Мәсімов сотта жеңілді

hqdefault.jpg

«Премьер ұлымды бизнесіме араластырып, пендешілікке бармаймын...Біз көпірдің  құрылысын қалай да бітіреміз. Тіпті, нысан құрылысын бюджетке кіргізбеген жағдайда өз ақшамызбен салуға әзірміз...Мен көпірді бітіріп барып кетемін. Ұятқа қалатын жайым жоқ. Елбасының, елдің сенімін арқалаған ұлымның да, өзімнің де абырой-беделіме кір келтірмеуге бар күш-жігерімді жұмсаймын». 

«Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінің біріне берген сұхбатында («Премьер ұлымды бизнесіме араластырып, пендешілікке бармаймын...» «Рейтинг». №28, 14 тамыз 2009 жыл)  осылай деп ант-су ішкен  «HAS-ER-KZ» компаниясы құрылтайшыларының бірі Қажымұқан Мәсімовтың Шымкент қалалық әкімдігімен арадағы текетіресіне ақыры нүкте қойылды. Дәлірегі жуырда осыған байланысты мамандандырылған экономикалық соттың шешімі шықты. Таразының бір басына өзінің бизнесін, екінші басына премьер ұлының атақ-абыройын қойған «үлкен Мәсімов» жерге қарап қалды. Осылайша үлкен Мәсімовтің анау-мынау емес  тұтас Қазақстанның Үкіметін басқарып тұрған ұлы Кәрім Мәсімовтің абырой-беделіне сөз келтіретін ыңғайсыз жағдайға ұшыратқаны оған сенім артқан жүрген елді де, Елбасыны да ұятқа қалдырғаны анық.  

 Ол құрылтайшылық ететін «HAS-ER-KZ» компаниясы көпір құрылысын жүргізуден мүлдем шеттетілді. Жобаға қаралған қаржы толығымен қазынаға қайтарылады. Дау-дамайға төрелік етіп, мәселенің түйінін тарқатқан сот осындай тоқтамға келді.

Жалпы алғанда ұлының беделін бетке тұтқан Қажекең қайда барсам да, алдымнан тек «жасыл жарық» жанып тұрады деп ойлап қалса керек. Бірақ, жергілікті биліктің құлағын ұстағандар оның бизнесінің оңтүстікте өркен жаюына мүмкіндік бермеді. Бұған соңғы кезде күш алып келе жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес себеп болуы мүмкін... Жоқ, әлде қарт құрылысшы шымкенттік менталитетпен санаспады ма екен?! Кім біледі?!  

Мәселе былай, 2007 жылдың 30 шілдесінде облыстық құрылыс департаменті Шымкенттегі Женгелдин мен Рашидов көшелерінің қилысынан темір жол арқылы құбыр тартуға және Бадам өзенінен көпір құрылысын жүргізуге ашық конкурс өткізген. Құны 1,5 млрд. теңгеге бағаланған жобаға 2007 жылы қазынадан 929 миллион  теңге қаралады. «HAS-ER-KZ»  ЖШС осы конкурстың жеңімпазы деп танылып, едел-жедел қалалық құрылыс бөлімімен келісім шартқа отырған. Едел-жедел деуіміздің өзіндік себебі бар, өйткені облыстық прокуратураның сотқа берген талап арызына қарағанда, департамент бәрін алдын ала кесіп-пішіп қойса керек. Конкурс жай ғана ырым үшін жасалған... Пендешілікке премьердің әкесі барды ма, әлде құрылыс департаменті барды ма, ол жағы белгісіз...

«Сәулет, қала құрылысы және құрылыс туралы» Заңға сәйкес құрылыс нысанының жобасын жүзеге асыру жөніндегі конкурстың қорытындысын бекіту үшін алдымен жоба мемлекеттік сараптамадан өткізілуі тиіс. Ал, жоғарыдағы нысанға келгенде бұл талап сақталмаған. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы конкурстан екі ай кейін дайындалған. Мұны бір деңіз.

Екіншіден, мемлекеттік сатып алу туралы конкурсқа қатысу үшін заңды тұлғалар соңғы үш ай көлемінде бюджетке  және зейнетақы қорына ешқандай қарызы жоқ екендігі жөнінде салық органдарынан анықтама табыс етуі тиіс. Алайда Алматы қаласы Медеу аудандық салық комитетінің берген анықтамасына қарағанда, 3 шілде 2007 жылғы жағдай бойынша «HAS-ER-KZ»  ЖШС-інің зейнетақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерге қордаланған қарызы 1 044 239 теңгені құраған. Рас, компания бұл қарыздарын төлеген екен. Бірақ бюджет алдындағы  берешегі конкурсқа үш ай қалғанда емес, бар-жоғы үш күн қалғанда өтелген.

Үшіншіден, тәртіп бойынша көпір құрылысын жүргізетін мердігер компанияның осы салада кемінде үш жылдық тәжірибесі болуы шарт. Ал, «HAS-ER-KZ» бұған дейін мұндай күрделі жобаны қолға алып көрмеген болып шықты. Яғни, компания әу бастан-ақ «көтере алмас шоқпарды беліне байлаған». Бірақ, неге екені белгісіз, құрылыс департаменті белден басып, жүлдені «HAS-ER-KZ»-дің қанжығасына байлап бере салған. 

Жоғарыдағы заңбұзушылықтарды есепке алған сот облыстық прокуратураның талап арызын ішінара қанағаттандырып, 30 шілде 2007 жылы өткізілген конкурстың қорытындысын және компания мен қалалық құрылыс бөлімі арасында жасалған келісім-шартты жарамсыз деп тапты.

Сотта қалалық құрылыс бөлімі де игерілмеген қаржыны қазынаға қайтару туралы талабының орынды екенін дәлелдей алды.   Шаппай бәйге алған «HAS-ER-KZ»-ке алдын ала жоғарыда көрсетілген суманың 30 пайызы, яғни, 278 миллион теңгесі аударылған екен. Жұмыс кестесі бойынша компания бұл қаржыны қазан айына дейін игеруге тиіс болған. Ал, қолда бар қабылдау актісіне сүйенсек, осы уақытқа дейін қаржының бар-жоғы  21 543 860 теңгесіне құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізілген. Компания өкілдері «құрылыс алаңшалары дер кезінде дайын болмады, құрылыс аумағындағы жер телімдері босатылмады, осы мақсатқа бөлінген 651 миллион теңге басқа мақсатқа жұмсалып кетті, тапсырыс берушілер 56 633 073 миллион теңгенің жұмысын қабылдаған жоқ» деген уәж айтып бұлтақтаған. Алайда атқарылған жұмыстардың көлемін, сапасын анықтайтын  «Тұран-құрылыс» ЖШС өкілдерінің берген жауаптары мұны теріске шығарып отыр. Бұл қисынға да келетін сияқты.  Егер жұмыс жүргізілген болса, компания құрылтайшысы Қ.Мәсімов мырзаның биылдың 28 сәуірінде бюджетке 199 823 067 теңгені өз еркімен қайтарып бергенін қалай түсінесіз?! ...Сот қалған 56 633 073 теңге мемлекетке қайтарылуы тиіс деген шешімге келді. 

Бір айта кетері, қалалық құрылыс бөлімі «HAS-ER-KZ» компаниясын мемлекеттік сатып алу туралы конкурстарға қатысушылардың «қара тізіміне» енгізу туралы талап қойған. Алайда «қара тізім» туралы бап «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға 2008 жылдың 1 қаңтарында қосылған екен. Ал, көпір құрылысына конкурс 30 шілде 2007 жылы өткізілген. Заңның кері күші болмайды деген қағидаға сәйкес талапкердің бұл өтініші қанағаттандырылмай қалды. 

 «Қара тізімге» ілікпеген  «HAS-ER-KZ» енді көпір салу сияқты сауапты тірлігін Қазақстанның қай қиырында жалғастырамын десе де өз еркі. Ұлы Үкіметті уысында ұстап тұрғанда «үлкен Мәсімовке» иіліп төсек, жайылып жастық болатындар қай облыстан болса да табылатын шығар.

...Егер «HAS-ER-KZ» Бадам өзеніндегі көпір құрылысын өз қаржымызбен аяқтаймыз десе, алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Жәнібек Тархан

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: