Сайлауда 90 пайыз дауыс алған ешкім жоқ

1545739459229486.jpg

2018 жылдың әлемдегі  ең басты  оқиғалары ретінде не айтуға болады?  Бұл сұраққа бір ауыз сөзбен жауап беру қиын, әрине. Біз өтіп бара жатқан жылдың бір ғана қырына, президент сайлауларына тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Соныменен ит жылында таққа кімдер келді, кімдер кетті?

2 наурызда Арменияның парламенті елдің бұрынғы премьер-министрі Армен Саркисянды президент етіп сайлады. А.Саркисян Арменияның тарихында парламент сайлаған алғашқы президент болды. 2015 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерге қатысты референдумның нәтижесінде Армения жартылай президенттік елден парламенттік елге айналғаны белгілі. Заң бойынша елде премьер-министрдің билігі күшейді. Өзгерістерді сынаушылар сол кезде-ақ көп болды. Бәрі белгілі, бәрі түсінікті. Арменияның парламенттік елге айналуы бірінші кезекте елдің президенті Серж Саргсянға қажет еді.  Оның екінші президенттік өкілеттігі 9 сәуірде аяқталатын. Үшінші рет түсуге Конституция мүмкін бермейді. Биліктен айырылып қалмау үшін ол енді президенттік тақты, премьердің портфелімен ауыстыруды көздеді. Саргсянның жоспары дұрыс болды, ол осы ойын жүзеге асыру үшін Үкіметтің де, Парламенттің де көңілін тапты. Бірақ оппозицияның көңілін таба алмады. 17 сәуірде Парламент  С.Саргсянді  премьер-министр лаузымына сайлауы мұң екен, Еревенда толқу бұрқ ете қалды. Никол Пашинян басшылық еткен барқыт төңкерісінің нәтижесінде Саргсян  отставкіге кетуге мәжбүр болды. Бірақ  Саргсян биліктен кеткенімен,  ол жетекшілік ететін Республикалық партия парламентте әлі басым күшке ие болатын. Пашинян премьер-министрдің креслосын алған соң бұрынғы президенттің сөзін сөйлейтіндердің бәрінің талқанын шығарды. Қазанда ол Парламентті таратып жіберді. Желтоқсанда өткен сайлауда Пашинянның «Менің қадамым» блогы 70 пайыздан астам дауыс алды.  Жуық арада Пашинян премьерлікке де кемінде жетпіс пайызбен сайланып кетеді. Мұның бәрі тек уақыттың еншісіндегі шаруа. 

18 наурызда Ресей президенті Владимир Путин төртінші әрі ең соңғы президенттік өкілеттігіне сайланды. Путин бұл жолы 76 пайыздан астам дауыспен өтті.  Оның өкілеттігі алты жылға - 2024 жылға дейін созылады. Одан кейін Путин президент сайлауына түспейді. Мұны мамырда президенттің өзі  ресми түрде мәлімдеді. 

11 сәуірде Бакуден өткен президент сайлауында суперпрезидент Ильхам Әлиев 86 пайыз дауыспен жеңіске жетті. 

Жалпы Әзірбайжанда сайлау Конституция бойынша қазанның ортасында өтуі тиіс болатын. Алайда не түлен түрткенін кім білсін, Ильхам Әлиев оны алты ай бұрын сәуірде өткізіп жіберді. Елді 2003 жылдан бері басқарып келе жатқан Әлиев төртінші президенттік мерзімге сайланып алды. ОБСЕ бұрынғысынша сайлауда көптеген заңбұзушылықтардың болғанын айтты. Ал ТМД елдерінен келген бақылаушылар әдеттегіше бәрі заң аясында өтті деді. Жалпы Әзірбайжандағы президент сайлауының Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан сияқты елдердегі сайлаулардан ешқандай айырмашылығы болған жоқ. 

19 сәуірде Кубаның 2008 жылдан бергі аралықтағы мемлекет басшысы әрі үкімет басшысы әрі бас қолбасшы, Куба революциясының көсемі Фидель Кастроның інісі әрі серігі Рауль Кастро қызметінен кетті. Рауль он жылда мемлекет басшылығына екі рет сайланды. Елде  көптеген реформалар жүргізді. Шенеуніктердің санын қысқартып, ауыл шаруашылығына еркіндік берді, көптеген тыйымдарды алып тастады. Реформалардың нәтижесінде бір адамға екі реттен артық мемлекет басшысы болып сайлана алмайтын тәртіп енгізілді. Осы тәртіпті сақтау үшін 2018 жылы Рауль Кастро қызметін тапсырды. Оның орнына Мигель Марио Диас-Канель Бермудес сайланды. 

24 маусымда Түркияда парламент пен президент сайлауы бір күнде өтті. 2017 жылы Констиуцияға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде Түркияда президент әрі мемлекет басшысының әрі үкімет жетекшісінің құзыретін иелене алды. Президент сайлауында Режеп Тайып Ердоған 52 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Ал оның Әділеттілік және даму партиясы парламенттегі 600 орынның жартысына жуығын иеленді (291 орын). Бұл Ердоғанның Түркияны авторитарлық мемлекетке айналдыруының басы емес, аяғы да болмауы мүмкін. 

28 қарашада Грузияда президент сайлауының екінші туры өтті. Елдің бұрынғы сыртқы істер министрі, Францияда туып-өскен грузин, қос азаматтығы бар Саломе Зурабишвили жеңіске жетті. Оның инаугурациясы 16 желтоқсанда өтті. Зурабишвили бұрынғы президент Саакашвили салдырған президент резиденциясынан бас тартты. Таққа отырмай жатып-ақ Ресейге қырын қарайтынын мәлім етті. Қазір Грузия мен Ресей арасында шешілмеген мәселе көп.  Бір аяғымен Ресейде, бір аяғымен Грузияда тұрған Оңтүстік Осетияның ендігі тағдырын Зурабишвили шешіп бере ала ма?. 

Биыл Финляндияда өткен президент сайлауында Саули Ниинистё 62 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Чехияда Милош Земан 51 пайызбен жеңіске жетті. Мемлкет басшыларының сайлауы Оңтүстік Африка Республикасында, Мысырда, Черногорияда, Словенияда, Бразилияда өтті. 

Жаңа президенттердің ешқайсысы 90 пайыз дауыс ала алмады.   

"Рейтинг" газеті


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ержан Максим ресейліктерді талантымен тәнті етті
  • Назарбаевтың жиені Меккеде мұсылмандық парызын өтеп жүр (видео)
  • Әбдіжаппар Әлқожа қазақтың баласы екенін айтып, кешірім сұрады (видео)
  • Атаулы әлеуметтік көмек қалай беріледі?
  • Қазақстанда бірнеше министрліктің сайты жұмысын тоқтатады
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: