Нұралы Әбішев: "Тендерден гөрі маған имиджім, атымның былғанбауы әлдеқайда қымбат"

Screenshot_1.jpg

Мемлекет қыруар  қаржы жұмсағанымен, ауылға су барған жоқ. Бұл   үйреншікті жағдайға айналды.  Шенеуніктер жауапкершіліктен қашып, кінәні біріне-бірі жауып ақталуда.  

Әңгіме Мақтаарал ауданындағы Әбиболла елді мекені жайында. Бұл ауылға ауыз су жүргізу осыдан екі жыл бұрын қолға алынды. Көптен бері су тапшылығы азабын тартып келген ауылдағы ағайын қуанышын жасырмады. Бірақ... ұңғымадан көпшілік күткендей емес таза судың орнына тұзды су шықты. Бұған кім кінәлі? Тапсырыс беруші - әкімдік, мердігер - облыстық мәслихаттың депутаты Нұралы Әбішев қожалық ететін  «Комбистрой» ЖШС, екі ортада зардап шеккен – халық.  Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен алқалы жиында қызу талқыланды. Жақтар ортақ мәмілеге келе алмай, әркім өз пікірінде қалғанымен, жұрттың арасында «қара тізім» жайлы гу-гу әңгіме тарай бастады. Атышулы тізімге  «Комбистройды» да кіргізіп жібергендер болды.  

Даулы мәселенің анық-қанығын білмек болып ауыз су жырының негізгі «кейіпкерлеріне» хабарластық. 


Сұлтанбек Сүгірбаев, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау басқармасы директорының міндетін атқарушы: 

61 миллион теңге жұмсалды. Су жоқ

- Жалпы, жұмыс жүргізудің тәртібі былай. Тендерді ұтып алғаннан кейін ең әуелі ұңғыманы  қазып алу керек еді. Ондағы шыққан суды санитарлық-эпидемиологиялық станцияға апарып тексертуі тиіс еді. Су ішуге жарамсыз болып шыққан жағдайда  тапсырыс беруші – Мақтаарал ауданының әкімдігі тиісті шара қолданып, қазу жұқмыстарын тоқтатуға міндетті болатын. Бірақ олар олай жасамаған. 61 миллион теңгені жұмсап, басқа жұмыстардың барлығын жүргізіп болған соң ғана ең соңында ұңғыманы  қазды! Негізі, оның шығыны әрі кетсе 3-4 миллион теңге. Соны алдын-ала қазса болмай ма? Содан шыққан нәтиже қандай? Мемлекеттің 61 миллион теңгесі жұмсалды, ал халық сусыз отыр. Ұңғымадан шыққан су ішуге мүлдем жарамсыз.  

- Мұндағы негізгі жауапкершілік кімде? 

- Тапсырыс беруші Мақтаарал аудандық әкімдігі болғандықтан, жауапкершіліктің жүгі соларда. Аудан әкімдігі мемлекеттің бөлген қаржысын қадағалауы тиіс. Қаражатты жұмсаудан бұрын жобаны жан-жақты зерттеп шығу керектігі онсыз да түсінікті. Ал бұлар оған назар аудармаған.   

- «Қара тізімге» қатысты қандай пікірдесіз?

- Енді, «қара тізім» жасақтау соттың құзырындағы ғана тірлік қой. Біздікі – бұған дейін тендер жеңіп алып, өз міндеттемелерін дұрыстап атқармаған компаниялар туралы жай ғана ескерту жасау. 



Нұралы Әбішев, обылстық мәслихаттың депутаты  «Комби строй» ЖШС-нің директоры:

Каскаға бол тендерден қағылып велесипеді жоқтардың да жолы болып жатыр 

- Бізге ешкім ешқандай претензия қоя алмайды. Біріншіден, игерілген қаржы  жайлы айтылған мәлімет  шындыққа жанаспайды. Әбиболла ауылында су жүйесін жүргізуге мемлекет 61 миллион емес, 41 миллион теңге бөлген. Осы 41 миллион теңгеге 12 шақырым құбыр жүргізіп, 400 метр тереңдікте  бір емес, екі ұңғыма қаздық!  Бәрібір су шықпады. Өзім сол ауданнан сайланған депутат болғандықтан, қосымша техника жеткізіп,  үшінші ұңғыма қазуға бел будым. Өз қаржыма! Қазір сол тұзды суды халық пайдаланып жатыр. Ішуге жарамсыз болса да. Жаңа шұңқырды бір ай қазамын ба, екі ай қазамын ба, әзірше айта алмаймын. 

- Сол үшінші ұңғымадан таза су шығады ма, сонда?

- Оны бір Құдай біледі. Себебі, соңғы геологиялық зерттеу облысымызда осыдан 32 жыл бұрын жүргізіліпті. Көрдіңіз бе? Бізге смета бойынша 230 метр тереңдікте таза су шығады деп мәлімет берді. Ал, ол жерден тұзды су шықты. Ал, талап бойынша зерттеу жұмысының мерзімі  әрі кетсе 25 жылға есептелген. Бізді осы мәселеге қатысты арнайы тексерді. Сондағы анықтағаны,  біз мемлекеттің бөлген қаржысынан бөлек 2 миллион 400 мың теңге артық жұмсап, жұмыс атқардық.  Яғни, біздің тарапымыздан ешқандай кемшілік кеткен жоқ. Қайта керісінше болып тұр. 

- Дегенмен, ауылда таза су жоқ. Осыған кім жауапты? 

- Бұған облыс әкімдігі жауапты. Жобаға қаржы бөлуден бұрын су бар ма, жоқ па, соны тексеріп алу керек қой. 

- Ақыры кінә сізден болмаса, қалтаңыздан қаржы шығарып, шығындалудың қажеті қанша? Онсыз да қаржы дағдарысынан қысылып тұрған кезеңде...

- Біріншіден, мен Мақтаарал ауданынан депутат болып сайландым. Сол жердің халқына жаным ашиды. Одан кейін, 7-8 миллион теңге қайда кетпей жатқан дүние дейсіз? Мен осы ұңғыманың түбіне жетіп көрейін деп шештім. Бірақ, 400 метрден терең қаза алмаймын. Себебі, ол кезде шығын 20 миллион теңгеден асып кетеді. 

- «Комбистройды» «қара тізімге»  қосып жатыр деп естідік...

- «Қара тізімге» кіргізу тек соттың құзырындағы мәселе. Ал, қайдағы бір мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасындағылар бізді осы тізімге кіргізіп жіберді.  Оған қандай құқығы бар? Мен облыс әкіміне кіріп, мәселені түсіндірдім. Жалпы, тендер мәселесі қызық болып тұр. Тәп-тәуір жұмыс істеп жүрген кейбір компанияларды «жұмысшының басында каскасы жоқ» деп те тендерден сырып тастады. Ал, астында велосипеді жоқ компаниялар да тендерді ұтып жатады. 

- Ондай компаниялар көп пе?

- Маған ерік берсе,  «қара тізімге» 250 компанияны кіргізетін едім. Өз басым тендері алмай-ақ қойдым. Тендерден гөрі маған имиджім, атымның былғанбауы әлдеқайда қымбат. 

Құрылыс жұмыстарының талапқа сай жүрмей жатуына қатысты облыстық әкімдіктің өндірістік сала мониторингі бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Тегенбаев та өз пікірін білдірді. Оның  айтуынша, тендерде көп жағдайда кездейсоқ компаниялардың жеңімпаз атанып жатуы мемлекеттік маңызы бар  бағдарламаларды ойдағыдай жүзеге асыруға үлкен кедергі келтіруде. Мемлекеттік тапсырысты ұтып алудың небір жолдарын меңгеріп алған мұндай бір күндік компаниялар жалған құжат толтыру, өзгенің техникасын өзінікі етіп көрсету секілді қитұрқылықтарға барудан да тайынбайды.  Тегенбаевтың айтқан ұсынысы мынау болды: «материалдық базасы талапқа сай келмейтін құрылыс компанияларының лицензиясын қайтарып алу қажет».  Ресми дерекке сенсек, бұл бағытта біршама жұмыс жүргізіліп те жатыр. Мәселен, соңғы кезде 19 компанияның құрылыс жұымстарын жүргізуге берілген рұқсат қағазы кері қайтарылып алынды. Дегенмен, бұл – жалған фирмалардың бір бөлігі ғана. Облыстық мәслихат депутаты, әккі құрылысшы Нұралы Әбішевтің келтірген дерегін еске алсақ, лицензиясынан айырылуға тиіс компаниялардың саны бұдан әлдеқайда көп. «Қара тізім» жайлы әңгіменің айтылып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Дегенмен, аты бар, заты жоқ фирмалар азаюдың орнына көбейіп келе ме, қалай...

"Рейтинг" газеті, 2009 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: