Күлия Айдарбекова: «Қара шаштарын өріп тұрған Анамның бейнесі көз алдымда»

Screenshot_3.jpg

Мен кейде өз анамдай бола алдым ба, жоқ па деп ойға батам. Үйдің тұңғышы болғандықтан  анам екеуміз өте жақын құрбыдай сырласып өттік. Нендей жағдай болса да алдымен анаммен кеңесіп, ақылына құлақ түретінмін.  Ол өмірден өткенде жалғанда жалғыз қалғандай күй кештім. Ұзақ уақыт ауырып  қалдым. Мұқағали ақын айтқандай ақ кимешек киген бір кемпір көрсем, ақ кимешек астынан анамды көргендей болып, көзіме жас алып қаламын. Анамның айтқан өсиеттері қайта-қайта ойыма оралып, бір күні анама деген сағыныштан «Анаға тағзым» деген кітап дүниеге келді. Шығарма тек менің анама ғана арналмаған, анамның замандастарына, сол кезеңдегі тағдыр тауқыметін тартқан, қырық жанды аяулы аналарға арналған. Жалпы қазақтың анасы өте төзімді, мейірімді әрі кешірімді. Жақсыны асырып, жаманды жасырып жүретін асыл жандар. «Әке-шешең өлсе де, көзін көргендер өлмесін» деп айтқан қазақ қандай дана еді? Көрші-туыстарымызбен басымыз қосылған кезде олар анамнан көп жақсылық көргендерін айтып, үлкен тебіреніспен естеріне алып жатады. Күләнда жеңгеміз 25 жасында үш баламен жесір қалғанда ағайындар төркініне апарып тастайық дегенде, марқұм анам: «күйеуі өлгенімен, артында ұрпақтары қалды емес пе? ертеңгі күні үш перзенті ес тоқтатып, ата-жұртынан «қуғандарын» білгенде, не боларын ойлдыңдар ма? Бізге келіп: өз жұртымызға, елімізге сыймағанымыз ба сонда? дегенде  оларға не деп жауап қайтарамыз?»  деп араға түсіп алып қалған екен. Шешем өле-өлгенше соларға қамқор болып, соғым сойса етін беріп, екі нан жапса біреуінен дәм татқызып, ел қатарына қосты. Ауылдағы бес баласымен жесір қалған Бейсекүл апай: «менің көңіліме тиіп кетпес үшін қой сойса ішек-қарнын тазалауға көмектесіп жібер деп шақыртып алатын. Бәрін тазалап болған соң көмегің үшін деп сол ішек-қарынды өзіме беріп жіберетін. Әйтпесем ол кісі тазалауды білмейді дейсіз бе, немесе жәй ғана ал деп бере салуына болар еді. Бірақ, мені жарылқады демесін деп, жесірлігімді есіме түсірмес үшін осындай «ақылды айлаға» баратын» деп есіне алады. Осындай жарқын естеліктерді естігенде менің анам туралы жазатыным әлі көп екенін ұғындым.  

Анам келісті кісі болатын. Жайдары мінезі мен қолының ашықтығы, баладай сенгіштігі, ақкөңіл, ақжарқындығы шынында да, Анамды шырайлы етіп көрсететін. Оның  бұрымын осы күнге дейін ел сүйсіне көп айтады. Мені емізіп жатқанда екі бұрымы темір кереуеттен асып, еденге түсіп жатады екен. Жасы 70-ке келгенде де шашын екіге бөліп, өріп қоятын. Өмірден өткенше шашына ақ түспеді. Екі бөліп өрген шашы тізесінен төмен түсіп тұратын. Қара шаштарын өріп тұрған Анамның бейнесі көз алдымызда қалып қойды. Сол сұлулығы... Сол өзі сүйіп киетін ақ көйлегі мен ақ етігі, ақ сөмкесі...

Күлия Айдарбекова, 

Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет басқармасының басшысы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Психологиялық шабуылдардан қалай қорғануға болады?
  • Балаңыз тым ерке болса...
  • Балаңызға мектепте сыныптастары тиісе берсе не істеу керек?
  • Ибрагим Дәрібаев: «Жұмыс іздеп келіп жұбайыма айналды»
  • Ене «кене» ме, әлде келін «келсап» па?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: