Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа!
Құрметті Елбасы мырза!
Еліміздің заңдары бойынша кез-келген адамның сот төрелігіне жүгінуге құқығы бар. Алайда азаматтардың талап-арыздарын қанағаттандырып, әділ шешім шығарады деген судьялар өкінішке қарай, төрелік таразысын тең ұстай алмай отыр. Конституциялық құқығым көпе-көрнеу бұзылған соң, амал жоқ, өзіңізден жәрдем сұрауға мәжбүрмін.
Менің Шымкент қаласының тұрғыны Е. Югаймен арадағы жер телімі мен құрылысы бітпеген өндірістік-техникалық қоймаға байланысты дауға нүкте қойылмағалы осыменен тоғызыншы жылға аяқ басты. Әділ кесімін айтады деген соттың төрелігінде тұрақ болмай тұр. Біресе мені, енді бірде Шымкент қалалық жер ресурстары басқармасын қайта-қайта сотқа сүйрелеген Е.Югай алғашқы сотта ұдайы жеңіліске ұшыраумен болған. Алайда былтырғы тамыз айынан бастап кенеттен судьялар күрт өзгеріп, арызданушының талабы орынды деген пікір айта бастады. Біздің пайдамызға шешілген облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі және қадағалау алқаларының қаулылары жарамсыз болып шыға келді. Қадағалау алқасының қаулысымен Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Ғ. Шайбекова істерді біріктірген түрде қайта қарап, Е. Югайдың жылдар бойы жоғалтып келген ұпайының бәрін сот шешімімен лезде түгендеп бергені таң қалдырып отыр.
С. Дзюлиев төрағалық еткен облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы 2008 жылдың 10 желтоқсанында қарсы жақтың апелляциялық шағымын қарағанда әділдіктен әлі де күдерімізді үзбеген болатынбыз. Алайда оның шешімді өзгеріссіз қалдыру туралы қаулы қабылданғанына қайран қалдық. Ең бастысы, судья Шайбекованың тоғыз жылға созылып, әбден шиеленіскен мәселені қарау барысында сотқа даулы жер мен құрылысы бітпеген қойманың бұрынғы егесі «Теміржолмүліктің» өкілдерін, не одан кейінгі заңды қожайыны мені қатыстырмастан шешім шығарғанын түсіне алмай далмын. Енді сотта «дәлелденбей қалған» деректер мен дәйектерге тоқтала кетейік.
1989 жылдың 6 маусымында Халық депутаттары Шымкент қалалық кеңесі атқару комитетінің №467 шешімімен Алматы темір жолының Шымкент бөлімшесіне өндірістік-техникалық қойманы жобалау және құрылысын салу үшін жер телімі бөлінген. 1992 жылы «Қазжелдорпроект» институты «СМП-711» мекемесі жүргізген осы құрылыстың сметалық-жобалау құжатын дайындаған. 2000 жылдың 9 ақпанында «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Абылай Мырзахметовтің бұйрығымен бірқатар нысандар «Теміржолмүлік» еншілес мемлекеттік кәсіпорнының иелігіне өткен. Солардың бірі Алматы темір жолы Шымкент бөлімшесінің қарамағындағы құрылысы бітпеген өндірістік-техникалық қойма. Оны мен сату-сатып алу келісім- шартымен алып, бұл жөнінде қабылдау-өткізу актісі түзілген болатын. «Жер туралы» Заңның 37- бабында құрылысы бітпеген ғимарат пен ол орналасқан жер телімі екеуі бір-бірінен ажыратылмайтыны тайға таңба басқандай көрсетілген.
Қысқасы, осыған сәйкес 2001 жылдың қазан айында өндірістік-техникалық қойманың бітпеген құрылысын сатып алып, Шымкент қаласы әкімдігінің 2005 жылғы 14 қазандағы №3294 қаулысымен қойма орналасқан жер телімін пайданалануға құқық беретін мемлекеттік актінің иесі атандым. Жер телімі мен құрылысы бітпеген қойманы заңға сәйкес тіркегенін растайтын облыстық әділет департаментінің құжаты да бар. Жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссияның 2007 жылдың 16 тамызындағы №61740 шешімімен жер телімі мен қойманы заңдастыру рәсімін де ұмытқаным жоқ. Әкімдіктегі лауазымды адамдардардан бастап прокуратура, әділет басқармасы, салық басқармасы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, жер қатынастары басқармасы, жылжымайтын мүліктерді тіркеу орталығы секілді өзге де құзырлы мекемелерден жауапты басшылар осы комиссияның құрамында рәсімделетін құжаттарды сүзгіден өткізіп барып қолдарын қоятыны белгілі.
Осыншама деректер мен дәйектер «дәлелін таппай» өндірістік-техникалық қойма да, сондағы жер телімі де бүгінде не «Теміржолмүлік» кәсіпорнының, не одан кейінгі заңды қожайыны менің еншіме бұйырмай тұр. Сот шешімінің мәжбүрлеуімен даулы жер мен қойма аспаннан аяғы салбырап түскен адам сияқты ойда-жоқта ортаға қыстырыла кеткен Е. Югайдың сыбағасына тигені қайран қалдырады. «Талай кедейді көрдім, бірақ тақия жамаған кедейді көргенім осы» депті бір бейбақ. Сол айтқандай, Шымкентте жер телімі мен дүние-мүлікке байланысты туындаған айтыс-тартыстың түр-түрін кездестіріп жүрміз. Алайда, мұндайды кім көрген?!
Құжатпен сөйлегендердің жанайқайы жаңғырық күйінде қалып, есесіне Е. Югайдың құрғақ сөзі құнды болғанының құпиясы неде екенін ептеп ішіміз сезеді. «Құрылысты Югайдың өзі жүргізген. Тек құжатын рәсімдеп үлгермеген. Ол Қ. Тұрсынбековтің бітпеген құрылысты сатып алғанын 2006 жылдың ақпан айында бір-ақ білген. «Теміржолмүлік» кәсіпорны да, Қ.Тұрсынбеков те жер телімі мен бітпеген құрылысты заңды тәртібімен тіркеуден өткізбеген. Дау туғызған жер телімінің құжаттарын заң шеңберінде алғаш Югай рәсімдегендіктен соның талап-тілегі қанағаттандырылуы қажет». Судья Шайбекова мен С. Дзюлиев төрағалық еткен облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы Югайдың адвокаты, яғни қорғаушысы қойған осындай талаптарға толығымен көніп, уәждеріне имандай сенгені неліктен? Бәлкім Е. Югайдың корғаушысынан көрі қолдаушысының шапағаты көбірек тиген болар. «Көзге шыққан сүйелдей» көрініп тұрған заңсыздықтарға көңіл бөлінбегеніне «апам да аң-таң, біз де аң-таңбыз». Даулы жер телімі мен бітпеген құрылысты иеленуге Югайдың ешқандай құқығы жоқтығын даусыз дәлелдейтін айғақтарды судья Шайбекованың көпе-көрнеу көзге ілмегені өкінішті-ақ.
Югай мемлекеттік акті алғанға дейін жер телімінде құрылысы бітпеген қойма тұрғанына Шымкент қаласының бас сәулетшісі Ж. Төлтаевтың жер инспекциясының бастығы С. Жансейітовке 2002 жылдың 11 қазанында жолдаған қызметтік хаты айқын айғақ бола алады. «Жер туралы» Заңның 37-бабына сәйкес құрылысы бітпеген ғимарат пен оның орналасқан жер телімін бір-бірінен бөліп қарауға болмайтындығына қарамастан ебін тапқан Е. Югай алдымен 2002 жылдың 4 наурызында бітпеген құрылыстың астындағы жер телімінің мемлекеттік актісіне иелік етіп алып, артынан сол бітпеген құрылысты да менікі деп айтысып-тартысудан арланбаса, мұнысы қайдан ақылға қонсын, қалайша заң шеңберіне сыйсын? Осылай бола тұра Югайдың сөзін сөйлеген судьялардың оны «даулы жер телімінің құжаттарын заң шеңберінде алғаш рәсімдеген» деуі «қолдан келген қоныштан басу» ғой.
Ақиқатына жүгінейікші, 2002 жылдың көктемінде даулы жерге мемлекеттік акті алып үлгерген Югай «Қ.Тұрсынбековтің құрылысы бітпеген қойманы сатып алғанын 2006 жылдың ақпан айында бір-ақ білдім» деп ақталғанына кім сенеді? «Құрылысты өзім жүргізгенмін. Тек құжатын рәсімдеп үлгермеген едім» деген Югайдың құрғақ сөзіне судьялар ақыры құлақ асқан екен. Онда неге менің «Теміржолмүлік» кәсіпорны арасындағы бітпеген құрылысқа байланысты жасалған сату-сатып алу келісім-шарты және даулы жерге берілген мемлекеттік актілерді жарамсыз етуге ғана сот шешімін шығарумен шектелген? Сол «Теміржолмүліктің» иелігіне бітпеген құрылысты өткізген «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Абылай Мырзахметовтің бұйрығы мен оның алдындағы Халық депутаттары Шымкент қалалық кеңесі атқару комитетінің 1989 жылдың 6 маусымында қабылдаған шешімі күшін жойғанда ғана Югайдың құрылысты өзі салғаны құжат жүзінде заңдастырылмай ма? Кезінде комиссия мәжілісінің хаттамасы бойынша Е. Югайға жер телімі ұсынылғанда мекен-жайы Нефтезаводская-2 деп нақты көрсетілген. Осыған қарамастан Шымкент қалалық әкімдігінің қаулысымен ол бітпеген құрылысы бар Нефтескладская көшесіндегі жер теліміне мемлекеттік акт алғаны тіпті түсініксіз. Оның жер телімі мен Шымкент темір жолына қарайтын жер телімдері бір аралықта болғандықтан осы салаға қатысты басшылардың келісімі, жергілікті атқарушы биліктің арнайы қаулысы, шешімі керек. Мұндай қаулы, шешім шықпастан оған нендей себеппен, қандай заңдылықтың негізінде өндірістік базаны кеңейтуге, құрылыс салуға жер телімі берілгені судья Шайбекова үшін бәрібір сияқты.
Югайдың қылмыстық іс қозғалуы мүмкін әрекеттерін Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің аға инспекторы, қаржы полициясының майоры Д. Жұмабаев жүргізген тексерудің қорытындысы да растай түседі. Жүргізілген тексерудің барысында даулы жер телімі Е. Югайға берілген кезде «Теміржолмүлік» еншілес мемлекеттік кәсіпорнына тиесілі әрі заң жүзінде аяқталмаған құрылыс болғаны анықталған. Арнайы жер қорына ресми құқықтық актілер негізінде алынбаған. Яғни, Е. Югайға жер теліміне құқық беретін құжаттарын дайындаған лауазымды тұлғалар тарапынан заң талаптары өрескел бұрмаланған. Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің қызметкері П. Бацунов қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, даулы жер телімін Е. Югайға заңдастыру барысында жалған құжат дайындаған. 2001 жылдың 11 маусымында түзілген жер телімін қарау және құрылыс алаңын таңдау актісіне жер телімін бос деп жалған ақпар көрсеткен. Сөйтіп жинақталған құжаттар негізінде Е. Югайдың даулы жер бойынша бос жер телімін жалға, содан кейін сатып алғаны, әрі құрылысын жүргізіп, қойманы салдым деген уәжі өз дәлелін таппаған.
Қаржы полициясы анықтаған осынау дәлел-дәйекпен судьялар санасып, әділдік салтанат құрса кәнекей? Әй, бірақ өштескен адамдардай бір-бірінің шешімін шімірікпестен жоққа шығару, күшін жою жағынан «социалистік жарысқа» түскен судьялар өзара түсініспей, тіл табыса алмай жатқан соң көкейде үміт пен күдіктің оты қатар тұтанатыны түсінікті. Құқық қорғау органдарының алауыздыққа салынбай ауызбіршілікпен, ынтымақпен, бірін-бірі қолдап бірлескен түрде жұмыс істеулері қажеттігін нешеме мәрте қадап айттыңыз. Шымкентте «аққу көкке, шортан көлге, шаян шөлге тартқан» тірлік бәз-баяғыша қайталанып жатыр. Әрине әрқайсысы әр тарапқа тартатындай әр судьяның немесе әр құзырлы мекеменің өз ыңғайына көнетін, пайдасына жарайтын жекеменшік заңы бар дейсіз бе? Баршаға ортақ заң біреу ғана. Өкінішке қарай бүгінде судья заңға емес, заң судьяға бағынатын болды. Сондықтан өзімнің басымдағы жанайқайымды баспасөз арқылы жеткізуді жөн көріп отырмын. Әділдік салтанат құрады деген сенімімді әлі де жоғалтқан жоқпын.
Қалдыбай ТҰРСЫНБЕКОВ,
Шымкент қаласының тұрғыны.
"Рейтинг" газеті №37, 16 қазан 2009 жыл