Семіздік ғаламдық мәселеге айналды

Oinet.kz 14-12-2023 207

Семіздік ауруы мүгедектік пен өлімге бастап алып барар артериалды қан қысымы, жүрек-қан тамырлары аурулары, ишемиялық аурулар, қант диабеті, эндокриндік аурулардың алғашқы сатысы болып табылады.

семіздік.jpg

Нашар тамақтану адам иммунитетін әлсіретеді, физикалық және психикалық дамуды тежейді, өмір белсенділігін азайтады.   Семiздік денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді. Оған қоса, артық салмағы бар адамдар ауыр психологиялық қиындықтарға душар болады. Өйткенi бiздiң қоғам сымбаттылық пен арықтықты бағалайды. Бұл әсiресе әйелдер мен жасөспiрiмдерге қиынға соғады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының  мәліметтеріне сенер болсақ,   дүниежүзінің 18 жастан асқан тұрғындарының үштен бір бөлігінде  артық салмағы бар екені анықталған. 2035 жылға дейінгі аралықта семіздікке шалдыққан мектеп жасындағы балалардың саны 61 пайызға, қыздардың саны 75 пайызға көбейді деген болжам бар.   

Семіздік дертіне шалдыққан аяғы ауыр әйелдердің жатырындағы балада ақаулар байқалған, оларда жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті дертімен дүниеге келу қаупі көп. Семіздік дертіне шалдыққан аяғы ауыр әйелдер жүктілік кезеңі мен босанғаннан кейінгі мерзімде дерті асқыну қаупі зор топқа кіреді. Семіздік жатырдағы баланың дамуы мен зат алмасу, жүрек-қан тамырлары жүйесінің дамуын тежейді, дүниеге келген бала семіздік ауруына тез шалдығады. Ғылыми-тәжірибелік зерттеулерге сәйкес, семіздік – ана мен бала өлімінің негізгі себептерінің бірі.  

Семіздік – дене салмағының өсуімен, дененің әр жерінде май жиналуымен жүретін  май  алмасуының бұзылуымен кейіннен асқынуға алып келетін қиын созылмалы бұзылыс. Семіздік тек косметикалық ақау емес. Ең алдымен бұл ауру. Кез келген ауру түрлері сияқты семіздіктен туындаған асқынушылықтарды жойғаннан гөрі алдын алу оңайырақ.

Теориялық жағынан, кез келген адам семіздікке ұшырайды. Бірақ семіздікке шалдығу қаупі жоғары және басқаларға қарағанда ауыр өтетін адамдар тобы бар. Олардың ішінде - тұқым қуалаушылық жолымен берілуі мүмкін ата-анасының, туыстарының біреуі немесе екеуі де дене салмағының жоғарылауымен зардап шегетін адамдар, сонымен қатар  аз қозғалысты өмір сүру салтын ұстанатындар бар.  Тез дайын болатын өнімдерді (фаст-фудтар, тез әзірленетін кеспелер, гамбургер, донер және т.б.) шамадан тыс тұтынуды әдетке айгалдырғандар мен  эндокриндік жүйенің, асқазан-ішек жолдарының ауруларынан зардап шегетіндер де осы ауруға жиі  шалдығады.  

Семіздік әрқашан ағзаның жұмысын тежейді: жүрек жұмысы ауырлайды, қан айналымы бұзылады, демікпе пайда болып, адам тез шаршайды, инфекциялардан қорғанысы әлсірейді.

Дәрігерлер аяғы ауыр әйелдер мен кішкентай балаларға арықтауға рұқсат бермейді. Әдетте балалар дене қимылының аздығынан семіреді. Дұрысы, томпақ балақайдың бойы салмағын «қуып жеткенше» бір қалыпта ұстауға тырысу керек.

Семіздіктің алдын алу үшін  салауатты өмір салтын ұстану,  спортпен шұғылдану және - көкөніс пен жемістерді көбірек жеу қажет. Артық салмақ қосқаныңызды байқаған сәттен бастап, спорт және қауіпсіз диетаның көмегімен арықтауға тырысу керек. Егер әсері болмаса, дәрігерге қаралаңыз.

Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасы

Осы себепті сәбилер науқас болып туылып жатыр
Ажар Ғиният отставкаға кете ме? Министрлік түсіндірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу