Сайрамда республикалық «Жаңа Қазақстанды жырлайық» атты аламан айтыс өтті
ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында Сайрам ауданында Сайрам ауданы әкімдігінің қолдауымен «Жаңа Қазақстанды жырлайық» атты аламан айтыс өтті. Ақындар айтысын аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев ашып, ақын, жыршы, халықаралық термешілер одағының мүшесі Бекмұрат Анарбаев жүргізіп отырды.
Айтысқа ҚР мәдениет қайраткері, ақын композитор, ұстаз, ҚР айтыс ақындары мен жыршы-термешілер қоғамының Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша төрағасы Әбдіхалық Әбдірайымов, айтыскер, ақын, ұстаз, халықаралық, республикалық айтыстардың жүлдегері Карима Оралова, ақын, Сайрам аудандық «Мәртөбе» газетінің редакторы Нұрғиса Төремұратов қазылық етті.
Боямасыз өмірді қара өлеңмен жеткізген сөз шеберлері көрерменге салмақты ой салып, жырға шөлдеген елді сөз құдіретімен сусындатты. Азулы ақындар Тәуелсіздігіміздің жетістіктерін жырлап, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Азулы ақындардың аламан додасының жабылу салтанатында Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Бахытбек Хасанов айтыс өнерін дәріптеп жүрген айтыскер ақындарды марапаттап, қаржылай сыйлық табыс етті. Сонымен қатар қазылар алқасына және модератор жүргізушіге аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтің арнайы алғыс хатын табыс етті.
Тартысты доданың бас бәйгесін шымкенттік дүлділ ақын Біржан Байтуов иеленіп, 1 000 000 теңгені қанжығасына байлады. Жүлделі I орынға сайрамдық ақын Мейірхан Тұрсынбаев лайық деп танылып, 500 000 теңге қаржылай сыйлық табысталды. II орын Шымкенттің намысын қорғаған Нұрлан Есенқұловқа бұйырып, 400 000 теңге қаржылай сыйлық берілді. III орынды Бәйдібек ауданынан Нұрлыбек Мейірманов пен Қызылорда облысынан Нұрмат Мансұров алып, 300 000 теңге иеленді.
Майлықожа, Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова, Құлыншақ Кемелұлы, Көпбай Омаров атындағы арнайы жүлделерімен Есет Досалы (Тараз), Қажымұқан Абзалов (Шымкент), Мейржан Жақып (Отырар), Бекарыс Рахматуллаев (Төлеби) және Жандос Мырзабеков (Сайрам) марапатталып, ақындарға 150 000 теңге қаржылай сыйақы табысталды.