнде жанбайды. Жарық жанбақ түгілі, қалада осы іске басшылық ететін мекеме әлі құрылмапты. Сондай-ақ жыл басында Меркі ауданына әкім болып тағайындалған Сапарғали Жұмағұловтың да қазіргі жұмыс қарқынына қарның ашады. Алматыдан ат ауыстырып келген Жұмағұлов құдай біледі, Меркінің ауылдарын жақсы танымайтын да секілді. Түрі -- қазақ, тілі -- орыс Жұмағұлов облыс басшысының алдында І тоқсандағы жұмысы туралы жарытып ештеңе айта алмады.
Тағдыр өзі Мойынқұм ауданының әкімі Б. Рысмендіге бірде бүк, бірде шік. Облысты С. Үмбетов басқарған кезде Рысмендінің асығы алшысынан түсіп, экономикасы мықты Шу ауданына әкім болды. Одан кейінгі облыс әкімі Б. Жексембин мен Рысмендінің арасы анау айтқандай жақсы болмады да, Меркі ауданына сырғыды. Бірақ Жексембин оны үнемі уысында қысып ұстап отырды да, обалы не керек, Б. Рысменді шырылдап жүріп, о баста Меркіде әжептеуір тірліктер атқарды. Қалай ептегенін қайдам, Б. Рысменді қазір Бозымбаевқа жол тапқан сыңайлы. Соңғы кездері үстінен арыз жазылып, меркілік халық қалаулыларымен соттасып, жұмысынан береке кете бастаған Б. Рысменді жыл басында қияндағы Мойынқұм ауданына ауысып кетуі осы сөзімізді дәлелдей түссе керек. Бірақ, айттым ғой, Болат Рысмендіге баяғыдай мықты тоқпақ керек. Мемлекеттік қызметте үлкен тәжірибесі бар Рысменді қай істі шындап қолға алса, үйіріп әкетеріне сөз жоқ. Бірақ, түкпірдегі Мойынқұмда «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ» болған соң, Рысменді тіптен арқаны кеңге салған сияқты. Мойынқұм ауданындағы Мыңарал және Хантау елдімекендеріндегі цемент зауыттары Жамбыл облысындағы ең ірі жобалардың бірі. Алдағы шілде айында пайдалануға берілуі тиіс бұл екі зауыттың құрылысы қазір тоқтап тұр. Қаржы жоқ. Ал, осы кемшілік облыс әкімінің бірінші орынбасары Мойынқұмға барғанда кезінде бір-ақ анықталған. Су ағатын кішкентай әуіттің құрылысын жасырса бір сәрі, үлкен зауытты жасыру деген ақылға сыймайтын нәрсе ғой. Сондағы Болат Рысмендінің ойлағаны не? Кемшілікті жасырып-жауып, өзі жақсы көріну ме?
«Көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» деген, Бозымбаевтың өзі қызметке қойған әкімдері көп өтпей-ақ осылайша сүрініп, ұрыс естіп жатқанда, ескі командадан қалған бірен-саран жігіттердің мүлдем есі шығып жүргені анық. Қазірдің өзінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен білім басқармасының бастықтары өз еріктерімен жұмыстарынан кетті. Тоқсанды қортындылаған сол жиында Қанат Бозымбаев тағы бірқатар басшылардың жұмысын қатты сынға алып, креслоларын жар басына тақап қойды. Облыс әкімі тек Қордай мен Сарысу аудандарының жақсы жұмысын басқаларға үлгі тұтты. «Қай қызметкер жұмысты жақсы, адал атқарады, сол менің командам, ал, құда-жекжат, нағашы-туыс арқылы адам салып, қызметке келемін дегендер, әуре болмай-ақ қойсын» деп кесіп айтты облыс әкімі. Шынында бизнес саласынан келген Қанат Бозымбаевтың қазіргі қарқынына тек қолынан іс келетін, іскер басшылар ғана төтеп беретін шығар.
Оралхан ДӘУІТ,
Жамбыл облысы
"Рейтинг" газеті №17, 13 мамыр 2010 жыл