Жамбылдықтар Кәрім Мәсімовті күтіп жүр...

d94a8c1cab22900c5e550c79cbe874fb_XL.jpg

Биыл Оңтүстікте қыс қатты болған жоқ. Анау айтқандай ақтүтек боранды да көрмедік. Қайбір жылдары (2005 және 2007 жылдары) тау-тау қарды үйіп тастап, жайбарақат жатқан жамбылдықтарды қатты састырған Табиғат-Ана биыл әйтеуір Әулие-ата жеріне жақсы қарасты. Есесіне көк көтеріліп, көктем шуағын молынан төккен соңғы аптада Жамбылда жел сөз гулеп кетті. Әсіресе қайбір күнгі Үкіметте болған бірқатар кадрлық өзгерістерден кейін тіптен азынап кетті. Облыс әкімі Бөрібай Жексембинді қызметінен алады, Астанаға апарады, сол барған ұшағымен сол жақтағы біреуді мінгізіп Таразға алып келеді... Оны облысқа әкім етеді... Әйтеуір, қым-қиғаш сөз, болжам, жорамал.

Жасыратыны жоқ, «Бөрібай Жексембин қызметінен кетеді екен» деген әңгіме бұған дейін де талай шыққан. Жұрт президент пен премьер-министрдің әрбір облысқа жасаған сапарынан ең алдымен кадрлық саясат іздейді емес пе? Бұл екеуі тек алып-тағайындаумен ғана айналысатындай, олар ұшақтан түспей жатып «әкімді алып кетуге келе жатыр екен» деген әңгіме гулейді. Ешқандай өзгеріс болмай қалса, «бір жолға қалдырыпты, тағы бір мүмкіндік беріпті» деген өсек тағы шығады. Алайда, не құпиясы бар екенін қайдам, президент пен премьер-министрдің Жамбылға жолдары түсуі өте қиын. «Пәлен күні келеді екен» деген әңгімені естіп, оның растығы әкімшілік қызметкерлерінің қарбалас тірліктерінен байқала бастайды... Бірақ, аяқ астынан бәрі өзгеріп шыға келеді. 2007 жылы жамбылдық шенеуніктер президентті Қордайдан қарсы аламыз деп торғайдай тізіліп күтіп отырғанда Н. Назарбаев аяқ астынан Мәскеуге ұшып кетіп, Қордай ауданы тізімнен сызылып кетті. Президент сапарын тура Тараздың өзінен бастады. Былтырғы жылы да «Шымкенттен шай іше салысымен Таразға тартады екен» деген президенттен бір апта хабар болмай қалды. Онсыз да бір күнге шақырып алып, он күнге алып қалатын оңтүстікқазақстандық шенеуніктер сол жолы да Нұрекеңді әбден қонақ етті. Енді тараздықтар қаншама күннен бері премьер-министрді күтіп жүр. «Өткен сенбіде Ташкенттен шыққан Кәрім Мәсімов Таразға кеп түнейді екен» деген әңгіме шығып еді, жексенбіде Таразға Үкімет басшысы емес, Мәжіліс төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов келді. Премьердің сапары сәрсенбіге ауыстырылған көрінеді. Бірақ сәрсенбі күні де, бейсенбі күні де Мәсімовтің жолы Жамбылға түспеді. Соған қарағанда бұл апта тағы да күтумен өтетін сықылды. 

«Әне келеді, міне келеді» деп елді елегізітіп қойған Үкімет басшысының бұл сапарын жамбылдықтар тағы да сан-саққа жүгіртіп, кадрлық өзгерістер іздеуде. Бұрын Жексембиннің орнына үміткер ретінде үш азаматтың аттары аталатын. Ержан Атамқұлов, Серікбай Нұрғисаев және Шалбай Құлмаханов... Қазір бұл үш азамат та саясат сахнасынан алыстап, қайда жүргенін, не істеп жүргенін ел білмейді де... Қызық болғанда, бұл жолы да елдің аузында облыс әкімінің орнына үміткер ретінде үш азаматтың есімі айтылып жүр. Болат Жылқышиев, Жансейіт Түймебаев және Қанат Бозымбаев. Ел-жұрт титтей нәрседен әңгімені өрбітіп ала береді ғой. Еліміздің ішкі істер министрі болған Бауыржан Мұхамеджанов күні кеше Парламент партасына отырғаны белгілі. «Ау, Парламентте бос тұрған сенатордың орны жоқ еді, бұл қалай болды? Құдай біледі, президент Болат Жылқышиевті Жамбыл облысына әкім етіп, оның сенаторлық орнына Мұхамеджанов отыратын шығар» деген жорамалдар айтылуда. Қалай айтсақ та, үміткер «үштіктің» ішінде Болат Жылқышиевтің шоқтығы биік екені айдан анық. Жамбылдықтардың да қалауы сол Болат Жылқышиев болып отырғаны жасырын емес. Әрине, Б. Жылқышиевтің ата-қонысы, ата-жұрты осы Жамбыл жері болғандықтан ғана жұрттың іші жылып жүрген жоқ. Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл төскейде малы, төсекте басы қосылып, кейбір аудандары  қойындасып кеткен көрші облыстар. Оңтүстікте әкім болған Жылқышиевтің іскерлігі, батылдығы, мәселені шешудегі шапшаңдығы, басқа да жақсы қасиеттері Әулие ата жеріне де дүңкілдеп жетіп жатты. Кезінде Тараз қаласының әкім болған кезінде де Болат жақсы тірліктерімен елдің аузына ілігіп, есінде қалды. Шынын айту керек, қалған екі үміткерді жамбылдықтарды жақсы тани да бермейді.

Алдағы мамыр айында Әулиеатаның әкімі Бөрібай Жексембиннің бұл қызметке тағайындалғанына бес жыл толады. Осы жылдар ішінде Жексембин жұмысынан ши де шығарған жоқ, бірақ, елдің алдына түсіп жарқ еткен де жоқ. Жексембин тек жоғарыдан келген тапсырмаларды орындады, орындай жүріп өте сақ қимылдады, оның өздігінен белсенділік танытып, бастама көтеріп, үлкен бір шаруаны қолға алып, елде жоқ тірлікті бітіргенін байқай алмадық. Бұл елде президентке адал екі адам болса, соның бірі осы Бөрібай Жексембин екені сөзсіз. Сондықтан Назарбаев қайда жіберсе де Жексембиннің нық тұрады.

Сонымен Әулиеата өңірі Кәрім Мәсімовті күтіп жүр. Күткенде де жамбылдықтардың миығынан күліп жүретін Мәсімовтің қою қасын, сұлу мұртын көруге құмартып жүрмегені белгілі. Жұрттың көкейін тескен бір-ақ мәселе... «Премьер жалғыз келе жатыр ма, жоқ, қасына ерткен біреуі бар ма?» Осылайша Жамбыл жұрты «міне, келіп қалады», «әне, кетіп қалады» деумен күнді батырып жүр...

Оралхан ДӘУІТ,

Жамбыл облысы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: