Түркістан қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып салынған тұрғын-үй пайдалануға берілді. Екі қабатты, 16 пәтерлік ғимаратта жарымжан жандарға толығымен жағдай жасалған. Қолайлы болу үшін баспалдақтарда арнайы пандустар қарастырылған. Жуыну бөлмелері мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы етіп жабдықталған. Бірінші мөлтек ауданнан бой көтерген ғимаратты «Отау құрылыс» компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында тұрғызып отыр.
Қоныс тойын тойлау барысында қала әкімі Қ. Молдасейтов, қалалық мәслихат хатшысы Ғ. Рысбек, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ президенті Л. Тәшімов, қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж. Әзіретбергенұлы сөз сөйлеп, үлкен істің атқарылғанын атап өтті.
Гүлмира Әбдіраманова жарымжан інісімен бірге отбасылық жатақханада тұрып келген. Онда да үш отбасы аядай тар бөлмеде бірге күнелтіпті. Екінші қабаттан қол арбаны күн сайын көтеріп түсіп қатты қиындықты бастан өткеріпті. Яғни, жеке пәтерге көшу басты армандары болған.
- Қаншама жылдан бері көрген қиындықтардың бәрі көзден ұшты. Көшеге шығып кіруіміздің өзі мұң болған еді. Ал бұл жерде барлық жағдайымыз жасалған. Ыстық су мен ауыз су үздіксіз келіп тұр. Қол арбаның жүруіне де ыңғайлы етіп жол төселген. Мүгедектерге қолдау көрсетіп отырған қала басшысы мен «Отау строй» компаниясына алғысымыз шексіз – дейді Гүлмира Әбдіраманова.
Жалпы қалада бүгінгі күні 8000 астам мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Олардың көпшілігі тұрғын үй кезегінде тұрады. Дегенменде мемлекеттік тұрғын-үй беру ісінде жарымжан жандарға арнайы жеңілдіктер мен басымдықтар берілмеген. Осыны ескерген қала басшылығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында мүгедектерге арнап баспана салып беру керектігін айтып «Отау строй» компаниясына ұсыныспен шығыпты.
- Арнайы құрылған комиссия қала мен қалаға қарасты 12 ауылдық округтегі мүгедек жандарды анықтады. Әлеуметтік жағдайына, отбасына, тұрғын үйінің бар – жоғына жете көңіл бөлді. Сонымен лайықты деген жандарды тұрғын үймен қамтып отырмыз. Алдағы уақытта бұл үйді сатып, басқа жаққа көше ме, әлде өздері тұра ма, ол жағын үй иелері шешеді – деді қала әкімі Қайрат Молдасеитов. Сондай-ақ, қала басшылығы мүмкіндігі шектеулі жандардың пәтер проблемасын шешуді басты назарға алып отырғандығын айтып өтті.
Ал, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Бақытжан Тұрсынов, «Жылдан жылға мүгедектерге қаралған бюджет көбейіп отыр. Қазіргі кезде әлеуметтік жаңа нысан соғылатын болса, міндетті түрде пандус орнатылады. Биыл 4 қол арба таситын көліктер, «Инва» таксилер облыс орталығында қызмет етуде. Алдағы уақытта аудандарға да арнайы автокөліктер беріледі – деп қоныс тойын тойлап жатқан жандарды тағы бір қуантып тастады.
Мәлімет үшін:
- 16 пәтерлі үйді «Отау құрылыс» компаниясы өз қаржысымен
қайырымдылық есебінен салып отыр.
- Жаңа үйде бір бөлмелі 16 пәтер бар.
- Жаңа үйдегі 8 пәтердің көлемі 45 шаршы метр болса,
қалған 8 пәтердің көлемі 35 шаршы метр.
- Жобаның жалпы құны 80 млн. теңге.
Сонымен бірге көпқабатты үйде тұрып келген Оңал Асылханова үш қыздың анасы, екінші қызы мүгедек. Осы азаматшаның жер үй алуына көмек көрсетілді.
Мұрағаттан, 20.10.2011 ж