Алла пешенеме Клараны жар етіп жазғанына өте ризамын. Негізі екеуміз де Семей өңіріненбіз. Мен Семейдегі музыкалық колледжде білім алып жүргенде, ол педагогикалық колледжде оқыған екен. Бір қалада туып-өсіп, білім алсақ та бұрын оны кездестірмеппін. Тек 1996 жылы Алматы қаласына Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түскенде жолығудың сәті түсті. Клара да сонда оқыды. Бір аудиторияда оқып жүріп, ұстазымыз Бекболат Тілеуханның шәкірттері атандық. Жарымның ағасы, белгілі актер Жанқалдыбек Төленбаевті танушы едім. Оқу жылының алғашқы жылдары менің консерваторияда білім алып жүргенімді есітіп, қарындасы Кларамен таныстырды. Ондағы мақсаты жерлес болғандықтан Клараға көз қырымды сала жүруді өтінуі еді. Басында оған қарындасым ретінде қолдау көрсетіп, қамқорлық жасап жүрдім. Таныстығымыз бірте-бірте достыққа ұласты. Содан не керек көз қырымды қатты салып қойған болуым керек, соңында достық сезіміміз махаббатқа ұласып, үйленуге ұсыныс жасадым. Клара мені жеткілікті танығандықтан, сезімімнің шынайы екеніне сенімі мол болғандықтан шығар көп ойланбай келісімін берді. Біз шаңырақ көтергенде әсіресе, ұстазымыздың қатты қуанғаны есімде. Ақ құсымды қолыма қондырған кезде әке-шешеме тойды ішімдіксіз өткізейік деген ұсыныс айттым. Бұған қонақтардың көзқарасы қалай болар екен деп біраз ойланып, олар келісті. 2002 жылы Клара екеуміздің тойымыз ішімдіксіз-ақ көңілді, керемет өтті. Достарымыздың барлығы ән салып, тойымыз кішігірім концертке ұласты.
Жастардың бір-бірін тереңірек танып, ұнатып бас қосқанына не жетсін. Бірде бойдақ кезімде араласып жүрген досымның үйленгенін құрдастарымнан естідім. Ол досымыздың жүріп жүрген қызын да жақсы танушы едім. Қуанышты хабарды есітіп, үйлеген досымның үйіне жетіп бардым. Ойымда ештеңе жоқ, сүйген қызына үйленген шығар деп, орамалдың астында отырған қызға барып «бақытты болыңдар» деп құттықтауды төбесінен жаудырып жатырмын. Бірақ келінде ешқандай «реакция» жоқ. Бір кезде айналада не болып жатқанын түсінбей қалдым. Сөйтсем әлгі жігітімді әкесі қоймай атастырып қойған қызына үйлендіріп кеп жіберіпті.
Осындай жағдайларды естігенде сүйгеніме қосылғаныма қуанамын. Маған отбасында бір өнер адамы болса жеткілікті емес пе деген сұрақты жиі қояды. Ұлттық мәдениетімізде ерекше орны бар, дәстүрлі әннің мектебін жалғастырып жүрген Клараны жарыққа шығармау – мен үшін қиянат болар еді. Сондықтан, әрқашан қолдап отырамын. Жалпы, үйде екі өнер адамы болған аса қиындық туғыза қоймайды. Өзара үндестікпен, түсіністікпен бақытты ғұмыр кешіп келеміз.